БІР ТОП ҰСТАЗ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев жұмыс сапарымен Маңғыстау облысына келді. ¤Министр Шахмардан Есенов атындағы университетті аралады. Жоғары білікті ұстаздармен, профессорлық құраммен және студенттермен кездесіп, Елбасы Жолдауындағы міндеттердің маңыздылығын түсіндірді. Сондай-ақ, еліміздің бас педагогы университет ұстаздарына берілген үйдің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.

¤Университет ұстаздарына арналған баспана 32 «А» шағын ауданда орналасқан. 75 пәтерлік. Жоба құны — 550 млн. теңге. Үй құрылысы жоғары оқу орнының бюджеті есебінен салынған. Еліміздің бас ұстазы қатысқан шарада 10 педагог пәтер кілтін алды.

— ¤Облыс бойынша өткен жылы 1300 ұстазға үй мәселесін шешіп берген болатынбыз. Бұл — Қазақстанның болашақтары тәрбиеленетін жер. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында педагогтар алдында білім беру мен ғылымды дамыту бойынша нақты міндеттер қойылғаны баршамызға мәлім. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында алғаш рет облыстағы барлық білім беру ұйымдарында «Жасыл мектебім — жасыл мекенім» атты жобасын іске қостық. Жоба аясында кезең-кезеңімен барлық мектептерде жылыжайлар салынып, мектеп аулалары көгалдандырылатын болады. Аймақтың климаттық ерекшелігіне байланысты қолға алынып отырған бұл жоба  меценаттар тарапынан қолдау тапты, — деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.

— ¤2019 жылы нөлінші сынып оқушыларына, атап айтқанда, 400 мыңға жуық балаға жаңа кітап басып шығарамыз. Егер латын қарпіндегі ережелер дайын болса, жасап береміз. Елбасы Жолдауындағы көрсетілген міндеттердің арасында білім саласына арналған бірқатар тапсырма бар. Әрине, оның бәрін ұйымдастырып, орындау үшін ұстаздардың мәртебесін көтеру керек. Міне, бүгін де оларға көрсетілген қамқорлық пен ілтипаттың куәгері болып отырмыз. Жаңа қонысты болған ұстаздарды  министрліктің атынан құттықтаймын! Шаңырақтарыңыз шаттыққа толсын! — деді құттықтау сөзінде ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев.

 

Айман Нұрмағанбет

 

 

(7)