mm
«Бақ пен сор», «Біздің ауылдың адамдары», «Тәу етем саған, туған жер», «Шың мен шыңырау» атты кітаптардың авторы. Халықаралық «Қазақстан-Заман» газетінің экономика, спорт, туризм бөлімдерінің меңгерушісі.

Қазақстан — АҚШ кездесуі төрткүл әлем назарында

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-қа ресми сапары аясында Ақ үй басшысы Дональд Трамппен кездесіп, екіжақты стратегиялық әріптестікті тереңдету және күшейту, өңірлік және экономикалық ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады.

Н. Назарбаев: Астана мен Вашингтон арасында саяси мәлімдеме қабылдадық

Кездесу барысында Елбасы: «Қазақстан мен АҚШ арасында әрдайым екіжақты саяси қарым-қатынас орнаған. АҚШ алғашқылардың бірі болып Қазақстанның тәуелсіздігін мойындады. Содан бергі 26 жыл ішінде екі ел арасындағы байланыс берік орнады. Менің бүгінгі сапарым — соның айғағы. Қазақстан АҚШ-ты сенімді серіктес, әлеуетті әріптес санайды. Менің сапарымның нәтижесінде Қазақстан-Америка қатынастарын кеңейтілген стратегиялық әріптестік деңгейіне көтеру жөнінде шешім шығаратынымызға сенімдімін. Осыған орай біз бүгін Астана мен Вашингтон арасындағы өзара қарым-қатынастардың жаңа дәуірін бастайтын тиісті бірлескен саяси мәлімдеме қабылдадық. АҚШ Орталық Азия елдерімен «5+1» форматындағы ынтымақтастығын нығайтуға қызығушылық танытады. Халықаралық қауіпсіздікті нығайтып, қазіргі заманның сын-қатерлері мен қауіптерін бірлесе еңсеру ісінде Астана мен Вашингтонның өзара тиімді ынтымақтастығын атап өткен жөн. Қазақстан 2001 жылы АҚШ-тың терроризмге қарсы күресін белсенді түрде жақтады және қазір Ауғанстанда жүргізіліп жатқан үлкен жұмыстарға қолдау көрсетіп отыр. Америка әскерінің Ауғанстанда болуы тек АҚШ-тың ғана емес, бүкіл әлемнің ісі. Біз Солтүстік Кореяға қатысты жаһандық мәселелерді талқыладық. Қазақстан әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан бас тартып, әлемдегі ең үлкен сынақ полигонын жапты. Ядролық қаруы бар елдерге біз таңдаған жолды ұсынуға моральдық құқығымыз бар. Иранмен де осылай сөйлестік. Солтүстік Кореяның проблемаларын АҚШ, Қытай және Ресей елдерінің бірлесе шешкені маңызды. Қазақстанға АҚШ-тың ірі мұнай компанияларынан 50 миллиард доллар инвестиция құйылды. Бүгін біз ірі америкалық бизнес өкілдерімен дөңгелек үстелге қатысамыз. Онда 7,5 миллиард доллардан асатын сомаға 20-дан астам келісімшарт жасалатын болады. Сондай-ақ, біздің елде АҚШ азаматтары үшін визасыз режім енгізілген. Соған сәйкес лайықты жауап болады деп үміттенеміз»,— деп, кездесу қорытындысына жоғары баға берді.

