mm
«Бақ пен сор», «Біздің ауылдың адамдары», «Тәу етем саған, туған жер», «Шың мен шыңырау» атты кітаптардың авторы. Халықаралық «Қазақстан-Заман» газетінің экономика, спорт, туризм бөлімдерінің меңгерушісі.

Міндетті медициналық сақтандыру жүйесі жөнінде оқырмандар сауалына мамандар жауап береді

Сұраңыз, жауап береміз

  Сауал: «Міндетті медициналық сақтандыру туралы» заң жобасы аясында оған нақты қандай өзгеріс енгізілді? Жарнаны кімдер қалай, қанша төлейді?

Жауап: «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» АҚ төрайымы Елена Бахмутова: «Ең алдымен жарна төлемдері қайта қарастырылды. «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» қолданыстағы заңға сәйкес, мемлекеттік жарна 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап соңғы екі жылдағы орташа айлық жалақының 4 пайызын құрайды, ал 2024 жылы 7 пайызға дейін өседі. Жұмыс берушінің қол астындағы қызметкерге төлейтін жалақы шығынының мөлшері де сәйкесінше 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап 2 пайыз, ал 2020 жылы 5 пайыз көбейеді. «Өзін-өзі жұмыспен қамтитын халықтың жарналары 2017 жылдан бастап ең төмен деңгейдегі бір жалақы және санатқа байланысты барлық табыс түрлері мөлшерінің 2 пайызын, 2020 жылы 7 пайызын құрайды. Жұмысшылардың жарналары 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ай сайынғы жалақының 1 пайызын, 2020 жылы 2 пайызды құрайды», — деп жауап береді.  Жаңа заң аясында 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап халықтың әлеуметтік қорғалмаған тобына мемлекет 3,75 пайыз, 2018 жылдан бастап 4 пайыз, 2023 жылдан бастап 6 пайыз қаржы бөледі. Жұмыс берушілердің жұмысшыларға бөлетін жарналарының көлемі 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап 1 пайызға теңелетін болса, 2022 жылдан бастап көрсеткіш 3 пайызға дейін көбейеді. Бұл ретте жеке кәсіпкерлер, жекеменшік нотариустар, жекеменшік сот үкімін орындаушылар, адвокаттар, кәсіби медиаторлар, азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшарттар негізінде қорға төленуге тиіс ақша табатын жеке тұлғалардың жарнасы 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап 5 пайыз болады. Қазіргі  қолданыстағы заңға сәйкес, жарна төлеушілердің қатарында мемлекет, жұмысшы, жеке кәсіпкер, жекеменшік нотариус, жекеменшік сот үкімін орындаушы, адвокат, кәсіби медиатор және азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшарт негізінде қорға төленуге тиіс ақша табатын жеке тұлға бар. Заң жобасында халықаралық және мемлекеттік ұйымдарда, шетелдік және үкіметтік емес ұйымдарда, қорларда жұмыс істейтін (халықаралық келісімшарттарға сәйкес салық агенттері саналмайтын) тұлғаларды міндетті медициналық сақтандыру жарнасын төлейтіндердің қатарына қосу қарастырылып отыр. Олар 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап есептелген кірістің 5 пайызын төлейді. Ал өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандар мен ел аумағынан шыққан азаматтар 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 1 айлық жалақының 5 пайызын төлейді. Қоғам болған соң, көмекке мұқтаж топтардың болатыны заңдылық. Бұл ретте мемлекет қолданыстағы заңға сәйкес өз есебінен азаматтардың 12 санатына қаржы бөледі. Бірақ мұның да тізімін кеңейту қарастырылып отыр.

Сауал: Мемлекет кімдерге төлейді? Жарна төлеуден қандай тұлғалар босатылады?

