Ауыл шаңырағын түзетуді неден бастау керек?

5 жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын, тиісінше, кем дегенде 2,5 есеге арттыруды тапсырамын.

Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы
дамудың жаңа мүмкіндіктері
Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың
Қазақстан халқына Жолдауынан

«Аграрлық сектор — жаңа драйвер» деген не?

Ауыл шаруашылығында бірінен кейін бірін алған бағдарламалар анау айтарлықтай нәтиже бермегенін өмір дәлелдеді. Неге? Біріншіден, саланың аса дамығаны байқалмады. Екіншіден, ауылдың қалаға көшуі тоқтаған жоқ. «Аграрлық сектор — жаңа драйвер» деген (2021 жылға дейін) тағы біреуін қолға алдық. («Орталық Қазақстан» №121 (22428) 2 қараша 2017 жыл). Бұл шіркіннің жатық, қазақша баламасы жоқ па? Ежіктеп отырып ұққанымыз — облысқа Ауыл шаруашылығы министрлігінің вице-министрі Қ.Айтуғанов келіп, аграршылармен кеңес өткізген. Вице-министр бағдарлама қабылдағаннан бері 9 ай ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі 2 пайызға «жуық» өскенін айтқан. Қинала ауыз толтыра айтатын цифр емес. Біздің басшылықта мұның «атасындай» көрсеткіштерді «ойша» жасай береді ғой. «Жақсы сөз — жарым ырыс» деген. Әйтеуір, талпыныс бар. Ауыл шаруашылығындағы үйреншікті әрбір шаруаны жеке-жеке карта түрінде көрсеткен. Жиыны — 10 карта. Осы «карталардан» ұтатынымызға нақты сене қоймайтынын газет өзі де айтқан екен.
Бағдарламада «жаңашылдық» дейтіндей жаңалықты көре алмадық. Ет комбинаты, сүт зауыты, ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындау, өңдеу және өткізумен айналысатын құрылымдар бұрын да болған. Соларды «еске түсіріп», жаңадан тұрғызамыз дегенге шүкіршілік еттік. Бірақ цифрларды әрі-бері сапырып, «пәлен пайыз өсім аламыз» дегенге сене алмадық. Өйткені саланың құрылымында, дамыту тәсілінде «төңкеріс» деп атайтындай түбегейлі өзгеріс жоқ. Бәрі «баяғы жартас»…

Жалған мәліметтер мен көзбояушылық

2016 жылы Қазақстан үкіметі «Ресейге 60 мың тонна ет береміз» деп келісімшарт жасасып, 6 мың тонна етті әзер жинаған. Ешкім ұялып-қызарған жоқ. Бұл нені көрсетеді? Бұл — Үкімет елдегі нақты жағдайды білмейді деген сөз.
Ел аралауға келген Парламент депутаттары мен Үкімет адамдарын аудандардың ұсақ шенеуніктері тәуір деген жерлерін көрсетіп, жақсылап шәй беріп шығарып салады. Ал бірлі-жарым адамдар шындықты айтса, жақтырмайды. Болмашыны әсірелеу, жалған мәліметтер мен көзбояушылық елді осындай жағдайға алып келді.
Үкіметтің жоғары лауазымды адамдары жаппай көшіп жатқан ауылдарға барып, халықпен бетпе-бет жүздесіп, зерттеу жасапты деген сөзді естімедік. Бүгінгі ауылдарда қалыптасқан ауыр дағдарысты түзеуге әлі келмейтін, интеллектуалдық қабілеті, батылы жетпегендер бұл көшті заманға байланысты «табиғи», қалыпты құбылыс деп жақауратуда. Ал бұл — тура мағынасында жүріп жатқан апат. Жағдайы дұрыс, келешегі айқын болса, ауыл халқы баспанасын, дүние-мүлкін тастап қалаға үдере көшпейді.

