mm
Халықаралық «Қазақстан-ZAMAN» қоғамдық-саяси газетінің Бас директорының бірінші орынбасары.ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Журналистер Одағының мүшесі, “ЕлАна” Қоғамдық, әлеуметтік, танымдық, ақпараттық сайтының бас редакторы.

Азғындыққа заман кінәлі ме, адам кінәлі ме

немесе Үкіметке, дүйім жұртқа, зиялы қауым өкілдеріне ашық хат

Үндемеу қылмыспен парапар, ал біз үндемедік

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы шыққанда қатты қуандым. Өз ұлтының, мемлекетінің болашағына алаңдайтын әрбір қазақ шаттана қуанды. Неге? Себебі дәл қазір қоғамымызға, мемлекетімізге рухани жаңғыру, ерекше бетбұрыс ауадай қажет еді. Өте қажет! Еліміздің болашағы саналатын балаларымыз бен жастарымыздың көңіл аударарлық бір бөлігі азғындыққа бет бұрып жатқанын күнделікті өмірде, кейінгі кезде әлеуметтік желілерде, теледидарда, сайттарда неше түрлі адам шошитын сұмдықтар көреміз, естиміз, тіпті етіміз үйреніп бара жатқаны жүректі шошытады. Осыларға ерекше «Қазақ үні», «Қамшы», «Абай.кз» тағы көптеген сайттар, азаматтар өзінің азаматтық пікірлерін білдіріп жатады. Бұл, әрине, мені қуантады, яғни бей-жай қарамағаны. Мен де ана ретінде үндемей отыра алмаймын.
Иә, үндемей отыра алмаймын! Үнсіздік, жайбарақаттық, қаперсіздік, жауапсыздық, немқұрайдылық түбімізге жететін түрі бар. Осы күнге дейін бәріне, бәріне көз жұмып, үндемей келдік. Иә, иә, бұл үндемеу қай кезден пайда болды? Тәуелсіздігіміз келді. Жақсылықтармен бірге жамандықтар ағылып ене бастады. Үндемедік! Ең үлкен жамандық сырттан келер қақпаны айқара ашып тастадық. Ит те, құс та, құмырсқа да, құрт та бәрі еркін кірді. Әлі есімде, қалаларды қойып, ауылдарымызға қара қарғалар сынды порнографиялар келе бастады. Жезөкшелікке апаратын көріністерді үй-үйде кәріміз де, жасымыз да аузымыздан суымыз ағып қызыға көрдік. Үндемедік! Қазақ дәстүріне жат сериалдар теледидарды жаулап алды. Отбасымызбен ынтыға тамашаладық. Кеңес үкіметі киноларында сүйіспейтін. Бүгіндері сүйісу түгілі одан да сорақысы көрсетіліп жатыр. Етіміз біртіндеп үйренді. Үндемедік! Кітапшаларын, інжілін арқалап мың-мыңдаған секталар келді. Жәй келмеді, имансыздықты насихаттады. Жыландай иретіліп, қойын-қонышымызға кірді. Үндемедік! Арақ Кеңес өкіметінде қазақты аздырудың басты қаруы еді. Оның үстіне есірткі қосылды. Көше-көшеде, базар-базарда есірткі сатқандарды көрсек те көрмегенсідік. Жастарымыз, тіптен уыздай балаларымыздың тамыр-тамырын улап жатты есірткі. Үндемедік!
Бұл бұл ма, ғаламтор дәуірі келген соң, жастарымыздың дені жүгенін сыпырып, осы әлемге лек-легімен кіре бастады. Алғашында қызық көрдік. Жастар түгілі кәрілеріміз де білек сыбанып ғаламторды, компьютерді жүгендедік. Кейін компьютербасты уланған, жат мінезді, отбасыдан, қоғамнан бөлектенген ұрпағымызды көргенде «аһ!» ұрдық. Үндедік, айқай салдық, жанұшырдық! Бірақ кеш қалыппыз. Жөргегін сүйреткен сәбилеріміз ес білгеннен телефондарымызға жармасып жатты. Ғаламтор дәуірінің жат көріністері андағайлап көрініс бергенде де ештеңеге мән бермедік. Яғни үндемедік! Сонау Кеңес үкіметінен бастау алған қатыгездік одан сайын асқынды. Нәрестесін тастап кететін қыздарымыз көбейді. Бұрын намыстанатынбыз, ұялатынбыз. Кейін бұл сұмдыққа да үйрендік. Үндемей құтылатын болдық! Соңғы жылдары 14-16 жасар мектеп жасындағы қыздарымыз ондап емес, жүздеп жүкті бола бастады. Ол салт-дәстүрлеріміздің қаймағы бұзылмай тұр деп мақтаныш ететін оңтүстік өңірлерде де етек алды. Бұл масқараға да әлі де үндемей отырмыз! Әкесі баласын, баласы анасын өлтіру, ұру, қорлау көбейіп тұр. Телеарналарда жаңалық жақсылық айтпайды, осындай зұлымдықты, қатігездіктерді термішілеп күнделікті «сүйінші» сұрайды. «Әй, тоқта!» дейтін қожайын жоқ. Бұған да үнсізбіз, үндемейміз! Сол теледидарда жұлдыз қыздарымыз жасымыздан бастап, жасамысымызға дейін иықтарын жалаңаштап, емшектерін бұлтитып айдай сахнаға шығып, «зор өнеге» көрсетеді. Үндедік пе бұған, жоқ, үндемедік! Тастанды сәбилеріміз қоқыс жәшіктерде, әжетханаларда іңгәлап жылап жатты. Қарттар үйлерінде жастары сақалын жуған, кемсеңдеген әжелеріміз жетіп артылады. Бұған да көзімізді тарс жұмып, құлағымызды жауып, үндемедік. Соңғы жылдары батыстан ба, әлде мұхиттың арғы жағынан келген бәле ме, азаматтық неке деген пайда болды. Әке-шеше, туған-туыстарға айтпай-ақ шаңырақ көтереді, бірге тұрады, ұнамаса ажырасып кете салады. Бұл не деген сұмдық?! Үндедік пе, айтшы, ағайын, үндемедік! Бұл бұл ма, батыстың 27 мемлекеті заңдастырған көгілдірлер, еркекшоралар бізде де көлбеңдеп көрініс берді. Тіпті неке сарайына барып қос қыз «отбасы» болды. Ай, бұған да үндемедік-ау! Пушкин мен Құрманғазыны сүйістіріп, мазақ қылғандарға қандай жаза қолдандық? Заң орындары неге үндемеді? Мен бұл үндемеуді нағыз намыссыздық, бейшаралық дер едім!
Енді, міне, осы ашық хатымыздың жазылуына түрткі болған қыздарымыздың жалаңаштануы да, оны ұйымдастырушылары да жазасыз қалатын түрі бар. Төреғалидың басбұзарлығы, көкірек көтеруі, үлкенді сыйламауы да тасада қалатын сияқты. Менің үндемей қоюыма намысым жібермеді! Үндеп жатқандар, әрине, жоғарыда айттым, журналистер қауымы, ат төбеліндей ұлт жанашырлары. Тіптен жалаңаштанғандарды, Төреғалидың қылығын қолдап жатқандарға не деуге болады өзі?

