Алаштың тұңғыш соты – Бірімжанов

Ресейден табылған қабір
Алашшыл азамат, Алашорда өкіметінің іргетасын қалау-шылардың бірі, Торғай өңірі-нен Ресейдің алғашқы екі Думасына да депутат болып сайланған Бірімжанов Ахмет Қорғанбекұлының 1927 жылы Санкт-Петербург қаласында қайтыс болып, Ново-Волховскідегі мұсылман бейітіне жерленгенінен бұрыннан хабардар едім. Ресейдің алғашқы Мемлекеттік Думасының 90 жылдығына арналған Халықаралық конференцияға қатысуға барған сапарымда ардақты азаматтың қабірінің басына тәу етіп, рухына Құран бағыштаудың сәті түскен болатын. Жанымда Қазақстан Парламенті Сенатының сол тұстағы депутаттары Сабыр Ахметжанұлы Қасымов пен Ерлан Жақанұлы Қошановтар бар. Үшеуміз зират басына арнайы іздеп бардық.
Ондаған жылдар өткен соң, көп қабірлердің арасынан Ахаңның белгісін табу да оңай болған жоқ. Бұл арада замандас інім Сабыр Ахметжанұлы Қасымовтың кәсіби шеберлігі де кәдеге жарады. Шырақшы қариямен әңгімелесіп: «Осы қорымда жатқан қазақ бар ма, Қазақстан елінен ертелі-кеш келіп сұрап, басына барып тәуап етушілер болды ма?» — деп суыртпақтай сыр тартты. Бір кезде қария: «Тоқта, тоқта, сондай кісі болу керек», — деп, бізді бір бейіттің басына алып келді. Сол 20-жылдардың үлгісімен қойылған кұлпытас бетіне араб әріптерімен марқұмның аты-жөні, өмірге келген, дүниеден өткен уақыты (1870-1927) көрсетілген. Екінші бетіне орыс әріптерімен «Беремжанов А. К.» деп жазылған.
Сол жолы 57 жыл жарық дүниеде өмір сүріп, халқымыздың зиялы кауымының басында тұрған, үлкен елдік маңызы бар істермен шұғылданған, артына зерделі ұрпақ қалдырған баба басында Қазақстан Парламенті Сенатының ең жас депутаты Ерлан Жақанұлы Қошанов інімізге: «Ағалар бастаған үлкен істің лайықты жалғастырушысы бол», — деп тілек білдірген едік.
Бүгінде осы тілегіміздің періштенің құлағына шалынғандай болғанына ризамыз. Президент Әкімшілігінде, Парламентте, Үкіметте жауапты қызметтер атқарған Ерлан ініміз қазіргі кезде Қарағанды сияқты ірі облысты басқарып отыр. Лайым, ісі оңға баса берсін!
Қазақ халқының жарқын болашағы жолына өмірін арнаған Бірімжанов Ахмет Қорғанбекұлы 1870 жылы 7 желтоқсанда Торғай уезі Тосын болысының №1 ауылында (қазіргі Жангелді ауданы) дүние есігін ашқан.
Ахмет Бірімжанов Қорғанбек отбасындағы тұңғыш ұл болған соң, ата-ананың одан күткен үміті мол еді. Ахмет әке-шешесінің арман-мұратын толық орындады деуге болады. Ол жастайынан-ақ өзінің текті әулеттен шыққанын естіп, көріп, біліп өсті.
Егер тегін қуалар болсақ, Ахмет Бірімжановтың арғы аталары да жай адамдар емес. Атақты Жәнібек Тархан Қошқарұлынан бері қарай тарқатқанда Дәуітбай, Мұса, Шеген, Бірімжан, Қорғанбек, Ахмет болып өрбиді. Осылардың ішінде Шеген бидің беделі халық арасында өте күшті болған. Шеген би кезінде Кенесары көтерілісін қолдаған. Ал Шеген бидің қызы Айман Ыбырай Алтынсариннің анасы болып келеді.
Ахмет Бірімжановтың әкесі Қорғанбек — атақты педагог Ыбырай Алтынсариннің алдын көрген, одан сабақ алған үлгілі шәкірттерінің бірі. Кейін ол ұлы ұстаздың сенімін ақтап, жоғарыда айтқанымыздай, өз заманының оқыған, білімді, зиялылары қатарында жүрді.