1000 ауылдың жойылғаны — апат

«Қызығы», енді қытайға тірідей мал өткіземіз деген әңгіме шықты. Қытай біздің союға келмейтін 1,5-2 жасар тайыншаларымызды алмайды. Олар республиканың өз сұранысына да жетпей, етті шетелден тасып жүрген жоқпыз ба? Кондицияға жеткен 2,5-3 жасар өгіздерді кім мыңғыртып өсіріп жатыр? Мол жем-шөп мәселесін, ауылдың ауыл жастарының жағдайын, келешегін «шешпейінше» үстелдің үстінде жасалған жоспарлар қиял ғана. Ал бұдан әріде уақыттан ұтылу. 1000 ауылдың жойылып жатқаны апатқа тірелгенімізді көрсетеді. «Кеме суға батып барады»! Атақты жекешелендірудің барысында құрылған шаруа қожалықтарының бірталайы бүгінде ыдырау үстінде. Аты ғана қалды, заты зым-зия. Мал саны жай шаруаның малының қатарына түсті. Қожалық иелері қалған малдарын балаларына ауызша еншіге бөліп берген. Соларды біріктіріп бағып отыр. Үкімет осыларды шаруа қожалықтарымыз бар деп малданып, алданып отыр. «Алдану» дегеніміз — адасу ғой. Сонда біз қай уақытқа дейін адасуымыз керек? Келесі 2500 ауыл тарап, көшіп біткенше ме?
Кезінде Кеңес өкіметі 70 жыл ішінде қалыптастырған ауыл шаруашылығын жекешелендіреміз деп, тас-талқан еттік. Совхоздарды таратып, ауылдың шырқын бұздық. Талап қатал болғандықтан, 50-60 мың қой өсіріп отырған совхоздардың директорлары малды тегін таратып беретін, жауапкершілігі бар адамдар таба алмай, бір үйдің екі баласына екі отар қой берген жағдайлар да кездесті. Бұрын қалың болатын қыстақтарда совхоз 150-200 тоннаға дейін шөп дайындап беретін. Енді меншігіне 1000-ға дейін қой алған адамдар жалғыз трактор мен ондай шөпті қайдан дайындай алсын? Көпшілігі, аштан қырылғаны, бартері, тағы басқалары бар, 3-4 жылдың ішінде малдан айырылып, таяқ ұстап қалды. Біз мамандар өкіметтің мұндай өрескел қателікке неге барғанын сол кезде шеше алмадық. Араға жылдар салып, өзім естіген бір деректі осы жерде айта кеткенді жөн көрдік.
Біздің үйіміз Егіндібұлақтағы аудандық автокәсіпорынның іргесінде болды. Әлі де сол орнында. Кәсіпорын кеңесінің төбесінде үлкен радио саңқылдап тұратын. Мен ертелі-кеш қорада мал жайлап жүріп, жаңалықты содан естимін. Бір күні Премьер-министр Әкежан Қажыгелдиннің: «Қазақстанның небары 16 миллион ғана халқы үшін ауыл шаруашылығын ұстаудың керегі жоқ. Қажетті азық-түлікті шетелден де сатып ала аламыз», — деген сөзін естідім. Содан жекелешендіру басталып кетті.

Үкімет ұйымдастырушы қызметін атқарсын!

Енді өзім естіген мына бір жайды да айтуға тура келеді. Президент Н.Ә. Назарбаев теледидардан: «Ауыл шаруашылығындағы кемшіліктерді бәрі сынайды, бірақ оларды қалай түзеу керек екені туралы ұсыныс айтпайды», — деген еді.
Президент дөп басып отыр. Мен бір айдан соң сексенге келемін. Бұрынғы ауыл шаруашылығы маманы, көнекөз ауыл тұрғыны ретінде елде туындап келе жатқан қатер, ұлттың, ауылдардың тағдыры туралы мәселені осыдан 4 жыл бұрын баспасөзге ұсынған едім. Баспады. Бұл тұрғыда екі министрлік пен бірнеше ақпарат құралдарының басын қосып, экспедиция ұйымдастырып, барлық облыстарды аралап, халықтың, тәжірибелі адамдардың ұсыныс-пікірлерін жинап, «ауыл шаруашылығын дағдарыстан қалай шығарамыз?» деп жар салып жүрген «QAZAQSTAN ZAMANY» газетіне рақмет айтуымыз керек.
Газет Президент Н. Ә. Назарбаевтың ауылдарды рухани жаңғырту мақсатындағы үндеуіне сәйкес, ауылды дағдарыстан қалай шығару туралы ой-пікірлерімді ортаға салуға, ұсыныстар жасауға мүмкіндік берді. («Ауылды кешенді түрде жаңғыртуымыз керек», «QAZAQSTAN ZAMANY», №42 (1171) 19 қазан 2017 жыл).
Кезінде совхоздардың таратылуына бәріміз де өкіндік. Жабыла сынадық. Себебі ол әлеуметтік талаптардың бәріне сай еді. Ендеше, сол құрылымды жаңа заманға лайықтап, неге пайдаланбасқа? Міне, «мемлекеттік мал азығы шаруашылығы» дегеніміз осы. Совхоздан айырмасы — мал мемлекеттік емес, жеке, меншіктің қолында. Шошитындай ештеңе жоқ. Бұл құрылым қайта үкіметтен жауапкершілікті алып, «қолын босатып отыр» емес пе? Тіршілікке қажетті күрделі соманың бір жағына шығып, мал азығын дайындауды ұйымдастыруға болады ғой. Шөп — тауар. Шаруашылық бизнеске негізделген. Қалыптасып алған соң, мемлекетке салмақ салмайды.
«Мал жекеменшіктікі. Сондықтан «мемлекеттік мал азығы шаруашылығы» не үшін керек? Шаруалар не істесе де өз күнін өздері көруі тиіс» деушілер де табылады. Табиғат — адамға бағынбайтын құбылыс. Ауылдар жұтап жатқанда, көмек қолын соза алмайтын, тек сырттан ғана қарап отыратын, дәрменсіз, қауқарсыз мемлекет болушы ма еді? Ұлттың қаржы қоры қаншалықты қажет болса, мемлекеттік мал азығы қоры да соншалықты керек. Халық сол малмен күн көрсе, үкімет те сол шаруаның қолындағы малды негізге алып, экспортқа ет өткіземіз деп талпынуда. «Құда да тыныш, құдағи да тыныш». Мал кімнің меншігі болса да, сайып келгенде, ол — мемлекеттің қоры.
Кезінде Кеңес Өкіметі де мал азығының 1,5 жылдық қорын жасау туралы арнайы шешім қабылдаған болатын. Тәжірибе қай ұрпаққа болса да ортақ.