Жауап: Қазіргі уақытта кішкентай бала; «Алтын алқа», «Күміс алқа» белгілерімен марапатталған немесе оған дейін «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерін иеленген көп балалы ана; Ұлы Отан соғысына қатысушы және мүгедек; мүгедек; жұмыссыз ретінде тіркелген тұлға; интернатта оқып, тәрбиеленетін тұлға; орта, техникалық және кәсіптік білім, орта білімнен кейінгі, жоғары білім, сонымен бірге резидентура түріндегі ЖОО кейінгі білім беру ұйымдарында күндіз оқитын тұлға; бала туған, жаңа туған нәрестені асырап алған, 3 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты демалыстағы тұлға; жұмыс істемейтін жүкті әйел, сонымен бірге 3 жасқа дейінгі бала тәрбиелеу ісімен айналысатын жұмыссыз тұлға; зейнеткер; жазасын өтеуші; уақытша оқшаулау орындарында және тергеу изоляторларында отырған тұлғаға мемлекет төлейді. Сонымен қатар әскери қызметкер, арнайы мемлекеттік орган, құқық қорғау органдарының қызметкері жарна төлеуден босатылады. Бірақ оларға ведомстволық желі мекемелерінде медициналық қызмет көрсетіле береді. Қазіргі кезде мемлекет төлем жасайтын тұлғалар санатының тізімін кеңейтуді қарастыратын заң жобасы жасалды. Оның ішінде 18 жасқа дейінгі мүгедек балаға күтім жасайтын жұмыссыз тұлға; ЖОО, ТжКББ, ОББ мекемелерінің күндізгі бөлімін бітірген, сонымен қатар жоғары оқу орнынан кейінгі мекемені тамамдаған тұлға оқу мерзімі аяқталған айдан кейінгі 3 күнтізбелік айда жарна төлемінен босатылады. Жұмыссыз оралман да тіркелген күннен кейін 1 жыл бойы төлемейді. Шет мемлекеттің азаматын және ҚР аумағында тұрақты тұратын азаматтығы жоқ тұлғаны да босату қарастырылған.  Мамандар әскери қызметкерге, арнайы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкеріне, осы санаттағы зейнетақы төлемдерін алатын тұлғаға және олардың отбасы мүшелеріне медициналық көмек көрсету мәселесі реттеуді қажет ететінін айтады. Сала өкілдері оларға мемлекет есебінен медициналық көмек көрсетудің қолданыстағы механизмін сақтап қалуды ұсынады. «Қазіргі кезде қолданыстағы заңға сәйкес әскери қызметкер, арнайы мемлекеттік және құқық қорғау органы қызметкерінің отбасы мүшелері мемлекет жарна төлейтін тұлғалар тізіміне жатпайды. ҚР Заң жобасына сәйкес мемлекет жарна төлеуі үшін әскери қызметкер, арнайы мемлекеттік және құқық қорғау органы қызметкерінің отбасы мүшелерін жұмыссыздар есебінде тіркеудің жеңілдетілген тәртібін енгізу қарастырылған. Бұл тұлғалар санатына медициналық көмекті әскери-медициналық бөлімшелер мен денсаулық сақтау субъектілері көрсетеді. Санаториялық-шипажай қызметі қолданыстағы заңдағы тәртіппен мемлекет есебінен көрсетіледі.

Сауал: Қор жұмысы қалай ұйымдастырылады?

