mm
Халықаралық "Қазақстан Заман" газетінің тілшілер қосыны бастығының орынбасары. ҚР "Ақпарат саласының үздігі"

Нұрлан Нығматулин: «Рақмет, жарайсың, Наринэ Гамлетовна!»  

Бәрекелді!

Тағы бір дәлел келтірейік.  Елбасының сенімді адамдарының бірі, Парламент Мәжілісінің спикері  Нұрлан Нығматулин де  Шымкент әкімі сынды пасық ойдан аулақ секілді. 24 қаңтар күні өткен Мәжілістің жалпы отырысында қазақша баяндама жасаған депутатты мақтап, биліктегі «шала қазақтарға» оны үлгі еткенін барша қазақ жұрты көрді және естіді.  Егер Ел Президентінің ана тіліне деген ұстанымын, оған деген құрметін білмесе, көрмесе, заң шығарушы органның тізгінін ұстап отырған Нұрлан Зайроллаұлы мұндай қадамға бармас еді.

Бірді айтып, бірге кете бердік-ау,   мәжілісте спикердің ықыласына бөленген  депутат Наринэ Микаелян  Гамлетқызы болатын.  Ол «Қазақстан Республикасы мен Вьетнам Социалистік Республикасы арасындағы ұстап беру туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша қосымша баяндамасын бастан-аяқ қазақша жасап шықты. Микаелянның баяндамасын ерекше ризашылықпен, мұқият тыңдаған мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин: «Рахмет. Жарайсың, Наринэ Гамлетовна!» — деді. Төрағаның бұл сөзіне депутаттар дуылдата қол соғып, қолдау көрсетті. (Әйтседе көп өтпей, көңілжықпас алаш ұлдары «үйреншікті әндеріне басып» ресми тілде депутаттық сауал жолдап жатты).  Осы кезде спикер: «Меніңше, көптеген азаматтарға жақсы үлгі көрсетті. Әсіресе сол жақта отырғандарға», — деді зілді үнмен.

Сол жақта заң жобасы бойынша депутаттардың алдында баяндама жасап, олардың сұрақтарына жауап беретін мемлекеттік органдардың өкілдері отырған болатын.   Мысалы, архив ісі мәселелері туралы заң жобасы бойынша Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы баяндамасын толық дерлік орыс тілінде жасады. Мәдениетіміз осылай жүрісінен жаңалып жатса, әттеген-айдан басқа не айтуға болады? Бұдан бөлек бірқатар министрліктің лауазымды тұлғалары қазақша қойылған сұрақтарға ресми тілде жауап бергенін Мәжіліс төрағасы Нығматулин ерсі көргені сөзінен аңғарылып тұр емес пе?

Сөз соңында айтқымыз келгені: Елбасы ешқашан екі тілде сөйлеңдер деп әмір еткен емес. Айыр тіл жылында ғана бар (Шерхан Мұртаза). Себебі Хрущев дәуірін көріп, оның әпербақан саясатын сынаған Нұрсұлтан Әбішұлы, екі тілділіктің зардабын терең сезінген кісі.   Егер екі тілде сөйлеуді бұйырса, еліміздегі қазақ тілін сызбайтындар қандай күйге түспек? Мұны ойлаған кім бар?  Жалпы, биліктегі  атқамінерлер Елбасыға жағамын деп, оның саясатын бұрмалап, сөзін жұлмалап, өздерінше «тәпсірлеп» көсемсіп сөйлегенді қоюы керек. Әйтпесе, «Әп-әдемі ән еді, пұшық шіркін қор етті-ау» дейтін күн алыс емес!

(7)