МЕДИЦИНА МАМАНДАРЫНА ЖАҒДАЙ ЖАСАЛАДЫ

Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Мақат ауданынында өткізілген көшпелі жиналыста білім беру мен денсаулық  сақтау мәселелеріне баса назар аударып, сөз сөйледі. Аймақ басшысы «Шақырылған дәрігерлерге қолайлы жағдай жасалуы керектігін» айтты.

Аймақ басшысы жұмыс сапары барысында аудандық емхана жанынан ашылған оңалту орталығы мен 2017 жылы жөндеуден өткен балалар кітапханасын аралап көрді. Балалар кітапханасының кітап қорында  12 265 кітап бар, кітапханаға 1475 оқырман тіркелген.

Мақат ауданында 1327 кәсіпкер өз бизнестерін жүргізуде. Олар  ауданда 1394 жұмыс орнын ашып, жергілікті жерде жұмыссыздықтың азаюына септігін тигізіп келеді. Облыс әкімі денсаулық сақтау мен білім беруге қатысты мәселелер бойынша өткізген көшпелі мәжілісте жауапты адамдарға нақты тапсырмалар берді.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк Аймурзиеваның айтуынша, қазіргі кезде өңірде ана мен бала өлімі азайған. Басқарма ана мен бала өлімінің алдын алуға бағытталған шаралар жоспарын жасап, жүзеге асыруда. Шара бойынша 4  акушер-дәрігер анестезиолог-ревмотолог, 30 акушер, 220  учаскелік қызмет дәрігері біліктіліктерін жетілдіру оқуларына барып келген. Бұл емделушілерге сапалы қызмет көрсетуге сенім береді.

Жүкті әйелдерді скринингтен өткізу кезінде ультра дыбыстық тексеру нәтижелерін бақылау, сараптау қатаң  назарға алынды.  Болашақ аналармен денсаулық сауаттылығы бойынша түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізіліп, босануға дайындық оқулары өткізілуде.

– Бұл бағытта  аралық қортындылармен қанағаттанбай,  көрсеткішті нөлге жеткізуіміз керек. Босанған ана мен баланың өмірі жүктіліктің алғашқы айынан бастап дәрігерлердің қарауында болуы тиіс. Мамандарыңызбен жұмыс жүргізіңіздер, аналардың жағдайын бақылауда ұстап,  қажет шараларды уақытында қабылдаулары керек. Халық бізден дер кезінде көрсетілетін кәсіби медициналық көмек күтеді, солай жасауға  міндеттіміз-деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.

Аймақ басшысы өңірге жұмыс істеуге шақырылған мамандарды қызметтік пәтермен қамту жайын да айтты. Анықталғандай, барлық ауруханалар шаруашылықтарын толығымен өздері жүргізетіндіктен онда істейтін мамандар мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алатын азаматтар тізіміне енбейді екен.

– Шақырылған мамандарға қолайлы жағдай жасауымыз керек. Қызметтік және жалға берілетін тұрғын үй берудің механизмдері бар. Мамандарға  үй алудың мүмкіндіктері мен тәртібін  түсіндіруге тиісспіз. Барлық жауапты адамдарға осы мәселені шешуді тапсырамын,-деді өңір басшысы.

Жиналыста айтылғандай,  өткен 2017  жылы аймақта 8  жаңа мектеп ғимараты пайдалануға берілді, биыл 9  мектептің құрылысы жалғасуда. Жаңадан салынуға тиісті 34  жалпы білім беру мекемесінің жобалау-сметалық құжаттамасы дайындалуда.

2018 жылы жаңа модификация бөлмелерін жабдықтауға,  интерактивті тақта алуға, жарақтандырылған робототехника бөлмелерін ашуға 1,3 млрд теңге қаржы бөлу жоспарланып отыр. Облыс әкімі жауапты адамдарға осы бағыттағы жұмыстарды сапалы, уақытында, жауапкершілікпен атқаруды тапсырды. Аймақ басшысы сондай-ақ «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалында азаматтарды қабылдап,  Мақат ауданының әкімі Берікқали Сәрсенғалиевтің жылдық есеп беру жиналысына қатысты.

Светлана Муньянова,

                                                                                                 Атырау облысы

                                                                                                 Мақат ауданы

 

 

(14)