mm
Халықаралық "Қазақстан Заман" газетінің тілшілер қосыны бастығының орынбасары. ҚР "Ақпарат саласының үздігі"

ДЕПУТАТ Н. САБИЛЬЯНОВ: «Аспанға қарап, жұлдызды санамаңыз, министр мырза!»

«Аспанға қараймын, жұлдызды санаймын» деген хит әнді естіген боларсыз. Соның әсері ме, біздің министрлер де қиялға ерік беріп, адамның ойына келмейтін баяндамалар жасауға кіріскен сыңайлы.  Денсаулық сақтау министрi Елжан Бiртанов «Денсаулық сақтау саласын цифрландыру» тақырыбындағы Үкiмет сағатында елге аспандағы айдай көрінетін жоспарларды кеңінен әңгімеледі. Тыңдап отырсақ, бәрі керемет. Бір-ақ күнде жұмақ орнап кететіндей кеп. Кез келген ауыл тұрғыны интернетке жүгініп, өзіне керекті мәліметті, құжатты, қағаз толтырмай-ақ ала салады. Оп-оңай!  Керек десеңіз, 2018 жылдың маусымында интеграциялық платформа, оның iшiнде электрондық денсаулық сақтау паспорты мен пациент кабинетiн пилот түрiнде енгiзу жоспарда тұр. Сенгің келмесе де, көңілді марқайтар жағымды жаңалық осындай-ақ болар. Әрине, көңілде күдік пен сенім итжығыс түсуде.

Қалың елдің жайынан хабары мол, кезі келгенде өткір айта білетін Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов министрдің баяндамасына риза еместігін ашық білдірді: «Министрдің баяндамасын тыңдадық. Маған министр ертегі айтып жатқан сияқты болды. Неге? Өйткені цифрландыру болу үшін денсаулық сақтау ұйымдарын, ауруханаларды, емханаларды біз жақсы, жоғары интернет байланысына қосуымыз керек. Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің дерегінше, ол 2022 жылы ғана жүзеге асады, қаражат болса. Сонда бұл цифрландыру кімге жүргізіледі? Мысалы, өңірлерді алып қарайтын болсақ, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан облыстарының денсаулық сақтау ұйымдары бар-жоғы 14 пен 43 пайыз деңгейінде ғана интернет желісіне қосылған екен. Сондықтан бірінші кезекте осыны шешуіміз керек. Құрметті министр! Сізге айтарым — аспанға қарап, жұлдызды санағаннан гөрі жердегі тіршілікке дұрыс көзбен қараған жөн секілді».

 

 

(42)