Д.Трамп: Орталық Азиядағы баға жетпес және стратегиялық серіктес

Өз кезегінде Дональд Трамп: «АҚШ Қазақстанды Орталық Азия өңіріндегі болашағы зор, стратегиялық әріптес әрі өңірлік бейбітшілік пен қауіпсіздіктің шешуші факторы ретінде бағалайды. Ширек ғасырдан астам уақыт бойы АҚШ Қазақстанды, мықты егемен әрі тәуелсіз елді, Орталық Азиядағы баға жетпес дос және стратегиялық серіктес ретінде қарастырып келді. АҚШ пен Қазақстан өңірде және одан тыс жерлерде бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау үшін бірлесе жұмыс істеді. Біз Қазақстандағы ядролық қаруды және оның инфрақұрылымын жойып, балаларымыз үшін қауіпсіз әрі саламатты болашақты бірлесе қамтамасыз еттік. Бүгін Қазақстан Президенті екеуіміз біздің қарым-қатынастарымыз халықтарымыздың қауіпсіздігіне, өркендеуі мен әл-ауқатына қалай септігін тигізетініне қатысты диалог жүргізіп отырмыз. Корей түбегін денуклеаризациялау үшін күш біріктіру ісінде Қазақстан баға жетпес серіктес болып саналады. Біз Солтүстік Кореядағы режімнің бүкіл әлемге ядролық апатпен сес көрсетуін болдырмауға бел буып отырмыз. ИЛИМ-мен және «Талибандармен» соғыс жүргізіп жатқан біздің қарулы күштерге Қазақстан логистика және жол ашу тұрғысынан қолдау көрсете беретіні жөнінде Президенттің өзі айтқанын аса жоғары бағалаймын. Көршілерін құрметтейтін және өз тағдырын бақылауда ұстайтын Қазақстан сияқты елдермен АҚШ ынтымақтастықты нығайта береді. Бұл жағдай Америка компаниялары үшін жаңа мүмкіндіктер туғызып, жаңа жұмыс орындарын ашады. Қазақстанды дамыту мен өркендету ісіндегі Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлін ерекше атап өткім келеді. Біз Қазақстанда жақсы, егеменді және өркендеуге бағытталған болашақ болғанын қалаймыз. Дәл осыны әлемнің барлық бейбітсүйгіш халықтарына да тілейміз. Сондықтан өткізілген диалог аса маңызды деп санаймын», – деді.
Осы сапары аясында мемлекет басшысы АҚШ-тың іскер топтар өкілдерімен дөңгелек үстел өткізді. Сол кездесу барысында Елбасы: «Америка Қазақстан экономикасына салынған тікелей инвестициялардың көлемі бойынша екінші орында. Тәуелсіздік жылдары ішінде сіздердің компанияларыңыз тарапынан Қазақстанға 50 миллиард доллардан астам инвестиция құйылды. Өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 2 миллиард долларға жетті. Біздің елде энергетика, көлік, инновация, медицина және басқа да салаларда Америка капиталының қатысуымен 500-ден аса компания табысты жұмыс істеп келеді. Біздің ірі серіктестеріміздің қатарында Шеврон, Эксон Мобил, Дженерал Электрик, Хэллибёртон және басқа да компаниялар бар. Инвестициялық ахуалды жақсартып, инвесторлардың құқықтарын қорғау үшін біздің елде тұрақты жұмыстар жүргізілуде», – деп мәлімдеді. Бұдан кейін Н.Назарбаев АҚШ-тың энергетика министрі Р.Перримен кездесті. Кездесу соңында тараптар мұнай-газ және энергетика салаларындағы екіжақты қатынастарды одан әрі дамытуға қатысты пікірлерімен бөлісті. Мемлекет басшысы «Шетелдік жеке инвестициялар жөніндегі Корпорация» мемлекеттік агенттігінің президенті Р.Уошбернмен де кездесті. Агенттік президенті алдағы уақытта Қазақстанның «Kazakh Invest» компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылатынын айтты.

Назарбаев пен Трамп кездесуінің екі елге де маңызы айрықша

АҚШ-тың Қазақстандағы бұрынғы елшісі Ричард Хогланд: «Н.Назарбаев — біздің президенттің шақыртуымен Ақ үйге келген Орталық Азиядағы тұңғыш көшбасшы. Кездесу барысында алдағы үш жылға арналған дипломатиялық қарым-қатынастың бағыт-бағдары айқындалмақ. Сондықтан, кездесудің екі елге де маңызы айрықша. Орталық Азия әлемнің назарын өзіне көбірек аударуды қажет ететін аймақ. Сол себепті Вашингтон да бұл өңірге жіті назар аударады. Қазақстан мен АҚШ арасындағы сауда және экономикалық әріптестік әлдеқашан тамырын тереңге жіберген. Мұндай қуатты байланыстың себебі мынада: Тәуелсіздік алған тұста Президент Нұрсұлтан Назарбаев түбегейлі экономикалық реформалар жасауға шешім қабылдады. Соның нәтижесі Қазақстанға әлемдік экономикада өз орнын табуға септігін тигізді. Нұрсұлтан Назарбаевтың сол шешімі сәтті болғанын уақыт дәлелдеді. Қазіргі таңда Қазақстанда инвесторларға қолайлы жағдай жасалған, сондықтан алдағы уақытта олардың саны арта түсері анық. Өйткені, бизнес өкілдері әрдайым қағазбастылықтың аз және инвестиция салудың мүмкіншіліктері оңай болғанын қалайтындығы анық. Қазақстан ядролық қаруды таратпау мәселесінде әрдайым алдыңғы қатарда жүреді. Тәуелсіздік алған тұста бұл елдің арсеналында бар оқтұмсықтардан бас тартып, жаппай қырып-жоятын қаруларға қатысты өз ұстанымын бекітіп, сынақ алаңдарын жапқаны баршаға мәлім. Бұл әлемнің басқа елдеріне үлгі болуы тиіс. Мен Барак Обаманың бастамасымен өткізілген С5+1 кездесуі алдағы уақытта да жалғасын табатынына сенім білдіремін. Дональд Трамп аталған мәселемен жақсы таныс және оны қолдайды. Жылына бір рет кездесіп тұрған жақсы, бірақ жеткіліксіз. Алдағы уақытта С5+1 кездесуі С5-ке айналуынан үміттенемін. Орталық Азиядағы бес мемлекет ресми түрде тізе қосып жұмыс істеп, геосаяси блок құруға шешім қабылдайтындығына үміт артамын. Бұл аймақтың әлеуетін және экономикасын күшейтіп, егемендікті нығайта түседі. Келешекте С5+1 Орталық Азия елдерін біріктіретін саяси блокқа айналатындығына үмітім бар»,— деген пікірін ортаға салды.

«Н.Назарбаев — біздің президенттің шақыртуымен Ақ үйге келген Орталық Азиядағы тұңғыш көшбасшы. Кездесу барысында алдағы үш жылға арналған дипломатиялық қарым-қатынастың бағыт-бағдары айқындалмақ. Сондықтан, кездесудің екі елге де маңызы айрықша»

(26)