ЖЫЛЫОЙ АУДАНЫНДА ЖЫЛЫЖАЙ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Жылыой ауданында аумағы 2 гектар болатын жаңа жылыжай іске қосылды. Жылыжайдың өндірістік қуаты жылына 1100 тонна көкөніс өнімдерін жинауға мүмкіндік береді. Бұл аудан халқы енді қыста да өз жерінде өсірілген бақша дақылдарымен қамтылып, қоректігі жоғары, экологиялық таза, балғын өнімдерді тұтынады деген сөз.

Жаңа жұмыс орнына жергілікті жерден 30 адам жұмысқа қабылданды. Олар бағбандар, агроном, технологиялық жабдықтардың мамандары, тағы да басқа мамандық иелері. Жылыжайдың жалпы аумағы 2 гектар жерді құрайды. Мамандарды Голландиядан арнайы шақыртылған тәжірибелі агрономдар мен технологтар оқытып, үйретіп, дайындауда. Бұл мамандар бір жыл бойы осында жұмыс жасап, жылыжайдың қызметін жолға қояды. Заманауи технологиялық құрылғылармен толық жабдықталған жылыжайда тамшылатып суару әдісі қолданылады.

Ауданда жылыжай тұрғызуды қолға алып, жүзеге асырған жергілікті кәсіпкер, «Атырау – Сауда» ЖШС-нің  директоры Әлімжан Балжігітов. Бұл кәсіпкердің есімі көпке жақсы таныс. Ол – Атырау қаласынан «КаспийЛана» жүн зауыты жобасын сәтті атқарған, Жылыой ауданында құс өсіруді алғаш қолға алып, құс фермасын ашып, қазіргі кезде аудан халқын жұмыртқа өнімімен қамтып отырған, өзге де бірнеше табысты кәсіптердің иесі.

Жылыжайға арналған жабдықтарды сатып алу ТШО-ның мердігер ұйымдарының бірінің қолдауымен жүзеге асты, оған 2 млн. евродан астам қаржы бөлінді. Ал құрылыстың сапалы тұрғызылуын кәсіпкер жеке қаражаты есебінен  қаржыландырды. Қазір мұнда қызу еңбек жүріп жатыр. Енді бір-екі айдан кейін алғашқы түйнектер жетіліп, өнім жинау басталады.

–  Жылыжайда өсірілген көкөністердің сапасы жоғары деңгейде болады.  Мұнда ол үшін заманауи жабдықтар арқылы көшеттерге ерекше күтім жасалуда, су тазарту жүйесі технологиясымен тамшылатып суарылады. Біздің басты мақсатымыз –  балғын өнімдердің жергілікті халық дастарханына  арзан, сапалы жетуін қамтамасыз ету,- дейді жылыжай иесі, кәсіпкер Әлімжан Балжігітов.

Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев Жылыой ауданына келген іссапарында жылыжайда болып, жұмысымен танысты. Облыс әкімі облыс, аудан әкімдігінің жауапты қызметкерлеріне өңірдегі ауыл шаруашылығын дамыту бағытында  нақты тапсырмалар берді.

Соңғы жылдарда Атырау облысында жылыжай ашқысы келетін кәсіпкерлер саны арта түсті. Жақын арада Махамбет ауданында 10 гектар жерге өнеркәсіптік жылыжай салу құрылысы басталмақ. Қазіргі кезде бұл үшін  жер учаскесі қарастырылып, инфрақұрылым жұмыстары жүргізілуде.

Светлана Муньянова,

                                                                                Атырау облысы

 

(22)