mm
Халықаралық "Қазақстан Заман" газетінің тілшілер қосыны бастығының орынбасары. ҚР "Ақпарат саласының үздігі"

Мәжіліс депутаты Бақытгүл Хаменова: «Қазақстан географиясын» пән ретінде оқытпау — елдігімізге сын!

Мәжіліс депутаттары өздері сайланған өлкелерге жұмыс бабымен сапарлап қайтқалы көп бола қойған жоқ. Көрген-білгендері де, көкірекке түйгендері де аз болмас деген ниетпен Мәжіліс депутаты Бақытгүл Хаменовамен сұхбаттасқан едік.

— Бақытгүл Қайржанқызы ел мен жерді аралап, халықпен жолығып, қайнаған тіршіліктің арасында болып, көп нәрсеге көздеріңіз жетіп қайтқаны анық. Сізден сұрағым келіп тұрғаны: бұқара халықтың көңіл күйі қалай екен?
— Рақмет, халықтың көңіл күйі жақсы. Жалпы менің соңғы уақыттары түйсінгенім: Халық жеке бастың шаруасынан гөрі жалпылама, ортақ проблемаларды көтеруге бейім. Бұл бізді қуантады. Осы сұрағыңыз орайында айта кетейін, біз Атырауда жастармен кездестік. 14-29 жас аралығындағы жастардың несие алуы, ондағы стартап мәселесі де көтерілді. Әрине, проблемалар да аз емес. Біз 3 мен 12 қаңтар аралығында Мәжілістің төрт депутаты Атырау өңіріне сапарлап қайттық. Облысты ғана емес, маңайындағы аудандарды, ауылдарды жіті араладық. Соның ішінде Махамбет, Исатай, Махат, Жылой аудандары бар. Атырау облысындағы басты проблема шекараға байланысты. Арадағы кикілжің басылмай тұр. Ресей мен Қазақстан арасындағы кейбір жеңілдіктер мен ұсыныстар жайлы көптеген ойлар айтылды. Соның ішіндегі өзектісі — шекара маңындағы жеңілдік. Бұл — халықтың талап-тілегі.
Екінші басты мәселе — Атырау мен Жылой өңіріндегі экология мәселесі қарқын алып тұр. Зауыттардан шығатын ілеспе газдың жағдайы да мәз емес.
Облыстық және қалалық мәслихат депутаттарымен кездесу барысында да облыс көлеміндегі зауыттар мен шағын өндіріс орындарына арнайы қондырғылар орнату әңгімемізге арқау болды. Бұл — шығып жатқан зиянды нәрселердің мөлшерін анықтау үшін қажет дүние. Демек, Атырау аймағында экологиялық проблема жетерлік деген сөз.
Тағы бір айтқым келетіні діни деструктивті кейбір жағымсыз жағдайлар төңірегінде. Соның ішінде орамал тағуға қатысты. Бүгінгі таңда Атырау өңірінің өзінде жылдың басында 400-ге жуық қыз бала болған. Қазір олар 80 балаға дейін төмендеген. Бірақ орамал тағу мәселесі күн тәртібінен түспей тұр. Демек, 1-9 сынып аралығындағы
80 қыз бала мектепке бармай отыр.
Үш ауысымды мектептер мәселесінің де түйіні шешілмей тұр. Демографиялық өсім бар, жағдай бар, бірақ мектепке сыю жағы кемшін.
Атыраудағы балықшы ағайындардың да жағдайы өткір мәселе. Қағазбастылық өте көп. Елбасы өз Жолдауында кәсіпкерлікті жеңілдетуді алдыға қойып отыр. Бұл тосқауыл қоймау жайлы ескерту емес пе?
Мысалы, балықшылардың лимиттері жайлы айтайыншы. Олар құжат жинап болғанша тендер ойнатылып болады. Тендер ойнатылып болғанша балықтың маусымы кетіп қалады.
— Сіз өткен аптада онсызда басынан дау арылмай келе жатқан Білім және ғылым министрлігінің өрескел қателігін Парламент мінберінен көтердіңіз. Депутаттық сауалыңыз көпшіліктің көңілінен шыққан сияқты. Шынымен-ақ «Қазақстан географиясының» шекарасы бекіген Қазақияда жай география болып оқылуы құлаққа да түрпідей тиеді екен.
— Бұл мәселені жалғыз мен емес көтерген, «Нұр Отан» фракциясының 87 мүшесі қол қойды. Түсінікті болу үшін айта кетейін: Қазақстан Республикасы Үкіметі «оқу стандарттарындағы өзгерістерді кезең-кезеңімен әр пәнге енгізу» жөнінде № 1080 қаулысын шығарды.
