Жаңа әкім Жамбылды қалай жаңғыртпақ?

Жамбыл облысына жаңа әкім Асқар Мырзахметов келгелі  бері, ел арасында әртүрлі әңгіме желдей есіп жүр. Біреулер «Асқар Исабекұлы, іскер азамат. Таразды тотыдай тірлендіреді, білікті мамандарды қалдырып, қалғандарын қызметтен кетіреді» десе, енді екіншілері «Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы  өңір тізгінін алды дегенше, шымкенттіктер  Жамбылға тұтастай көшіп келеді  дей бер» деп өздерінше болжам жасауда. Негізі халықты мұндай ойға қалдырғаны су жаңа әкім қызметке тағайындалғаннан кейін  артынан бірлі-жарым азаматтардың ере келгені болды. Бірақ, Асқар мырза олардың бірде-біріне еркінсуге ерік бермей, келген іздерімен кері қайтарды. Енді жалпақ жұрт аймақтағы «Ақордаға» көз тігіп, «енді не болар екен?» деп демдерін ішке тартып отыр.

Ал өңір басшысы бір аптаның  ішінде облыстағы барлық салалық басқармалардың жұмысымен танысып, жоспарларын тыңдап, нақты тапсырмалар беріп үлгерді. Бұл кездесулердің форматы бөлек, өткізілуі өзгеше болды. Жаңа әкім ұзын-сонар баяндама тыңдаған жоқ. Алдағы атқарылатын жоспарлардың жалпылама болмайтындығын ескертіп, ақпараттағы ақпаратқа сүйеніп, «сұлу» сандарды сөйлеткендерді бірден сабасына түсірді.

Хош,  сонымен жаңа әкім Жамбыл облысын қалай жаңғыртпақшы?

Тарифтер қадағаланып, Тараз қаласы жаңа келбетке енеді
Асқар Исабекұлы,ең алдымен  2018 – 2022 жылдарға болжамдағы электр энергиясын өндіру мен тұтыну балансын әзірлеу, өндірілетін электр энергиясы бағасын  пысықтауға баса назар аударды. Бұл ретте аймақ басшысы,  облыста электр энергиясымен жабдықтау тарифін төмендету мен су электр стансаларын салу мүмкіндіктерін қарауда.  Ал жылу, энергетика саласы бойынша облыс орталығының жерасты және жер бетіндегі жылу желілерінің шығындары бақылауға алынып, жапсарлас немесе жертөледе орналасқан қазандықтарды сыртқа шығару бойынша ұсыныстар дайындалатын болады. Халыққа қажетті қатты отын бағасын қолжетімді ету мақсатында көмір бағасын тұрақтандыруға да ден қоймақ. Өз кезегінде газ саласы бойынша өңірлерді дамыту бағдарламасын негіз етіп, облыстағы елді мекендерді 2025 жылға дейін толығымен газдандыру жоспары әзірленеді. Бұл орайда, Байзақ ауданының 21, Шу ауданының 18, Сарысу ауданының 14 елді мекенін газдандыру бойынша сараптамаға ұсынған жобалау-сметалық құжаттарына Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын 2018 жылғы ақпан айының соңына дейін алу жүктелді. Сараптаманың оң шешімін алған елді мекендерге газ құбырларын тартуды қаржыландыру аудан әкімдеріне міндеттеліп отыр.
Өңір басшысы Тараз қаласының сәулеттік кескін-келбетін жақсартуға да күш салмақ. Бұл ретте әкім Тараз қаласының егжей-тегжейлі жоспарын бекітуді уақытша тоқтата тұрып, қаланың сәулеттік келбетін жетілдіре түсуге қатысты ұсыныстарды әзірлеуді тапсыруда. Осы мақсатқа қаладағы кәсіби сәулетші, суретшілер мен дизайнерлер жұмылдырылады. Ғимараттардың сыртқы қасбеттерін ретке келтіру мен көшелерді әрлеуде Астана, Алматы, Шымкент қалаларының тәжірибесі басшылыққа алынбақ. Мұнан бөлек, Тараз қаласындағы тұрғын үйлердің, ғимараттардың шатырын, қабырғаларын біріздендіру бағытында пәрменді шаралар қабылданатын болады. Облыс орталығында қала көшелерінің атауы көрсетілген тақтайшалар да орнату жоспарға енгізілмек.