Шақшақ Жәнібектің ұрпағы

Әкесі Қорғанбектің тікелей тәрбиесін көрген Ахмет арғы аталары Шақшақ Жәнібек, Шеген би туралы ел ағалары — ақсақалдардың, билер мен батырлардың (өз әулетінің негізін салған) әңгімелерін құлағына құйып, санасына сіңіріп ержетті. Осы әңгіме-әфсаналардан жас Ахмет өз әулетінің негізін салған аталарының қазақ халқының елдігіне сіңірген еңбегін жастайынан-ақ сезініп, өзінің халық алдындағы, ата-ана алдындағы қарызы мен парызын ерте ұғынды.
Заман аңғарына қарай Ресей мемлекетінің чиновнигі қызметін атқарған әкесі Қорғанбек қазақ қауымының зиялылары тобының жаңа өкілдерімен тығыз достастық қарым-қатынаста болды. Осы тұрғыдан алғанда Қорғанбек отбасымен сенімді достық қарым-қатынас орнатқан Әлмұхамед Сейдалиннің Қорғанбек отбасының мүшелеріне, оның ішінде бала Ахметке үлкен ықпалы болғанын ешкім жоққа шығара алмайды.
Осындай өркениетті отбасында тәрбиеленген Ахмет Қорғанбекұлы жастайынан-ақ зерек, алғырлығымен көзге түсті.
Ахмет Бірімжановтың әкесі Қорғанбек балаларының заман талабына сай білім алуының қажеттілігін ерте түсінді. Сондықтан ол баласы Ахметті Торғайдағы 2 кластық орыс қазақ мектебіне берген болатын. Сөйтіп, Ахмет Қорғанбекұлының алғашқы білім бұлағына сусындауы Торғайдағы түземдіктер үшін ашылған 2-кластық орыс-қазақ мектебінен басталды.
Ахмет зерек, алғыр шәкірт болды. Ол ата-анасының және ұстаздарының сенімін толық ақтады. Торғайдағы 2 кластық мектепте білім негіздерінен алғаш ұғым қалыптастыратын барлық пәндерді толық меңгерді және осы қысқа аралықта өзіне бейтаныс орыс тілін жетік біліп, орысша еркін сөйлеп, жазатын дәрежеге жетті.
1868 жылы Орынборда қазақ даласындағы мемлекеттік басқару жүйесінде істейтін қазақ қызметкерлерін дайындайтын ер балаларға арналған гимназия ашылды.
Өз баласының аса зор қабілетін дер кезінде танып-білген көзі қарақты, камқор әке Ахметті Орынбордағы ер балалар үшін ашылған гимназияға оқуға берді. Сөйтіп, 1883 жылы бала Ахметтің Орынбор қаласында білім жолы басталды. Осы гимназияда Ахмет 7 жыл оқып, заманында қазақтар арасында өте беделді, абыройлы болып есептелінген осы оқу орнын 1891 жылы үздік бітіріп шықты.
Орынбор гимназиясының 1891 жылғы педагогикалық кеңесінің хаттамасында Ахмет Бірімжановқа «Табиғатынан талантты және ақыл-ойы өте дамыған бала» деген мінездеме берілген.
Орынбор гимназиясын күміс медальмен бітірген Ахмет 1891 жылы 20 тамызда Императорлық Қазан университетінің студенті атанды.

