Дәрігерлерді құрметтегенің — ел денсаулығын ойлағаның

 

Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Мақат ауданында өткізілген көшпелі жиналыста білім беру мен денсаулық  сақтау мәселелеріне баса назар аударып, сөз сөйледі. Аймақ басшысы шақырылған дәрігерлерге қолайлы жағдай жасалуы керектігін айтты. Сондай-ақ жұмыс сапары барысында аудандық емхана жанынан ашылған оңалту орталығы мен 2017 жылы жөндеуден өткен балалар кітапханасын аралап көрді. Балалар кітапханасының кітап қорында  12 265 кітап бар, кітапханаға 1475 оқырман тіркелген.

Облыс әкімі денсаулық сақтау мен білім беруге қатысты мәселелер бойынша өткізген көшпелі мәжілісте жауапты адамдарға нақты тапсырмалар берді.

— Бұл бағытта  аралық қорытындылармен қанағаттанбай,  көрсеткішті нөлге жеткізуіміз керек. Босанған ана мен баланың өмірі жүктіліктің алғашқы айынан бастап дәрігерлердің қарауында болуы тиіс. Мамандарыңызбен жұмыс жүргізіңіздер, аналардың жағдайын бақылауда ұстап,  қажет шараларды уақытында қабылдаулары керек. Халық бізден дер кезінде көрсетілетін кәсіби медициналық көмек күтеді, солай жасауға  міндеттіміз, — деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.

— Шақырылған мамандарға қолайлы жағдай жасауымыз керек. Қызметтік және жалға берілетін тұрғын үй берудің механизмдері бар. Мамандарға  үй алудың мүмкіндіктері мен тәртібін  түсіндіруге тиіспіз. Барлық жауапты адамдарға осы мәселені шешуді тапсырамын, — деді өңір басшысы.

Өткен 2017  жылы аймақта 8  жаңа мектеп ғимараты пайдалануға берілді, биыл 9  мектептің құрылысы жалғасуда. Жаңадан салынуға тиісті 34  жалпы білім беру мекемесінің жобалау-сметалық құжаттамасы дайындалуда.

2018 жылы жаңа модификация бөлмелерін жабдықтауға,  интерактивті тақта алуға, жарақтандырылған робототехника бөлмелерін ашуға 1,3 млрд теңге қаржы бөлу жоспарланып отыр. Облыс әкімі жауапты адамдарға осы бағыттағы жұмыстарды сапалы, уақытында, жауапкершілікпен атқаруды тапсырды. Аймақ басшысы сондай-ақ «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалында азаматтарды қабылдап,  Мақат ауданының әкімі Берікқали Сәрсенғалиевтің жылдық есеп беру жиналысына қатысты.

 Светлана Муньянова,

                                                                                                 Атырау облысы

                                                                                                 Мақат ауданы

 

 

(11)