Құл болмау үшін өз тіліңде сөйле!

– «QAZAQSTAN ZAMANY» газетінен жұрт естімегенін естіп, білмегенін біліп жатады. Жалпы газет халыққа білім таратып, жол көрсетіп, жөн сілтеп, басшылық етіп тұрады Еліміздің көркеюіне үлес қосқан, үлкен табыстарға жеткен, шетелдерге де беделді азаматтарымыз жетерлік. Сол адамардың өмірбаяндары, табысқа жету жолындағы еңбектері, өмірде сирек кездесетін таңқаларлық табандылықтары жөнінде жазылса, келер ұрпақ адал, тамаша жандардың істерінен үлгі алса, нұр үстіне нұр болар еді.
–  Қазақстан дамыған 30 мемлекеттің қатарында тұру үшін мемлекетіміздің азаматтары білімді болу керек. Білімді болу үшін оқу керек. Оқуды отбасында бала дүниеге келген күннен бастау керек. Қазақтың ерекше дарынды білімді ұрпақтары бесікте жатып әже әлдиін тыңдап, аталардың асыл сөздерін есте сақтап, есті болып өскен емес пе? Одан кейін балаларды балабақшада тәрбиелейтін тәрбиешілер, мектептегі мұғалімдер, жоғары оқу орнындағы ұстаздар өте білімді болу керек. Осы жандар адал қызмет етсе, келер ұрпақ та білімді болатыны сөзсіз.
– Мемлекетті құрту үшін екі-ақ нәрсе жеткілікті, бірі — жалған ақпарат беру, екіншісі — жемқорлық. Біздің еліміздегі есеп тапсыру кезіндегі ақпараттарды көрсеңіз, көп сөз, көп кесте… бітіп жатқан шаруа жоқ, барлық шаруа қағаз жүзінде ғана бітіп тұр, ал іс жүзінде бітіп жатқан шаруалар жоқтың қасы. Сондықтан жалған ақпарат беруді, қағазбастылықты кез келген жерде қою керек. Біткен істі сөзбен емес, іспен дәлелдеу керек. Жемқорлық, шыныменен, мемлекетімізді тұншықтырып болды. Тәтті сөзге, асыл дүниеге көп алданып жүре беретін болсақ, мемлекетіміз бара-бара құлдырайтыны сөзсіз. Жемқорлықпен қарапайым халық айналыспайтыны анық, пара алатын — басшылар. Әйтсе де басшыларға пара беретін де өзіміз емес пе? Өзің параны апарып бермесең, сенен келіп ешкім тартып алмайды. Біздің мемлекетімізге ақылды, білімді, еліне адал, тіпті керек жерінде ақысыз қызмет ететін басшылар қажет. Басшыларымыз түн ұйықтамай, күндіз отырмай халқына адал қызмет етсе, халқын бірлікке шақырса, олардың бойынан арлы ақыл, жылы жүрек, адал еңбек табылса, жемқорлық деген пәле болмас еді.
– Қазақ тілі неткен ғажап, неткен әсем тіл десеңші! Асыл сөздің қадірін білмей жүргендерге жаның ашиды, намыстанасың. Жаның қазақ бола тұра өз тіліңде сөйлей алмасаң, онда сенің құлдан не айырмаң бар? Құлдықтан құтылу үшін әрбір қазақ қазақша сөйлей білуі керек.
– Қазіргі таңда әлемді ұстап тұрған басты идеология — «ақша». Қазір адамдар бәрін, тіпті, арды да, жерді де, тілді де, дінді де, адамды да сатып жіберуге, сатып алуға да әбден болады деген ойда. Бұндай ойдан арылуымыз керек. Тәуелсіздік алғаннан бері мемлекетіміздің ұлттық идеологиясын нақты айқындамадық. «Мен әуелі қазағымды жақсы көремін, қазағыма адал қызмет етемін» деген ұлттық идеологиямыз санамызда, жүрегімізде болуы керек. Ата-бабаларымыздың салт-дәстүрімен ұлттық идеологиямыз жалғасын табуы қажет.
– Елбасымыздың жалпы саясаты өте дұрыс деп ойлаймын. Миллионерлердің шетке тыққан ақшаларын қайтарсын деген ойы өте орынды. Себебі бізде «байларымыз бар, төбесі тесік, оқығандарымыз бар, қалтасы тесік». Білімді, сауатты азаматтарымызға жаңалықтарын ашуға, кәсіптерін дамытуға қаражат құяр болсақ, олар қазақ халқына қалтықсыз адал қызмет етер еді.
– Халықтың, ұлттың санын көбейту бізге ауадай қажет. Оның шешу жолдары, біріншіден, қазақтың ұлы да, қызы да тек қана өзім білемін деген «өзімшілдік» пен қарабастарының қамын ойлаудан арылулары қажет, себебі сүр бойдақ пен кәрі қыз — ата мен ананың, бүкіл туыстарының жан азабы. Атасы мен анасының немере сүю деген ең бір тәтті арманынан айырады. Өзінің келешегіне балта шауып, артына ұрпақ қалмау каупін күшейтеді. Сондықтан жастар уақыт созбай шаңырақ көтеруі керек. Екіншіден, бала дүниеге келгеннен кейін 1 жасқа дейінгі мемлекеттен алатын қаржысы 3 жасқа дейін созылса, мемлекеттен де демеу болса, демографияның өсетіні анық.
– Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты Жолдауы түгел орындалар болса, еліміздің дамуындағы кедергі болатын басты тетік жемқорлықтан, азғындықтан біржола құтылар едік. Оның барлығының ара жігін ажыратып жазсам, парақ та жетпес. Десе де осыған қатысты шағын ойымды білдіре кетейін. Соңғы кезде елімізде жантүршігерлік оқиғалар белең алған. Әкенің туған қызына деген айуандығы, әйелдің жарына деген сатқындығы секілді жайттарды күнделікті хабардан естіп, қазір таңданбайтын хәлге жеттік. «Отбасы — шағын мемлекет» десек, мұндай зұлымдықты көрген баланың болашағы не болады? «Біз қандай ұлт боламыз?» деген заңды сұрақ туындайды. Сондықтан осы бастан заңымызды күшейтіп, отбасылық құндылыққа көбірек ден қойғанымыз жөн. Сонда ғана өз өзіне қол жұмсау да, ажырасу да сейілер еді деп ойлаймын…

