mm
Халықаралық "Қазақстан-Zaman" қоғамдық-саяси газетінің журналисі. Отбасы, білім, мәдениет-өнер бөлімдеріне жауапты.

Айуандық іс

   Сейсекүл апай қайтыс болыпты деген суық хабар ауылға тез тарады.

— Кеше ғана аман-есен жүр еді ғой. Неден қайтыс болыпты? — дегендерге білетіндер «баласы өлтіріпті» дейді.

— Оо, Құдай, онысы несі, жап-жақсы жігіт сияқты еді ғой?..  — десе, енді бірі «соңғы бір-екі жылда қатты ішіп кетті ғой. Жұмысынан босап, әйел бала-шағасы кетіп қалған соң, ішпегенде қайтеді. Анаша да тартады екен деп еститінбіз. Милиция келіп, баласын алып кетіпті. Анасын өлтіргенін мойындапты», — деген әңгіме ауыл арасында гуілдеп кетті. «Өлтіргені былай тұрсын, басқа нәрсе де істепті», — деп әйелдер бетін басса, еркектер бастарын шайқайды. Бір күннен соң жерлеу рәсіміне аудан, облыс басшылары, көптеген үлкен кісілер келіп, қабір басында, қонақасын бергенде Сейсекүл апай туралы көптеген жақсы сөздер айтылды. Сейсекүлдің адамгершілігі, іскерлігі, елге сіңірген еңбегі, елдің құрметі жайында әңгіме етті. Күйеуі де жақсы адам еді. Соғыстан оралмады ғой. Жақан майданға кеткенде осы баласы екіден жаңа асқан кезі еді. Сейсекүл болса ауылсоветте хатшы еді. Ауылсоветтің төрағасы майданға кеткен соң, Сейсекүл соның орнына қалды. Соғыстың қызған кезінде әскерге шақырылған колхоз бастығының орнына сайланды. Бүкіл ел «Отан үшін, жеңіс үшін» деген ұранмен еңбек етті. Ауылда қалған қыз-келіншектер мен кәрі-құртаң шал-кемпірлер мал бақты, егін екті, қызылша өсірді. Сейсекүлдің іскерлігінің арқасында колхозшылар жыл сайын мол табысқа жетті. Бас қолбасшы Сталиннен бірнеше рет алғыс хат алды. Жоғарғы жетістіктері үшін орден, медальдармен марапатталды.

Соғыс аяқталған соң, Сейсекүлді аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары етіп бекітті. Жұмыс қиын, жауапкершілігі де жоғары. Жетіспеушілік. Соғыстан кейін халықтың жағдайы да мәз емес. Күн-түн демей еңбек етті. Баласы да ержетіп қалған. Оның да оқуын қадағалау керек. Бірақ әйтеуір біреуден кейін, біреуден жоғары, не ішем, не кием деген жоқ. Соғыстан қайтқан көп жігіттер сөз айтты. Балам бар ғой деп келіспеді.

«Басың жас, саған тұрмысқа шығу керек. Ұл-қыз табуың керек қой» деген абысын-жеңгелеріне:

— Баламды біреуге жаутаңдатып қоятын жайым жоқ. Жақан өлді деген қара қағаз келген жоқ. Қазір өлді дегендердің біразы келіп жатыр ғой. Бірі тұтқыннан босап, енді бірі түрмеден босап келуде. Менің де Жақаным келіп қалар. «Баламды біреуге телміртіп, өзің байға тиіп кетіпсің ғой» десе, не деймін, күтемін күйеуімді, — деп жауап беретін.

Жұмысына жоғары жауапкершілікпен қарайтын, тиянақты, елдің тілін табатын Сейсекүлді аудандық партия комитетіне хатшылыққа сайлады. Ауданның әлеуметтік, мәдени-білім ісіне жауапты қызмет бұрынғыдан да қиындай түсті. Зыр жүгіріп, тыным таппай, абыроймен жұмысын атқарды. Бүкіл аудан емес, облыс басшылары да Сейсекүлді сыйлайтын. Тәртіпті, тиянақты, өз ісіне адал, елді жұмылдыра білетін, тілін табатын. Үлкенді үлкендей, кішіні кішідей силайтын. Артық сөзі жоқ, менменсімей, қызметім жоғары деп кеудесін көтермей, үлкен-кішінің тілін табатын. «Сейсекүлдің алдында ұятқа қалмайық», — деуші еді мекеме, ұйым басшылары.

