Татарстанда «Жаңа дәуір журналистикасы» музейі ашылмақ

Биыл Татарстан журналистер одағының 100 жылдығы аталып өтпек. Бұл туралы 13 қаңтар күні «Татар-информ» ақпарат көзі хабарлады. Айтулы шара Татарстан журналистер музейінде өтеді. Бұл туралы Татарстанның мемлекеттік кеңесі төрағасының орынбасары, республикалық журналистер одағының төрайымы Римма Ратникова мәлімдеді. «Биылғы жылға белгілеген үлкен жоспарларымыздың бірі — Журналистика музейінің екінші бөлігі — Қазіргі заман журналистикасы музейін» ашу. Өткен жылы Президент, министрлер кабинеті тарапынан үлкен көмектер болды. Музейде неше түрлі экспонаттар, маңызды құжаттар орын алатын болады, — дейді Римма ханым. Татарстан журналистика музейі республикалық Журналистер одағы ғимаратында 2014 жылдың мамыр айында ашылған екен. Мұнда татар журналистикасында із қалдырған дикторлар, жүргізушілер мен дарынды журналистердің фотолары, естеліктері мен баспа өнімдері қойылған.

Шиһабутдин Маржани кім?

Қаңтардың 16 жұлдызында Татарстан ұлттық музейінде «Шиһабутдин Маржани және оның мұралары» атты көрме ашылды. Биыл Ш. Маржанидің туғанына 200 жыл толды. Осы айтулы датаға орай елде түрлі мәдени шаралар өткізу туралы Татарстан президенті ресми жарлық шығарған екен. Қазіргі таңда ұлттық музейде ағартушыны еске алуға арналған шаралар басталып та кеткен. Шиһабутдин Маржани — ұлы ағартушы, энциклопедист ғалым. Ол татар, түрік тілдерімен қоса араб, парсы тілдерін жетік білген. Артына 30-дан астам еңбек жазып қалдырған. «Шиһабутдин Маржани және оның мұралары» атты көрмеде, Татарстан ұлттық музейінде сақталған экспонаттар келушілер назарына ұсынылатын болады. Олардың қатарында Маржанидің жол қоржыны, жеке кітапханасындағы кітаптары, 1874 жылы түсірілген суреті, 1864-1865 жылдары Стамбулда ойылған мөрі, сонымен қатар Татарстан мемлекеттік архивінде сақтаулы тұрған құжаттар секілді құнды жәдігерлер көрсетілмек.
Маржани — 1818-1889 жылдар аралығында өмір сүрген ұлы ғалым, ағартушы. Ол татарлар арасында алғашқылардың бірі болып жаңаша мектеп ашты. Онда діни білім берілумен қоса математика, география, тарих, орыс тілі сабақтары оқытылған. Шиһабутдин Маржанидің бұл бағыты «Жәдитшілдік бағыт» деп аталып, татар халқымен қоса өзге де түркі жұртына ықпал еткен.

(8)