Белсенділік танытқандарға сыйлығымыз бар

– Газеттегі көтеріп жүрген тақырыпта-рымыздың қайсысы ұнамайды, қайсысы ұнайды? Газет оқылуы үшін қандай мәселелер қамтылуы керек, немесе сіздің жан дүниеңізге не қажет?
– Қазақстанның дамыған 30 мемлекетінің қатарына тұру үшін мемлекетіміз, халқымыз, билік, қоғамдық ұйымдар нендей мәселелерді атқару керек?
– Жемқорлық мемлекетімізді тұншықтырып, сансыратып, тұралатып тұр. Бұл кесапаттан құтылудың қандай жолдары бар?
– Тіл — халықтың жаны. Мемлекеттік тілдің мемлекетіміздегі мәртебесіне, қолданылу аясына, беделіне көңіліңіз тола ма?
– Қазақ мәселесі, ұлттық идеология мемлекетімізде қандай дәрежеде деп ойлайсыз? Егер оған көңіліңіз толмаса, қандай жолдармен көтеру қажет?
– Елбасымыз ел экономикасын көтеріп, байлығын тасытып, оның қызығын қарапайым халықтың көруі үшін бар күш-жігерін, ақыл-ойын сарп етіп отыр. Осы мәселені шынайы жүзеге асыру үшін миллиардерлерді, миллионерлерді «мемлекеттік арбаға» жегудің қажеті бар ма?
– Халықтың, ұлттың санын көбейту бізге ауадай қажет. Оның жолдары қандай? Сырттағы 5 миллион қазақтың есебінен бе? Әлде «Ана капиталы» қорын құрып, елдегі алтын құрсақты аналарға жәрдем ақшаны көбейту жолымен бе?
– «Рухани жаңғыруды қалай шынайы түрде жүзеге асыра аламыз? Оның басты тетіктерін нақты-нақты көрсетіңіз. Біздің халқымызға төніп тұрған қауіптерді (азғындау, өзі өзіне қол жұмсау, бейтараптық, жемқорлық, ұрлық-қарлық, ажырасу, зұлымдық т.б.) осы Рухани жаңғыру арқылы тоқтатуға бола ма? Қалай?

Нұргүл Смайлова

(21)