Жауап: Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов: «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жұмысын ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлінеді. Бұл денсаулық сақтау ресурстарын тиімді пайдалануды, белгіленген баға мөлшерін шығаруды, қызмет төлеуде бірыңғай ұстаным мен денсаулық сақтау жүйесінде қаржы тұрақтылығын күшейтуге ықпал етеді. Осыған байланысты заң актілеріне өзгеріс енгізілген. Яғни 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры бірыңғай төлеуші ретінде айқындалады. Соныман қатар қордың қаржыландыру түрлері мен көздерін нақтылауға және қаржы тұрақтылығын күшейтіп, активтердің қауіпсіздігіне назар аударылады. Тағы бір мәселе — дәрі-дәрмекпен қаматамасыз ету жағы да күн тәртібіндегі өзекті мәселе. «Еуразиялық экономикалық одақ туралы 2014 жылдың 14 қазанындағы заңмен ратификацияланған келісімшарттың 31-бабын орындау мақсатында халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, дәрілік зат пен медициналық өнімді қолдану саласындағы қызметті, сонымен бірге дәрілік зат пен медициналық өнімді жеткізудің этикалық нормаларын енгізуді, дәрілік затты шығару кезінде тиісті өндірістік тәжірибе талаптарын сақтамайтын жеке және заңды тұлғаларға фармацевтикалық қызметпен айналысуға рұқсат қағаз беруге тыйым салуды реттейтін тұжырымдамалық ережелерді қабылдау керек», — дейді Елжан Біртанов. Себебі ендігі кезекте сатып алу мен төлеудің бірыңғай тиімді ұстанымын және сапалы дәрілік затпен және медициналық өніммен қамтамасыз ету маңызды. Осыған байланысты 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап дәрілік зат пен фармацевтикалық қызметті алудың шығынын сатып алу мен төлеудің өкілеттіктерін айқындау көзделген. Бұл ретте «СК-Фармация» ЖШС әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры үшін фармацевтикалық қызмет көрсетудің бірыңғай жабдықтаушысы болмақ.

Сауал:  Әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесiне өту міндетті ме?

Жауап: Елбасының соңғы Жолдауында қойылған міндеттердің ішінде адами капитал да бар. Сонда Елбасы: «Денсаулық сақтау саласы халықтың, мемлекеттің және жұмыс берушінің ортақ жауапкершілігіне негізделген Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне кезең-кезеңмен көшетін болады», — деп атап көрсеткен. Осы мәселеге қатысты Астана қаласы бойынша «МӘМС» КЕАҚ филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров: «Елімізде денсаулық саласында енгізілген ең үлкен өзгерістердің бірі — міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі. Елбасының Жолдауында ақпараттық жүйелерді біріктіру, мобильдік цифрлық қосымшаларды қолдану, электрондық денсаулық паспортын енгізу, «қағаз қолданбайтын ауруханаға» көшу арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру қажеттілігіне аса ден қойылған. Осыған орай қор «МСҚ: Халықтық бақылау» мобильді қосымшасын іске қосты. Аталған қосымша еліміздегі ауруханалар мен емханалардың қызметін бағалауға мүмкіндік береді. Кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті қайта қаралады. Осы арадағы басты міндет — мемлекет үшін тиімділігі төмен әрі шығыны көп диспансерлік жүйеден бас тартып, оның орнына қашықтықтан диагностика жасау және амбулаторлық емдеу тәсілдерін пайдалану арқылы созылмалы сырқаттарды емдеу жүйесіне көшу. Алдағы екі жылда қор кепілдендірілген тегін медициналық көмек пен әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеттеріне енетін медициналық қызметтерді іріктеумен айналысуды көздеп отыр. Стационарлық көмектен профилактикаға және өзге де қызмет түрлеріне көшу — қор жұмысының басым міндеттерінің бірі. Елімізде статистика бойынша науқастардың басым бөлігі дәрігерге ауруы әбден асқынғаннан кейін қаралады. Осының салдарынан азаматтардың шығыны мен мемлекет қазынасынан бөлінетін қаражат бірнеше есе артады. Қор болашақта стационарды алмастыратын қызмет түрлерін көбейтуге бағытталған іс-шараларды жүзеге асырады. 2018 жылдан бастап кепілдендірілген тегін медициналық көмекке бөлінетін қаражаттың 5 пайызы осы қызмет түрлеріне жұмсалады. Аталған міндеттер дені сау ұлтты қалыптастыруға бағытталған Қор жұмысының алғышартына айналып отыр»,— дейді.

Дайындаған — Ермек Сахариев

 

(32)