Тұрғын үйдің бағасы қолжетімді болмақ

Құрылыс саласы бойынша, тұрғындарды  қолжетімді баспанамен қамту «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның облыстағы филиалымен бірлесе жүргізіледі.  Аймақ басшысы  қысқа мерзім ішінде банкпен келісімге келу арқылы пәтерлерді азаматтарға сату кезіндегі алдын ала төленетін қаражат көлемін 30 пайыздан төмендету жолдарын қарастыруды ойластыруда. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы салынатын көп қабатты тұрғын үйлердегі пәтер бағасын төмендету үшін оның бірінші қабатында коммерциялық алаңдарды тұрғызып, оны ақылы негізде коммерциялық ұйымдарға беру жоспарланып отыр. Бұл ұсынысты жобалаушы мекемелер және заңгерлермен бірге пысықтайтын болады.
Инженерлік желілерді тарту саласында жұмыстар мемлекеттік-жеке әріптестік арқылы инвесторлардың көмегімен де жүйелене түспек. Құрылысы жүргізіліп жатқан білім және денсаулық нысандарының сметалық құны қайта қаралып, оларды елді мекендердегі халықтың тығыздығына қарай тиімді жобалау қолға алынады. Бұдан бөлек, алдағы уақытта елді мекендердегі полиция пункттері мәселесін ауқымды шешу үшін оларды мектеп базасына енгізу туралы мүмкіншілікті пысықтау тапсырылуда. Сәйкесінше, елді мекендерде сұранысқа ие спорт нысандарын салуға басымдық берілмек.
Облыс тұрғындарын таза ауызсумен қамтуда назардан тыс қалмайды. Сонымен бірге, автокөлік жолдары мен жолаушылар тасымалдау саласында жүргізілуге тиісті жұмыс көлемі де ауқымды болмақ.
Ауыл шаруашылығы алшаң басады

Асқар Мырзахметов ауыл шаруашылығы саласын да алшаң бастырмақ.   Өсімдік шаруашылығы бойынша қант қызылшасын егу көлемі зерделеніп, оны арттыру қолға алынады. Сондай-ақ,  суармалы жерлердің әр гектарының тиімділігі мен жердің кірістілігі анықталмақ. Жер қатынастары және жерлерді пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасымен қолданыстан шығып қалған 200 мың гектарға жуық егістік жерлерді қайта айналымға қосу шаралары жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек,  өнімділігі жоғары, аудандастырылған бидай және арпа тұқымдарының сорттарын пайдалануға көшу көзделуде. Иесіз жатқан каналдарды  анықтап, оларды коммуналдық меншікке қайтару жөнінде пәрменді шаралар да қолға алынады. Аудандарда шағын тоғандар салу  жоспарға енгізілген. Осылайша суармалы жерлердің алқабын көбейтуде тек республикаға ғана сүйенбей, облыс деңгейінде де нақты жұмыс атқарылмақ. Соның бірі ретінде арнайы мехотряд құру бастамасы да көтеріліп отыр.

Ауыл шаруашылығы кооперативтерін бекітілген жоспарға сәйкес құру қамтамасыз етіледі. Өңірдегі жылыжайлар алқабын дамыту, кеңейту, көбейту мәселелеріне де жіті көңіл бөлінеді.

«Жоғалған» салық иесін  табады 

Өңір басшысы айрықша мән берген сала  кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту бағыты. Өз кезегінде облыстың экспорттық әлеуетін анықтау шараларына баса назар аударылады.
Сонымен қатар, алдымен облыстағы әрбір кәсіпорындардың паспортын түзу, әр жобаға ерекше көзқараспен қарап, арнайы ортақ картасын жасау жүктелуде. Осы негізде шикізат өндірушілердің облыста тіркелуі мәселесіне баса назар аударылып, қазіргі таңда жоғалтып отырған салық көлемі анықталады. Және аймақтағы ішкі туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлінеді.

Мектеп директорлары сайлау арқылы тағайындалмақ

Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы ішкі миграция бойынша тиісті түсіндіру жұмыстарын жолға қояды. Одан бөлек, тұрғындарды өзге өңірлерге қоныстандыруда Оңтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін басшылыққа алынбақ.  Жастар тәжірибесі бойынша уақытша жұмысқа қабылданған жастарды тұрақты жұмыс орындарына қалдыру көзделуде. Ал жас маман өз мамандығына қабілетсіз екендігін аңғартса, туындаған жайтқа байланысты ескертпе ол білім алған жоғары және арнаулы оқу орнына жолданатын болады.

Денсаулық сақтау басқармасы саладағы ең өзекті саналатын ана мен бала өлімінің алдын алу, оның себептеріне талдау жасауға көңіл бөледі. Саладағы маман тапшылығын жою мәселесіне де ерекше мән беріледі. Ал, білім басқармасы мектепке дейінгі білім берумен қамтамасыз етуді 100 пайызға жеткізудің мүмкіндіктерін жан-жақты қарастырады. Ал білім сапасының төмендеуіне жол берген мектеп директорлары мен білім бөлімдерінің басшыларын жұмыстан босату түріндегі жазалар қолдану жолға қойылады. Колледждерде нарық сұранысына сай маман даярлау, оларды жұмыспен қамту мәселелері де өзектілігін жоймайды. Білім беру саласын жетілдіруді мектеп мұғалімдерінің біліктілігін арттырудан бастау жоспарлануда. Сондай-ақ мектеп директорларын сайлау арқылы тағайындау тәжірибесін енгізу көзделуде.

Тілші түйіні

Міне, осылайша Жамбыл облысының  жаңа әкімі аймақты жаңа бағыт, жаңа бағдармен жаңғыртпақшы. Бұл тек басқарма басшыларының есебінен кейін туындаған тапсырмалар мен міндеттер. Алда әлі Асқар Исабекұлы қала және аудан әкімдерін қабылдап, бірқатар елді мекендерді аралап шықпақ. Одан кейін, әкім мырзаның басында  тағы қандай тың идеялар  туатыны беймәлім. Бір анығы, бұның барлығы өңірдің өркендеуі үшін жасалып жатқаны қуантады.

Саятхан Сатылғанов

 

(28)