mm
Халықаралық "Қазақстан Заман" газетінің тілшілер қосыны бастығының орынбасары. ҚР "Ақпарат саласының үздігі"

«Әп-әдемі ән еді, Нұрлан шіркін қор етті-ау…»

Шымкенттегі әл-Фараби ауданының әкімі Бауыржан Қалжанов 2017 жылды қорытындылаған жиында  баяндамасын мемлекеттік тілде жасаймын деп, жергілікті бір тұрғынның  наразылығына тап болған еді. Әкімнің тым қазақшылығына ашуланған әлгі кісі: «Нұрсұлтан Әбішұлы әрқашан 2 тілде сөйлейді. Әкімдік мемлекеттік мекеме болып табылады. Құрметті аудан әкімі, сіз Конституцияның бір бабын бұздыңыз», — деп беттен алғанда, шарасыз күй кешкен Бауыржан Ахметәліұлын аяп кеткенбіз. Оған қамқор болады, сөзін сөйлейді деген Шымкент қаласы әкімі Нұрлан Сауранбаев керісінше,  өз әріптесін «тірсектен тістеп»  сын тезіне алып шапшығанын көргенде жағамызды ұстағанымыз  тағы рас. (Сөзіміз нақты болуы үшін, сол жолғы қала әкімінің сөзін қаз-қалпында беріп отырмыз). «Елбасы бізге пример де көрсетіп жатыр. Везде на всех мероприятиях должны вестись на двух языках. Вот вы Послание Жолдауды соңғы естідіңіз ғой? Два вопросты Елбасы қазақша айтты, екі вопросты орысша айтты. Поэтому в этом отношений доступность информации и Конституционная права они должны всегда соблюдаться. Поэтому Бауыржан 10 балный система, саған… сізге бәрі солай деді. Бірақ мына жағынан я думаю есть вопросы которые… Баяндама жасағанда тағы да ішінде или дополнение обязательно нетіп неғылыңдар. Ол жағынан я думаю правильное замечание от жителя города была. Поэтому эти вопросы я думаю что надо обязательно соблюдать».

Бұған не деуге болады? Шырайлы Шымкентте қазақтың тілі тап осылай масқара болса, өзге өңірлерге не жорық?! Егер мұны рухы жаншылмаған, кеудесі басылмаған  ата-бабамыз көргенде: «Сенген сиырым сен болсаң, күйсегеніңді ұрайын» деп бір-ақ ауыз сөзбен түйреп тастар еді-ау…

Әкімдер мемлекеттік қызметкерлер санатына жататындықтан, олардың әр ісі мен сөзі халыққа үлгі. Елбасы саясатын жеріне жеткізе, терең толғап түсіндіре алу да олардың міндеті. Алайда  Елбасы сенім артқан әкім-қаралар бұл мүддеден шығып жүр деп айту қиын.

Жоғарыда жазғанымыздай,  21 қаңтар күні Шымкент қаласының әкімі Нұрлан Сауранбаев Президент үнемі екі тілде сөйлеп, бізге «живой пример көрсетеді» дегенді неге сүйеніп  айтқанын өзі аңғармай қалған сияқты. Қызбалық па, аңғалдық па?  Әлде  «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» дегеннің кебі ме?!  Егер оның бұл сөзі Ақордаға жетсе, ешкім оның маңдайынан сипамасы анық. Өйткені  БҰҰ секілді биік мінберден ҚР Президенті қазақ тілінде екі рет баяндама жасағаны еріккеннің ермегі ме? Тіпті Елбасының «Қазақ пен қазақ, өз ана тіліңде сөйлес», «Тәуелсіздік алғалы бері шын ниеттенсе, аю да қазақ тілін үйреніп алатын еді» секілді ел аузында  жүрген  жалынды сөздерін қайда қоямыз?

Ол аз десеңіз, Президенттен кейінгі екінші адам, Сенат төрағасы Қасымжомарт Тоқаевтың аз жылда ана тіліне әбден төселіп, Сенат отырыстарын ылғи да қазақша жүргізетіні Елбасы саясатына қарсылық па сонда?

(9)