Елін заңмен қорғаған

1895 жылы Ахмет Бірімжанов Қазан университетінің заң факультетін алтын медальмен бітіріп, туған елі Торғайға оралды. 1898 жылы Ахмет Бірімжанов Торғай облыстық басқармасына қызметке орналасып, бір жарым жылдан кейін Орынбор округтік сот қарамағында сот қызметіне кіші кандидаттық жұмысқа ауысты. Білімді, сауатты және өз ісіне жауапты қарайтын, тындырымды білікті маман ретінде өзін көрсете білген Ахмет Бірімжанов көп ұзамай сот қызметіне аға кандидат дәрежесіне көтеріліп, жұмыс істей бастады. Бірақ осыдан кейінгі жылдары жоғары білімі бар диплом иесі бола тұра, округтік сот аппаратында казақ халқының өкілі ретінде басшы қызметке қойылмады. Бұған патша үкіметінің жергілікті халық өкіліне деген кертартпа саясаты өз әсерін тигізген болса керек.
Арада біраз уақыт өткенде Ахмет Ақтөбе уезіне бітімгер судья қызметіне ауыстырылады. Осы қызметте жүріп, ол Ресей мемлекетінің саясатына араласа бастайды. Атап айтқанда, Ресей Мемлекеттік Думасына 2 рет қатарынан депутат болып сайланады. Әртүрлі саяси себептерге байланысты Думаның жұмыс істеу мерзімі ұзаққа созылмағанымен, Ахмет Бірімжанов үшін ол саяси күресте тәжірибе жинақтаудың өзіндік мектебіне айналды. Дума қабырғасында жүріп, өзі сияқты халқының қамын ойлайтын алашшыл азаматтармен танысып, бұдан былайғы өмірі солармен тізе қосып, елінің ертеңін ойлауға жұмсалды.
Жазушы Ғалым Ахмедов өзінің «Руссия Думасындағы казақ депутаттары» деген мақаласында Бірімжанов Ахмет Қорғанбекұлы туралы мынадай деректер келтіреді:
«Бірімжанов Ахмет Қорғанбекұлы Торғай облысынан (ол кезде Торғай облысына қазіргі Ақтөбе және Қостанай облыстары кіреді). Қазан университетінің заң факультетін алтын медальмен бітірген, бітімші сот болып қызмет істеген. Думаның аграр комиссиясының мүшесі болған, мұсылман фракциясының жұмысына қатынасқан. Аса жұмсақ мінезді, білімді депутат».
Бірінші Мемлекеттік Дума жұмысына қазақ елінің атынан үш депутат қатысты. Олар: Орал облысынан Алпысбай Қалменов, Торғай облысынан Ахмет Бірімжанов және Семей облысынан Әлихан Бөкейханов т.б.
Қазақ депутаттары А.Қалменов пен А.Бірімжанов Петербургке Дума ашылғаннан кейін бір жарым ай өткен соң, яғни 10-17 маусым аралығында келіп, Дума жұмысына қатынаса бастағанда аграрлық, азаматтық теңдік туралы және басқа мәселелер алғашқы талқылаудан өтіп, олар бойынша тиесілі комиссиялар құрылып қойған еді. Ал Ә.Бөкейханов болса, қазіргі анықталған деректердің көрсетуіне қарағанда, Дума жабылуға 1-2 күн қалғанда жеткен. Міне, осыған қарағанда, қазақ депутаттарына Дума жұмысына араласуға берілген уақыт тым өлшеулі болған сияқты.
Соның өзінде де 2 шілде күнгі Дума отырысында Ахмет Бірімжанов сөз сөйлеп, қазақ елінің жерге байланысты шешілмей жатқан көп мәселелері бар екендігін айтып, аграрлық мәселе бойынша құрылған комиссияның құрамына Қазақ депутаттарының өкілін енгізуді ұсынады. І Мемлекеттік Дума жұмысына Қазақ депутаттарының Мұсылман фракциясы қатарында атсалысады. Аталған фракция аграрлық мәселеге байланысты бас құжат болып табылатын заң жобасын жасауға күш салады. Олар мұсылмандар партиясының бағдарламасына сүйене отырып, аграрлық тұжырымдама жасады. Сырттан қоныс аударуды біржола тоқтатуды талап етті. Дума комиссиясына берілген осы құжатпен қатар Ахмет Бірімжанов, Алпысбай Қалменұлы басқа депутаттармен бірге жоғарғы үкімет органдарына қоныс аударушыларды жерге орналастыру комиссияларының қазақ даласында жасап жатқан заңсыз әрекеттері жөнінде сұрау салды.
Мысалы, қазақ даласына орыс шаруаларының қоныс аударуын тоқтатып, оның қателігіне үкіметтің назарын аудару мақсатымен Думаға қазақ өлкесінен сайланған Б.Қаратаев, А.Бірімжанов, Ш.Қосшығұлов, Т.Нүрекенов сияқты депутаттардың егіншілік және жерге орналастыру ісінің бас басқарушысы князь Васильчиковке барып, осы мәселені қойған кезде алған жауабы мынадай болды: «XX ғасырда қырғыздардың көшпелі өмір салтын тоқтату керек. Сол үшін де жаңа қоныстанушылар керек-ақ».
Сондай-ақ А.Бірімжанов 2-Думада әскери дала соттарын жою туралы заң жобасын жасау комиссиясының құрамында болған кезінде де ішкі Ресейден қазақ даласына қоныс аударушыларға қатысты мәселені назардан тыс қалдырмай, олар қоныстанған учаскелерде орын алып отырған заңсыздықтар туралы шағымданумен болады. Өйткені бұл кезде жер, қоныс мәселесі ушығып, ол қазақ халқының тағдырына тікелей әсер еткендіктен, бұл мәселе қазақ зиялыларын қатты толғандырды.
Ресейдің бірінші Мемлекеттік Думасы күшпен таратылған соң, Ахмет Бірімжанов елге қайта оралып, Орынбор округтік сотының сот тергеушісі болып еңбек етеді. Міне, осы кезде ол бұлардың әулетімен бұрыннан таныс, өз заманының оқыған, көзі ашық, зиялы азаматы Әлмұхамед Күнтөреұлы Сейдалиннің қызы Гүлжауһар Әлмұхамедқызымен отбасын құрады.

