Ауыл шаруашылығы: Елбасы басым бағыттарды айқындап берді

Жалпы, бұл жолғы Жолдау жаңа әлемге, яғни Төртінші өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделу мен жетістікке жету жолын табу үшін не істеу қажеттігін айқындайды. Елбасы соған барар сан тарау жолдар мен соқпақтарға бағыттап, осындағы басым бағыттарды айқындап, Үкіметке нақты тапсырмаларды жүктеді. Сондай-ақ, ол жыл қорытындысы бойынша ішкі жалпы өнімнің өсуі 4 пайыз болып, ал өнеркәсіптік өнімнің өсуі 7 пайыздан асқандығын тілге тиек етіп, алда алар асулардың тетіктерін атап көрсетуі Төртінші өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделу мен жетістікке жетуге барар бағытты нұсқады.

Бұл орайда, өнеркәсіптің жалпы көлемінде өңдеуші сектордың үлесі 40 пайыздан асып түскендігін, мұның өзі Қазақстанның қолайлы дамуы орта таптың қалыптасуына мүмкіндік беретіндігін аталмыш Жолдауда кең көлемде айтып өтті. Қазақстан өз алдына жеке мемлекет болып, тәуелсіздік алған жылдардан бері ауыз толтырып айтарлықтай әлемдік дәрежедегі жетістіктерге қол жеткізгендігі баршамызға мәлім болып отыр. Осы мерзім ішінде кедейшілік 13 есе қысқарып, жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызға дейін төмендегенін ұлт Көшбасшысы биылғы еліміздің басты құжатында атап көрсетті.
Бірыңғай электрондық еңбек биржасын кең ауқымда енгізу қажет. Онда бос жұмыс орындары мен жұмыс іздеушілер туралы барлық ақпарат жинақталуға тиіс.
Жолдауда еліміздің азаматтары үйлерінен шықпай-ақ кәсіби бағдарлы тест тапсырып, оқу курстары мен мемлекеттік қолдау шаралары туралы біліп, өзін қызықтыратын жұмыс таба алатындығы жайлы, еңбек кітапшаларын да электрондық форматқа көшіру туралы айтылған. Сондай-ақ, тиісті орындарға электрондық еңбек биржасы туралы заңды 2018 жылдың 1 сәуіріне дейін қабылдауға тапсырма берілді. Демек, әлеуметтік саясат азаматтарды толыққанды экономикалық өмірге тарту арқылы жүзеге асырылатын болады.
Яғни, барша қазақстандықтар өздерінің атқаратын жұмыстарын заңдастыруға зор мән беруі керек. Өйткені өмір бір орнында тұрмайды, күн сайын жаңарып келеді. Біз де сол екпіннен жаңылмауымыз керек.

Нәстілек Сәменбетов,
Малгелді ауылдық округі ақсақалдар алқасының төрағасы,
Аягөз ауданы, ШҚО

Өткен жылы Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын іс жүзінде қолдаған «Qazaqstan zamany» газетінің ұжымы «Ауыл — рухани жаңғырудың қайнар бұлағы» деген атпен «Нұр Отан» партиясы және ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесе отырып, экспедиция ұйымдастырған болатын. Экспедициямыз бүкіл республиканы аралап шықты. Ауылдарда жақсы да игі істермен қатар көкейтесті мәселелер де, кемшіліктер де жетерлік. Міне, экспедиция кезінде көрген осы жайттарды үкімет назарына ұсыну үшін қаңтардың  Астана қаласында дәстүрлі дөңгелек үстел өткізуді жоспарлап отырмыз. Дөңгелек үстелге «Нұр Отан» партиясы, (ҚР Ауыл шаруашылығы, ҚР Білім және ғылым министрліктерінің басшылары, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері), Парламент депутаттары, саясаткерлер, зиялы қауым өкілдері шақырылып отыр. Бүгін біз осы дөңгелек үстел қарсаңында Қарағанды облысының ардагері Қайыр Рахметуллиннің ұсыныс-мақаласын жариялап отырмыз. Сіздер де, қадірлі оқырман, ауыл жанашырлары, пікірлеріңізді, ұсыныстарыңызды редакциямызға жолдауларыңызға болады.

(14)