ТӘРТІП – ХАЛЫҚТЫҢ ШАҒЫМДАРЫНА КӨҢІЛ БӨЛУДЕН БАСТАЛАДЫ

Облыстық әкімдікте Атырау облыстық ІІД басшысы Аян Дүйсембаев қоғамдық кеңес пен облыс активі алдында өткен жылы атқарған жұмыстарына есеп берді, – деп хабарлайды Атырау облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі.

Күн тәртібіне бейнебақылау жүйесін кеңейту мәселесі қойылды. Қазір облыста 758 бейнебақылау камерасы бар, оның 329-ы жөндеуде, 11-і жол бойында орналасқан. Құқық қорғау органдары 10 ақпанға дейін барлық камералар жұмысқа  қосылады деп сендірді. Бейнекамералардың шолғыншылық қызметі қоғамдық тәртіпті сақтау мен адамдар өмірін қорғауда тәртіп сақшылары үшін айтарлықтай көмекшілерге айналуда.

2017 жылы осы бейнекамералар арқылы 27 қылмыс ашылып, 16 072 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Жалпы өткен жылы 142 мыңнан астам құқықбұзушылық тіркелді, оның 106 мыңы жолда жүру ережелерін сақтамаудан болған.

-Жалпы алғанда ереже мен тәртіпті сақтамағандарға 1 млрд. 267 млн. теңге айыппұл салынды, оның 782 миллионы қазынаға төленді. Жергілікті бюджеттің құқықтық тәртіпті қадағалау органдарын жабдықтауға бағытталған қаражаты қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жұмсалып жатыр,- деді ІІД басшысы Аян Дүйсембаев.

Биылғы жылы облыстық ІІД жаңа ықшам аудандарға, қала маңындағы селолық округтерге тағы да қосымша 1410 камера орнататын жоба дайындады. Әкімдік бұл жобаны қаржыландыру мәселесін қарастыруда.

Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру керектігі жайлы тапсырма беріп, қалалық бейнебақылау жүйесін бірыңғай ақылды жүйеге енгізу «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының басты бағыттарының бірі екенін айтты.

– Жақында «бұлтты» технологияларды қолданатын бейнекамералар орнатуды бастаймыз, ауқымды жұмыс жүреді, – деді Нұрлан Ноғаев. – Біздің алдымызда камераларды стратегиялық маңызды мемлекеттік органдарға, адамдар көп жиналатын жерлерге қондыру міндеті тұр. Құқық қорғау органдары кәсіпкерлер мен ойын-сауық орындарында ішкі істер органдарының жедел әрекет ету орталығына шығатын камералар қондыру жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізулері керек.

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев аймақтағы қылмыстық ахуалды жақсартуға қатысты құқық қорғау органдары басшыларына нақты тапсырмалар берді:

– Атырау мен Құлсары қалаларының тұрғындары үшін тағы бір мәселе – көңіл көтеретін орындар мен тәулік бойы жұмыс істейтін дүкендер болып отыр. Адамдар түнгі уақытта шу мен қоғамдық тәртіптің бұзылуына көп шағым жасайды. Өкінішке қарай, бұл орындардың иелері өз міндеттеріне немқұрайлы қарайды және жақын маңда орналасқан үйлердің тұрғындарының талаптары мен ескертулеріне мән бермейді. Мен әріптестеріме және құқық қорғау органдарының басшыларына осы жайтқа баса назар аударуды тапсырамын, – деді өңір басшысы.

 

                                                                                           Светлана Муньянова,

                                                                                           Атырау қаласы

 

(10)