Жем-шөп, мал азығы неге қымбат?

Ауыл халқының жаппай қалаға көшуінің басты себебі — жастардың жұмыссыздығы. Ал жұмыссыздықты тудырып отырған негізгі себеп — мал азығының тапшылығы мен қымбатшылығы. «Шаруа қожалықтары бәрін де қамтамасыз етеді» деген талғаусыз, жалпылама түсінікпен жері де, тракторы да жоқ былайғы жұрт назардан тыс қалған.
Ал олар (мұғалімдер, дәрігерлер, зейнеткерлер, жұмыссыздар, мемлекет қызметкерлері т. б.) Шаруа қожалықтар құрамындағы отбасылардан әлденеше есе көп. Мұны статистика оңай анықтайды. Шөптің қымбаттығы туралы өткен мақалада да айтқан едік. Тұқым шашпай, жылда қырқып ала берген соң, табиғи шабындықтың да түсімі азайған. Гектарынан тоннамен түсетін көпжылдық шөпке ауылдың қолы жетпейді. Осыдан 25-30 жыл бұрын егілген көпжылдық шөптер әбден азып, сиреген. Тұқым шашпайды.
«Шөптің түсімі аз, тракторларымыз тозған, қосалқы бөлшектер мен жанар-жағармай өте қымбат, істеген бейнетімізді ақтамайды» деп, бұған дейін халыққа шөп шауып сатып жүрген адамдар өткен жылдан бастап тоқтай бастады. Өздеріне ғана дайындайды. Алда ауылдағы көпшіліктің шөпсіз қалатыны анық көрініп тұр.
Қалыптасқан барлық жағдайды талдай келе, «Мемлекеттік мал азығы шаруашылықтарын» құру туралы ұсыныстарымды ортаға салайын:
1. Совхоздардың бұрынғы егістік аймақтарында құрылған ұсақ шаруа қожалықтарына бөлшектеп берілген танаптарды қайтып алып, жаңа шаруашылыққа бекітіп, екі танаптық (арпа — көпжылдық шөп) ауыспалы егіс жүйесін қалпына келтіруге.
2. Үкіметтің тікелей қаржыландыруымен 10 тәжіри-белік «мемлекеттік мал азығы шаруашылықтарын» құру, техникамен де тікелей жарақтандырылуы тиіс. Олар ешқандай сілтемесіз, қажет.
3. Үкімет пен Парламент осы ұсыныстарды талдап, одан әрі зерттеп, мақұлдаса, «тәжірибелік 10 шаруашылықтың үшеуін, неден бастаймыз?» деп дағдармай, бұрынғы Қазыбек би ауданы, Егіндібұлақ өңірінде ұйымдастыруға болады.

Егіндібұлақты қалай көркейтуге болады?

