mm
Халықаралық "Қазақстан Заман" газетінің тілшілер қосыны бастығының орынбасары. ҚР "Ақпарат саласының үздігі"

Елбасы жолдауындағы 10 басты бағыт — ел жаңғыруының басты тетігі

Елбасы Жолдауын халық асыға күтетіні анық. Өйткені жеткен жетістіктер мен болашақта атқарылар іргелі істер молынан қамтылады. Кіріс пен шығыстың да таразыланатыны осы тұс. Иә, бүгінгі жұрттың көзі ашық, көкірегі ояу. Баяғыдай айлап, апталап сарылып газет-журнал күтпейді. Интернеттен тауып алып, жарыса оқып жатады. Әрине, біз қанша халықтың көз майын тауысып оқығанынан хабарсызбыз. Әйтсе де, Елбасының мәлімдемесін асыға күткен жұрт көп. Сөйтсек, қазақ елінің «көңіл күйін» біліп отыратын орталық бар екен. Ол орталық сауалнама жүргізіп, халықтың белсенділігін анықтапты.
15 қаңтар күні Орталық Коммуникациялар қызметінде өткен «Қазақстандықтардың әлеуметтік көңіл күйі: 2017 жылдың қорытындысы» тақырыбында өткен баспасөз мәслихатында аталған орталықтың директоры Юлия Кучинская «Нұр Отан» партиясының Саяси талдау және стратегиялық зерттеу орталығы жүргізген сауалнама қорытындысына сәйкес, бүгінде Қазақстандағы халықтың 71,3 %-ы Елбасы Жолдауынан хабардар екенін жеткізді. «Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы дамудың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашады деген ойдамыз. Орталық қызметкерлерінің демалыс күндері өткізген блиц-сұрауының нәтижесі бойынша халықтың 71,3 %-ы Елбасы Жолдауынан хабардар екенін көрсетіп отыр. Ендігі біздің мақсат — Президент Жолдауының мазмұнын халыққа кеңінен түсіндіру. Осы ретте бізге халықтың әлеуметтік көңіл күйін білу маңызды», — деді Юлия ханым.
Осы ретте өткен жұма күні «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» деп аталатын Жолдауына қолдау білдіру мақсатында Демократиялық күштердің «Қазақстан — 2050» жалпыұлттық коалициясының кезекті отырысын өткізгенін айта кеткеніміз жөн.
Отырысты ашқан «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары жаңа Жолдаудың Қазақстанның жүйелі жаңғырудағы 10 басым бағытын жүзеге асыруды қамтамасыз ететін бірегей бағдарламалық құжат екенін қадап айтты.
«Елбасымыздың Жолдауында елімізді саяси, экономикалық, әлеуметтік және рухани жаңғыртудың 10 басым бағыты айқын белгіленген. Біздің ендігі міндетіміз — әрбір қазақстандықтың өмірі, денсаулығы мен тұрмысына деген Елбасы қамқорлығынан тұратын Жолдаудың мазмұнын барша халыққа жеткізу», — деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.
Демократиялық күштердің «Қазақстан — 2050» жалпыұлттық коалициясының отырысына елдегі жетекші партиялардың басшылары, Парламент депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының, кәсіби және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты.
Отырыс барысында Коалиция мүшелері мемлекет басшысының жаңа Жолдауына байланысты өз ойларын ортаға салып, пікірлерін бөлісті. Нәтижесінде Жолдауға қолдау білдірген, еліміздің барша азаматын жылдың басты құжатын талқылау және түсіндіру жұмыстарына белсенді қатысуға шақырған Үндеу қабылданды.
Осы үндеуге үн қосу үшін ҚР Парламенті Сенатының екі депутатының Елбасы Жолдау жайлы пікірлерін беріп отырмыз.

(104)