Десек те білім саласына жауапты министрлік тарапынан берілген тапсырма мен айқын бағытты бұрмалаушылықтардың кейде көрініс табатыны жасырын емес.
Мәжіліс депутаттары өңірлерге сапар барысында ел тарихында ізі қалған ғалымдар мен белгілі ұстаздардың, ұлт жанашырларының үні мен назын естіп қайттық.
Нақты дәйек жалпыға білім беру білім стандартынан кейін, оқу бағдарламасын әзірлеген жауапты мамандар басты жәйтті ескермей қалған.
Кезең-кезеңмен енгізілген өзгерістер қатарынан еліміздің егемендігін танытатын пән — «Қазақстан географиясын» жеке пән ретінде таппадық. Дүниежүзіндегі барлық ел өздерінің тәуелсіздігін таныту үшін географиясын жеке пән ретінде оқытатындығы анық. Жер бедері бойынша ең кішкентай мемлекеттердің өзі бұл тізімнің алдында. Ал Қазақстан Республикасы 193 мемлекеттің ішінде 9-орынды иеленген. Айталық, Израиль мемлекеті төл географиясын екі жыл меңгертсе, көршілес Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан елдері үш жылға жуық уақытқа жоспарлайды екен.
Бізде Қазақстан географиясы 1993 жылдан бастап мектеп қабырғасында оқытылып келеді. Аптасына әупірімдеп оқытатын екі сағаттың өзі бүгінде көзден бұлбұл ұшқалы тұр.
— Кешіріңіз, сөзіңізді бөлейін. Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында: «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Ол үшін «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы керек деді. Бізде бәрі керісінше жасалып жатқан секілді.
— Бұлай деп Білім және ғылым министрлігінің жасап жатқан істерін түбегейлі жоққа шығарғанымыз жарамас. Дегенмен еліміз бен жеріміздің тарихы мен географиясын терең таныту Елбасының алдымызға қойып отырған нақты бағыты екенін ұғынатын кезіміз жетті.
Білім саласында алдымен стандарт бекітіледі, сосын бағдарлама жасалады, кейін барып оқулық даярланды. Ал қазіргі жағдай қандай? Стандартты аттап өтіп, тіпті бағдарламаға дес бермей, алдымен оқулық даярлауға нұсқау беріледі.
Сөзімізге дәлел, биылғы оқу жылынан бастап «География» деген атаумен жаңа оқулық енгізілген. Ал «Қазақстан географиясы» жоқ. Бұл оқулықтың да еліміздің төл географиясын насихаттауға қаншалықты қызмет ететіні күмән тудырады.
— Сіз қалай ойлайсыз, Білім және ғылым министрлігі бұл жайттан хабарсыз болуы мүмкін бе?
— Бұқаралық ақпарат құралдары беттеріне берген мәлімдемесінде министр Ерлан Сағадиев мырза аталмыш мәселеден бейхабарлығын танытса, министрліктен алынған ресми жауапта «Бүгінгі күнге дейін «Қазақстан географиясы» пән ретінде емес, оқу бағдарламасы» есебінде ғана қаралған деген жауап алдық. Жауапты басшылықтың жауабы осындай түсініксіз болса, жаңа оқу бағдарламасы мен жаңа оқулықтың шикілігі де айқын ба дерсің.
Қалай десек те, басты мақсатымыз — болашақ ұрпаққа Атырау мен Алтайдың арасын жалғап жатқан кең байтақ атыраптың қасиетін ұлттық мұратта түсіндіру. Елбасының ерен еңбегі өзгелермен астасқан Қазақ елінің аумағы мен шекарасын «Қазақстан географиясында» оқыту маңызды. Бұл — болашақ алдындағы борышымыз.
— Депутаттық сауалды кімге жолдадыңыздар? Оның нәтижесін қадағалап отыратын сіздерде мүмкіндік бар ма?
— Депутаттық сауал Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Е.Досаев мырзаға жолданды. Жауап хатты заңдылыққа сәйкес жазбаша беруін өтіндік.
Бүгін «Қазақстан географиясын» алып тастаса, ертең «Қазақстан тарихын» алып тастауы мүмкін. Бәлкім кейін «Қазақ әдебиетін» алып тастар.
— Сүбелі сұхбатыңызға рақмет!
— Сіздерге де рақмет!

(27)