Баласы оқуын бітіп, Алматыға Абай атындағы пединститутқа түсіп, студент атанды. Баласы институттың соңғы курсында оқып жүргенде демалыста үйге келіп: «Апа, рұқсат берсеңіз, үйленейін деп едім», — деген-ді. «Рұқсат, айналайын. Менің де көптен күткенім осы еді. Әкең болғанда қандай қуанар еді. Немере сүю менің де арманым. Қызың қай жердікі?» — деп сұрады. «Әлия осы көрші ауылдан, бірге оқимыз. Қаласаңыз, ертең әкеліп таныстырайын», — деді баласы. «Онда мен ертең жұмысқа бармай дайындалайын», — деп, азаннан тұрып тоқашын пісіріп, қазанға ет салып, үйін жинап күтіп отырды. Бір уақытта баласы келіп:

— Апа, міне, Әлиямен танысыңыз, — дегенде, есіктен бір қыз имене кірді. Әдемі, қараторының сұлуы, нәзік, үлбіреп тұр, екі көзі ботадай мөлдіреген қыз екен.

— Кел, айналайын, — деп маңдайынан сүйді. — Әке-шешең бар ма? — деп сұраған Сейсекүлге қыз ақырын ғана: «Әке-шешем бар, папам мал дәрігері, анам ауруханада медбике, үйде үлкен апам бар», — деді. Қыз Сейсекүлге ұнады.

Баласына тойды қашан жасаймыз деп еді, «Жақында диплом аламыз. Екеуміз де осы мектепке орналасатын болып жолдама алдық. Келген соң жасайық», — деді баласы.

Сейсекүл барын салып, тойды ұлан-асыр қылып өткізді. Үйдің де сәні кіріп қалды. Ауыл адамдары қызыға да, қызғана да қарайтын үлгілі отбасы болды. Бір жылдан соң өмірге немере ұл келді. Сейсекүлде қуанғаннан ес жоқ. Келіннің асты-үстіне түсіп әлек. Ел мақтайтындай шілдехана тойын өткізді.

— Арманым жоқ. Әттең, әкең көргенде қандай қуанар еді! Бұған да шүкіршілік. Әкеңнің үйінің түтінін түтететін келіні бар, атын шығаратын, өмірін жалғастыратын немересі бар. Мен ризамын бұл өмірге! — деп толғанды.

Екі-үш жылдан соң Сейсекүл Қазақстанның дербес зейнеткері деген атақпен зейнетке шықты. Баласы мектеп директоры болды. Өмірге тағы бір немере келді. Бақытты өмір сүріп жатты. Баласы ерте кетеді, кеш келеді. Неге кешіктің десе, мектептің жұмысымен жүрмін дейді. Байқайды, соңғы кезде келінінің көңілі пәс. Бұрынғыдай ашық-жарқын емес. Жымиып күліп тұратын, енді қабағы қатыңқы. Көп сөйлемейді. Үндемей жұмысын істеп, балаларына қарап, тұнжырап жүргені.

— Не болды, айналайын. Сені күйеуің не басқа біреу ренжітті ме? — десе,

— Жоқ, апа, әншейін басым ауырып жүргені, — деп қояды.

Жүрегі құрғыр бір нәрсені сезеді. Баласы да анда-санда үйге ішіп келіп жүр. Мұның не дегеніне «комиссия келіп еді, қонақтар болып еді» дейді. Дұрыс шығар, өзі де талай комиссияны күтіп, үйіне қондырып, барын алдына тосып, сыйлап еді ғой.

Бір күні аудандық партия комитеті Ұлы қазан мерекесі алдында шақыртқан екен. Сонда барып сый-сияпат көріп, медалін тағып, үйге оралғаны сол еді, кіре бергенде айқай-шудан тоқтап қалды.

                    Москау Ноқрабеков                                                                                                    (Жалғасы бар)

(28)