Салтанатты кеш Мүслимат анаға арналды

Атырау облысының Құрманғазы ауданындағы Әбу Сәрсенбаев атындағы орта мектепте “Рухани жаңғыру” – өскелең ұрпақтың жарқын жолы” тақырыбымен “Жақсылыққа жаралған жан” деп аталатын кеш өтті. Кеш Елбасы Н.Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты бағдарламалық мақаласына орай ұйымдастырылды. Мектеп директоры Данияр Ғалымжанұлы жиналған оқушыларға шараның мақсатын түсіндірді. Осы кештің қонағы Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі Өмірзақ Қажымғалиев бастауыш сыныптың қыз балаларына үлгілі тәртібі мен сапалы білімі үшін “Мүслимат ана” атындағы шәкіртақыны салтанатпен табыс етті.

Өмірзақ Қажымғалиевтің жары марқұм Мүслимат – асыл әже, абзал ана болған ауданға танымал, өнегелі, үлгілі жан еді.

Он жыл бойы үзбестен беріліп келе жатқан шәкіртақы алушылардың саны күні бүгін 224 оқушыға жетті. Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ж.Шамбузов, білім бөлімінің басшысы Г.Құбаева республикалық реестрге енген игілікті жобаның ауқымы кең екендігін айтып, ұйымдастырушыларға зор ризашылықтарын білдірді. Жас ақын, “Жас дарын” жастар сыйлығының иегері Еркеназ Қалижан Мүслимат анаға арнаған өлеңін оқыды.

Шара соңында қатысушылар мектеп дәлізінде Мүслимат анаға арналып жасақталған бұрышты тамашалады. Оқушылар өз өнерлерін көрсетті.

   Светлана Муньянова,

                                                                       Құрманғазы ауданы 

 

(33)