1. Бір шаруашылық Тәттімбет ауылдық округінде құрылу керек. Орталығы — Арқалық елдімекені. Ал көрші Мәди ауылдық округінде осы шаруашылықтың бригадасын орналастыруға болады.
Тәжірибесінің аздығынан, жастығынан ба, Мырзанбеков Арман деген жас жігіт несие алып, осы Арқалықта мал соятын цех орнатып жатыр. Ал оған мал өткізуге тиісті 7 елді мекеннің бесеуінде мектептері жабылып, тұрғындары жаппай көше бастады. Оның ішінде екеуі (Айрық, Өсібай) жастары жұмыссыздықтан қалаға кеткендіктен болса, үшеуінің тұрғындары (Айыр, Қызылшілік, Шөпшікөл) мекендерінде «Көктасжал» кен өндірісінің ашылуы себепті туындаған экологиялық жағдайға қатысты жаппай қалаға көшпекші. Қаладағы жастар жұмыссыз шұбап жүргенде, бұлар қаладан не алмақ? Сондықтан оларға айлық төлеп тұратын өндірістен, «Көктасжал» кенішінен қол үзбеуге кеңес беремін. Балаларын экологиясы таза Егіндібұлақта оқытып, қосымша мал ұстауларына болады.
Айрық, Өсібай, Қаракөл елді мекендерінен көшіп жатқан азаматтарға кеңесім: үйлерін бұзбай, есік-терезелерін бекітіп, тілеу қылып, консервацияға қоюлары керек. Ал ауылдық округ әкімшіліктері оларды әлдекімдерге бұзғызбай, мектептерді қоса күзет ұйымдастыруы тиіс. Үкімет аталған ұсыныстарды құптап, қолға алса, ол үйлерге сол тұрғындардың балалары, немерелері келіп орнығуы әбден мүмкін. Мұндай жағдайлар кездесіп жүр.
2. «Мемлекеттік мал азығы шаруашылығы Н.Нұрмақов ауылдық округінде құрылуы керек. Орталығы — Өсібай елді мекені. Оған біріктірілетін Абай ауылдық округінде бригадасы болғаны дұрыс.
3. «Мемлекеттік мал азығы» шаруашылығы Қаракөл ауылдық округінде құрылуы керек. Шаруашылық Қаракөл, Егіндібұлақ, Қарабұлақ елді мекендерінің тұрғындарына мал азығын дайындап сатуы тиіс. Бұл шаруашылыққа көрші Қарабұлақ ауылдық округінің іргелес, бос жатқан, бұрынғы егістік танаптарын да қосуға болады.
Енді бір айтатын жай — Егіндібұлақта мал соятын, ет өнімдерін шығаратын цех іске қосылған. Ол нан өнімдерін шығаратын кәсіпкерлікпен біріктіріліп, «Балқантау» ЖШС болып тіркелген. Серіктестік директоры — Өмірзақ Қапсаттаров деген іскер азамат. Бірақ осы мал соятын цехқа жыл он екі ай толық қуатында жұмыс істеуі үшін мал табыла бермейді. Цех 6-7 ай бойы, қашан жазда мал тойынғанша жарым-жартылай жүктемемен ғана жұмыс істейді. Сондықтан кәсіпорын иесі ескі тракторымен шөп шауып, қыстақта мал ұстап әуре. Ал цехтың негізгі міндеті мал сойып, ет өнімдерін өндіру, кондицияға жеткен малдардың етін экспортқа шығару емес пе?
Бұл жерде цех үздіксіз жұмыс істеуі үшін оны қысы-жазы семіртілген малмен қамтамасыз ету мәселесі тұр. Бұл қысы-жазы мал бордақылаумен айналысатын шаруашылық құруды талап етеді. Міне, осындай «малды жетілдіру және бордақылау» шаруашылығын Қоянды ауылдық округінде құруға болады. (Атақты Қоянды жәрмеңкесінің орны). «Жетілдіру» (дорацивание) деген сөзді неге айтып отырмыз? Жеке шаруа күнкөрісіне қажет болған соң, тайыншаларды 1,5-2 жаста сойып, етке өткізуге мәжбүр. Оны үшінші қыс ұстап бордақылауға шамасы жоқ (жем-шөп, қора жайы т.б.). Аталған шаруашылық осы малдарды қабылдап, өсіріп, арнайы технологиямен бордақылауы тиіс.
Шаруашылықты мемлекет құра ма, жоқ әлде несие алып жеке тұлға ретінде шыға ма, оны үкімет өзі шешеді. Қоянды — менің туған ауылым. Сондықтан оның жағдайын жете білемін. Егіндік алқаптарға да, шабындыққа да, жайылымға да аса бай. Жеке тұлғалардың бұл іске тәуекелсіз-ақ қорықпай баруына болады.

Түйін:

Мал шаруашылығы — механизм, оның қозғаушы күші — мал азығы

Қорыта келгенде, республиканың мал шаруашылығын алып «механизм» десек, оның қозғаушы күші — мал азығы. Мал азығы мол болса, қойған «дөңгелектері» өздігінен айналады.
Елдегі жаңалықты естіген, тұрақты жұмысы жоқ, қалада пәтер жалдап, қиналып жүрген жастар топтасып оралады. Шаруашылықта жұмыс істеп, бәсекемен мал өсіреді. Көшу тоқтайды. Жабылған мектептер қайта ашылып, ауыл біртіндеп келеді.

 

(50)