mm
Халықаралық "Қазақстан Заман" газетінің тілшілер қосыны бастығының орынбасары. ҚР "Ақпарат саласының үздігі"

Астанада сот 3,5 жылда 39 рет ауысқан

 

Иә, баяғы Мырқымбайлардың дәуірі өтті. Бүгінгі жұрт сауатты. Алайда адам тағдыры сынға түсетін қилы кезеңде сот үкімін ақшаның күшімен бұрмалау, әлі де болса қоғамда  «Күштінің арты диірмен тартады»  деген түсініктің жалауы желбіреп тұруы сан түрлі ойға жетелейтіні  рас. Бірақ төраға әділдіктің салтанат құруы үшін аянып жатпаған секілді. Соңғы 3,5 жылда Астанға жан-жақтан 39 сот ауысып келген. Соның уақыт өте 54 пайызы сынақтан сүрініп, жұмысқа жарамсыз болып қалыпты. Соттардың біліктілігін арттыру, тамыр-таныстықты жою үшін үміткерді таңдау жолы өзгеріпті. Сынақ тапсыруға келгенде еш жерде аты-жөні көрсетілмейді, тек штрих-код беріледі екен. Бұл, әрине, жағымды жаңалық.

Халықтың арасындағы түрлі пікірлерден құлағдар ма, әлде әлеуметтік желіні қадағалап отыра ма, төраға елдің ойын оқып, көңіліне тоқып жүрген адам сияқты мағыналы сөз айтты.

«Жалпы, мемлекеттік билікте соттың алатын орны ерекше. Жұрт сотқа соңғы үмітін арқалап келеді, әділдік сұрайды, ал егер көңілі толмаса, ол сотқа емес, бүкіл мемлекеттік билікке өкпелейді», — деді. Бұл енді ащы шындық. Қарапайым жұрттың ішінде сот жүйесіндегі келеңсіздіктерді биліктен көріп, ашу-ызасын әлеуметтік желіге жүктеп жүргендер аз ба?

Бұдан шығар жол бар ма? Бар көрінеді. Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов дауды бітіммен шешетін орындар құрып, оған медиаторларды, псиxологтарды, бұрынғы судьяларды тартуды ұсынды. «Бізде дауды тек сот шешеді деген қатып қалған көзқарас бар. Кейде басында ашумен сотқа жүгініп, кейін қатты кеткен жоқпын ба деп басылып, алдыма келсе шешу жолын іздер едім ғой деп өкініп жатамыз. Осындайда соттар бейбіт жолды көрсететін, тараптардың ұрыс-керіссіз бірін-бірі тыңдап, бір мәмілеге келуіне жағдай жасайтын алтын көпір болуы тиіс», — деп, келелі ойға тамыр жіберді. Ол мұнымен тоқтамады, сотпен бірге әкімдер, ассамблея, партия болып дауды сот көмегінсіз шешетін арнайы орган құруды ұсынды. «Қай кезде де сөзге тоқтаған xалықпыз ғой. Бітімнің, татуласудың бар пайдасын сүйегіне өтетіндей, жүрегіне жететіндей жылы сөздермен айтып үйренсек, онда қоғамда да шағым азаяды, жалпы аxуал жақсарады. Соттасып, тартысып, араздасып жүрген адамдарда қандай көңіл болсын», — деп бір қайырды.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні мынау.  Жоғарғы сот төрағасы небір тың идеяларды ортаға тастағанымен, Сот жүйесінде жаңа реформа жасауға талпынбайтынын былай жеткізді. «Елбасы бұл лауазымға тағайындағанда маған халықтың сотқа деген сенімін күшейтуді тапсырды. Сот әділ шешім шығарғанда және олардың құқықтары толықтай қорғалғанда ғана заң үстемдік құрады. Бұл туралы айтуға әлі ерте. Бұл менің емес, былтыр жазда айтқан Елбасының сөзі», — деді ол.

Алдағы жоспары туралы айтқанда, Жоғарғы Сот Төрағасы сот жүйесі — судьялардың VII съезінде берген Президенттің тапсырмасын, Жолдауда, Ұлт жоспарында, «Цифрлық Қазақстан» және «Рухани жаңғыру» бағдарламаларында көзделген міндеттер тұрғысынан жұмыс істейтіндігін еске салды.

Қазір 7 топ құрылып, 7 бағытта проблеманы шешуге кіріскен. Сот жүйесінің 7 тағаны: әділдік, жауапты және тәуелсіз сот, сот төрелігінің тиімділігі, әкімшілік әділет, тергеу соты, соттардың біліктілігі және цифрландыру. Айтпақшы, алдағы уақытта қағазбен жұмыс істеуден бірінші болып Сот төрағасы өзі бас тартпақшы.

(9)