Ақтауда эко-қала салынады

Маңғыстау облысының әкімдігінде Ақтау Эко-қаласын салу және қаржыландыру туралы келісімге қол қойылды.
«Құрметті қонақтар, киелі Маңғыстауға қош келдіңіздер! Маңғыстау еліміздің жетекші аймақтарының бірі екені баршамызға белгілі. Облыстың экономикалық дамуының басым бағыттары: көлік және логистика, құрылыс, туризм, агроөнеркәсіп кешені, сондай-ақ теңіз бағытының дамуында жетекші рөл атқаратын мұнай кен орындарының қызмет көрсету саласы. Өндірісті құру және іске қосу үшін барлық жағдай жасалған. Өңірде «Ақтау Теңізпорты» АЭА жұмыс істейді. Индустриалды аймақ құрылған. Маңғыстау облысының әкімдігі әлемнің түрлі елдерінің әлеуетті инвесторларымен белсенді түрде ынтымақтасуда», — деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.
Тараптар Маңғыстау облысындағы Ақтау эко-қалашығының ірі жобасын әзірлеу үшін құрылыстың бас мердігерін және қаржыландыру құрылымын тағайындайды. Келісімге сәйкес, инвестиция көлемі Ұлыбритания тарапынан 2,1 млрд. АҚШ доллары көлеміндегі жобаның 100 %-ын, ал қытайлық тарап 400 миллион долларға банктік кепілдікті қамтамасыз етеді. Жобаны жүзеге асыру үшін Маңғыстау облысының әкімдігі облыс орталығының солтүстік бөлігінен 865 гектар жер бөледі. Мұнда қолжетімді баспана, коммерциялық және сауда орталықтары, мектептер, балабақшалар мен медициналық орталықтар салынады.
Сонымен қатар, IT парк, қонақ үй брендтері, спорттық стадиондар, ойын-сауық мекемелері және түрлі мемлекеттік қызметтер, заманауи энергетикалық/экологиялық таза технологиялармен тасымалдау қызметтері көрсетілетін эко-қала әлемдік саяси аренада еліміздің беделін өсірген «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің жалғасы болмақ. Ақтау қаласының әкімдігі инфрақұрылымды, оның ішінде жолдарды, энергиямен жабдықтауды, кәрізді және сумен қамтамасыз етуді өз міндетіне алады.

(26)