Алашорда мемлекетін құрудағы жанталас

Халқының бостандығы жолына өмірін арнаған қажымас күрескер Ахмет Бірімжановтың мұнан кейінгі тағдыры оны Ресейдің алыс түкпіріндегі Бұзылық қаласына қоныс аударуға мәжбүрледі. Орынбор округтік соты, Торғай облыстық басқармасы, Ақтөбе уездік соты жүйелерінде біршама жұмыс тәжірибесін жинақтаған Ахмет Қорғанбекұлына Бұзылық қаласының сот жүйесіндегі бейтаныс ортада жұмыс істеу оңай болған жоқ. Алайда Ахмет мұнда да өзінің білімді де білікті маман екенін дәлелдеп, төңірегіндегілердің құрметіне бөленді.
Қазақ халқының тарихында 1916 жылғы ұлт азаттық көтерілістің маңызы өте зор. Торғай облысының қазақтары Ресей патшасының «25 маусым жарлығына» жаппай қарсылық көрсетіп, Торғай облысының Торғай уезі көтерілістің негізгі орталығына айналды.
Майданның қара жұмысына алынған қазақ жігіттеріне Земгор ұйымы тарапынан қамқорлық көрсету үшін Ә.Бөкейханов бастаған Алаш көсемдерінің ерен еңбегі қазір көпшілікке кеңінен белгілі.
1917 жылғы ақпан революциясынан соң Қазақстанда уақытша үкіметтің жергілікті органдары кұрылған болатын. Ахмет Бірімжанов ақпан революциясынан кейін Торғай облыстық комиссары Ә.Бөкейхановтың басшылығымен ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдар құру, әлеуметтік-экономикалық реформалар бағдарламаларын жасау ісімен айналысты.
1918 жылы қазанның 14-17 күндері Ахмет Бірімжановтың басшылығымен А.Алдияровтың және Омаровтың ұйымдастыруымен Қостанайда өткен төтенше уездік съезге әуелі 39 делегат қатынасып, кейін олардың саны 69 адамға жетті.
Осы съезд делегаттары Алашорданы жоғарғы үкімет деп танып, Қостанай уезінің территориясын Қазақ Автономиясының құрамдас бөлігі деп жариялады.
Қазақстанда Кеңес өкіметін орнату процесі жүріп жатқан кезде, «Қазақ» газетінің 1917 жылғы 21 қарашадағы 251-санында Алаш партиясының бағдарламасының жобасы жарияланды. Бұл бағдарламаны Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Е.Ғұмаров, Е.Тұрмұханбетов, Ғ.Жүндібаев, А.Бірімжанов дайындаған болатын.
1917 жылғы Ақпан революциясының жеңгені, патшаның тақтан түскені туралы хабар қазақ даласына наурыздың басында келіп жетті. Осы кезден бастап «Қазақ» газетінің басшылығымен қазақ зиялылары жалпы қазақ құрылтайын шақырып, онда жалпыұлттық мәселелерді талқылауға даярлана бастады. Алдымен облыс орталықтарында екі-үш облыс өкілдерінің съездері өтеді, артынан, яғни шілде айында Орынборда бірінші жалпықазақ съезі шақырылады.
Өкінішке қарай, Ахмет Бірімжанов белсенді мүшесі болған Алашорда үкіметінің билігі ұзаққа бармады. Қазақ елін өз алдына автономия жасау жолындағы алаштықтардың күш-жігері Уақытша үкімет тарапынан да, Кеңес өкіметі тарапынан да қолдау таппады. Ақыры Алашорда мен Кеңес өкіметі арасында жүргізілген келіссөздер нәтижесінде Қазревкомның 1920 жылғы 5 наурыздағы қаулысымен Алашорда таратылды.
Ендігі жерде Кеңес өкіметі жағына шығып, халқына қал-қадырынша қызмет етіп, ағарту жұмыстарымен шұғылданудан басқа жол қалмаған болатын. Осы мақсатпен Ахмет Бірімжанов 1923 жылы отбасымен Торғайдан Орынборға көшіп келіп, өз мамандығы бойынша заңгерлік қызметке кірісті. 1923-1926 жылдары Әділет халық комиссариатында заң шығару бөлімінің меңгерушісі болып еңбек етті.
Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында Қазақстанның жер-жерінде сот құрамын түгелдей қайта сайлау науқаны кезінде Ахмет Бірімжанов бөлім басшысы ретінде үлкен ұйымдастырушылық қабілетін көрсете білді.
1925 жылы Қазақ АССР-ның астанасы Орынбордан Қызылорда қаласына қоныс аударғанда да Ахмет Бірімжанов заңгерлік қызметін абыроймен атқара берді. Қазақ АССР Әділет комиссариатының алқа мүшесі, Қазақстанның жоғарғы сотының мүшесі болды.
Ол бұл жауапты жұмысқа тәжірибелі заңгер, бұрынғы Ресей Думасының депутаты, республика Әділет комиссариатының бөлім басшысы ретінде белсене қатынасты және өзінің біліктілігі мен білімін көрсетті. Республиканың және Әділет комиссариатының басшылары тарапынан Ахмет Бірімжановқа Конституция жобасының маңызды тараулары мен негізгі тұжырымдарын дайындау тобының мүшесі ретінде үлкен сенім артылды. Осы Конституцияның жобасын дайындауға А.Бірімжановтың сүбелі үлес қосқаны тарихи шындық.
Өкінішке орай, Ахмет Қорғанбекұлы Бірімжановтың ғұмыры үзақ болмады. Ахмет Қорғанбекұлы 1927 жылы 5 каңтарда ұзаққа созылған науқастан соң, Ленинград (Санкт-Петербург) қаласында қайтыс болды.
Ахмет Қорғанбекұлының қазасы оның отбасы мен ағайын-туысқандарының ғана емес, бүкіл Алаш жұртшылығының қайғысына айналды. Ахмет Бірімжановтың дүниеден өткені туралы қаралы хабарды азаттық аңсаған бүкіл қазақ халқына еліміздің ардақты ұлы, Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлы 1927 жылы 9 қаңтарда «Еңбекші қазақ» газеті арқылы былай деп жеткізді:
«Ахмет Бірімжанов Гүлжауһар Сейдалинаға 1908 жылы Ырғыз қаласында үйленген 1919 жылы Ахмет пен Гүлжауһардың 4 баласы болған. Тұңғыш қызы Райхан нәресте шағында шетінеп кеткен. 1910 жылы жас отбасының тұңғыш ұлы Батырбек, 1915 жылы қызы Іңкәр, 1919 жылы Мұрат дүниеге келген.
Ахмет Қорғанбекұлы Бірімжановтың балалары әкесі Ахмет және анасы Гүлжауһардың берген тәлім-тәрбиесін толығымен ақтап, тек бір отбасының ұл-қыздары ғана емес, бүкіл елдің ерен азаматтарына айналды. Сөйтіп, ата-ананың, туған халқының үміттерін толық ақтады және өз ұрпақтарына үлгі бола білді».

Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлы 1927 жылы 9 қаңтарда «Еңбекші қазақ» газетінде былай деп жазады:
«Ахмет Бірімжанов Гүлжауһар Сейдалинаға 1908 жылы Ырғыз қаласында үйленген. 1919 жылы Ахмет пен Гүлжауһардың 4 баласы болған. Тұңғыш қызы Райхан нәресте шағында шетінеп кеткен. 1910 жылы жас отбасының тұңғыш ұлы Батырбек, 1915 жылы қызы Іңкәр, 1919 жылы Мұрат дүниеге келген.
Ахмет Қорғанбекұлы Бірімжановтың балалары әкесі Ахмет және анасы Гүлжауһардың берген тәлім-тәрбиесін толығымен ақтап, тек бір отбасының ұл-қыздары ғана емес, бүкіл елдің ерен азаматтарына айналды. Сөйтіп, ата-ананың, туған халқының үміттерін толық ақтады және өз ұрпақтарына үлгі бола білді».

Өмірзақ Озғанбаев, Республикалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары

(381)