mm
Халықаралық "Қазақстан Заман" газетінің тілшілер қосыны бастығының орынбасары. ҚР "Ақпарат саласының үздігі"

«СОТҚА ДЕГЕН РЕНІШ БИЛІККЕ ДЕГЕН АШУДЫ ТУҒЫЗАДЫ»

деді ашына сөйлеп сот төрағасы Жақып Асанов

Астанада өткен Жоғарғы соттың 2017 жылғы қорытынды жиынында Жоғары сот төрағасы Жақып Асанов ағынан жарылып, «Тура биде туған жоқ» принципін ұстанатынын аңғартты. Әсіресе көптің көкейіндегі күдікті ойларды дөп басқаны халықтың көңілінен шыққаны анық. Мысалы,   соттардың жеке өмірі туралы, олардың құда-жекжаттары мен бала-шағаларының тұрмысы жайлы ел-жұрт беске білетінін Сот төрағасы ашық айтты. Бұл, әрине, ешкімге жасырын емес жайт.  Міне, осының салдарынан «бармақ басты, көз қысты» әрекеттер жиі қайталанып, көңілжықпастық салқыны сот жүйесінің босаңсуына апарып соғып жатқаны өтірік пе? Осыдан арылу керектігін тілге тиек еткен Төраға «үй артында кісі барын» өз әріптестеріне жеткізгендей болды. Әділдік жеңіп шығуы үшін, әр адам соттағы тамыр-танысына емес, өзіне, арына, ұятына сенуі керектігі әр сөздің астарында мен мұндалап жатты.

Сот актілерінің қазақшасын өзіміз де түсінбейміз

Содан кейінгі бір сөз сот актісінің тілі мен стилистикасы жайында өрбіді. Бұл да көпті жиі мазалап жүрген сыздауық-ой. «Сот актісі — судьялардың құзыреттілігінің белгісі. Жоғарғы сот судьясы маған актілердің көбі көлемді, күрделі анықтамалармен толтырылғанын, ал құрғақ стилистика болса, адамның сотта не үшін жеңілгенін түсінуге мүмкіндік бермейтінін жазды. Тіпті Жоғарғы сот судьялары бірінші кезекте «Судьяның не айтқысы келгенін, не үшін мұндай шешім шығарғанын біз түсінбейміз» деп айтады», — деді Жақып Асанов.

Бұл құптарлық әңгіме, әрине. Сот актісінің тілі азаматтарға түсінікті болуы тиіс қой. Құнарлы, тілге бай деп әспеттейтін қазақ тілінің кей сот шешімдерінде қолданысқа түспейтіні айдай әлемге мәшһүр. «Біздің өзіміз қиналғанда, оқып ештеңе түсінбейміз. Сонда қарапайым адамдар туралы не айтуға болады? Сот актілері іс жүргізу тілімен жазылады. Бұл тілді аудару керек. Сот актісі — судьялардың тәжі секілді, зор күш-жігері мен эмоциясының, қаржының нәтижесі. Сол себепті сот актісі бәріне бірдей түсінікті болуы тиіс. Өйткені біз адамдар үшін жасаймыз, адамдар үшін шығарамыз», — деді Жақып Асанов. Дұрыс қой. Құптарлық қадам!

Бұл жерде нақтыланбағаны: қай тілге аударылатыны ғана. Егер орыс тіліне ыңғайландырып жасалса, қазақ тілі тағы да шетқақпай қалып қоймай ма деген қауіп бар.

Жиында Асанов барынша ашық болу керектігін және халықтың көңілінен шығу жолдарын да айтты.

«Біз өзіміздің проблемамызды, кемшіліктерімізді жасырмай жеткізе білсек, қоғам біздің қызметіміздің қыр-сырын жақсы білетін болады. Ал енді қоғам жұмысымыздың қыр-сырын білген сайын, судьяларға деген  талап өседі. Бұл түбінде бізге нені береді? Қоғам білгеннен кейін, біздің әр қадамымыз, сөзіміз жұрттың бақылауында болады. Олардың бақылауында болғаннан кейін, әрбір судья, әрбір сот төрағасы жұмысын жақсартуға, кемшілігін жоюға ұмтылады», — деді нақтылап.

Жоғарғы сот төрағасының ең есте қалар сөзі — елінің сотына сенбейтін жұрттың ұйқысы тыныш болмайтыны жайлы тебіренген сәті. Өйткені қалың елдің ішінде сот ісіне көңілі толмайтын, жүздеген, тіпті мыңдаған адам жүр. Кез келген Қазақстан азаматы заңы үстемдік құрған елде өмір сүргісі келетіні анық.  Осыны терең сезінген Жоғары сот төрағасы: «Сотына сенген ел өзінің келешегіне сенеді, балаларына алаңдамайды, мемлекетті сыйлайды, кәсібін уайымсыз жасайды, тәртіпке бас иеді», — деп түйінді ойды ширатып жіберді.

 

(8)