Баянымызды қорлаған кім?

— Біздің қазақ киносы тарихында дәл осы «Баян сұлу» сериалындай дау-дамай туғызған сериал болған жоқ. Неге? Бұл жанжал қайдан шықты? Негізгі сыншы халық емес пе? Халық — елек. Өнерді бір қап ұн деп қарайтын болсақ, ұныңды елегенде керегі бір жақта, кебегі бір жақта қалмай ма? Осы сериалды електен өткізсек, бұның керегі шамалы, кебегі көп дүние. Сондықтан да көпшілік көңілінен шықпағаннан кейін наразы.

Қоғамда халқымыз неден, кімнен үлгі алуды шатастырып алған сияқтымыз. Яғни, адасып барамыз. Мысалға, Баян Мақсатқызы немесе Алагөзова ма, әйтеуір, оны көпшілігіміз «үлгі» тұтамыз. Әлеуметтік желінің патшайымы, ханшайымы қазір Баян Мақсатқызы болып тұр. Кішкене артқа шегінейік. Ең алғаш Баян ханым күйеуінен зәбір көрген, аяусыз соққыға жығылған, бейшара әйел болып көрінді. Әлем әртісі дерсіз! Оны түгел жазып оқырманның басын қатырғым келмейді. Аяғында шімірікпей апталдай азаматты, балаларының әкесін түрмеге жапты. Неше түрлі адам шошитын, ешқандай имандылыққа, біздің қазақ қызына тән емес сұмдықтарға барды. Естір құлаққа түрпідей тиетін мына сөз де оның аузымен айтылды. «Мен күйеуімнің көзіне шөп салдым!» Бұл қазақ қызы айтатын сөз бе еді, халқым-ау?! Тіпті отбасынан ажыратып әйелін тірі жесір, балаларын тірі жетім етіп күйеуге тиді. Оны да бүкіл әлемге сүйінші сұрады. Бір нәрсесін әлеуметтік желіде қалдырған жоқ. Осылай көзді ашқаннан түн ортасына шейін біздің оқығанымыз Баян ханым болды.
Айтпақшы, мұны аз десеңіз, Баян Мақсатқызы мемуар тектес кітап жазды. Оны да сенсация сүйгіш журналистер айқайлатып жазды. Бейшаралық-ау десеңші! Кітаптың қазақшасы «Баян. Өзім жайлы ғана емес», орысшасы «Баян. Оба мне и не только» деп аталады. Тиражы 20 мың. Мына заманда білдей жазушылар маңдай терімен қиналып жазған кітаптарын 2 мың таралыммен әрең таратып жүргенде, жазуға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын Баякең, «Мұрның барда бір сіңбір» деген қағиданы іске асырып кетті. Кітабын жазды, ақыл айтты, өмір жолын суреттеді, осы сәтте бүкіл әлеуметтік желідегілер екіге бөлінді. Баянды мақтаушылар мен жақтаушылар саны көбейді. Бір қазағым екіге бөлінді. Айналайын, айтыңдаршы, бұл тәрбие ме? Тіпті әкесін, атасын сөйлеттірді. Менің жанымды ауыртып, жүрегімді жылататын мына нәрсе. Осындай жүгенсіз кеткен Баян ханымға неге осындай үлкен жүктің — киноның тағдырын береді? Еркін, Рүстем, Ақандар қайда? Олар алып жүре алмайтын ба еді, олар еңбегін көрсетпес пе еді?
Бүгінгі күйеуі Тұрсынғали Алагөзов Баянының моншаға түскенін, тойдағы ашық-шашық киініп жүргенін, жалаңаш иығын… көрсетпегені қалмады ғой тіпті… Осы әлеуметтік желіні жас ұрпақ оқиды. Ең сорақысы осындай өзінің отбасына ие бола алмаған адамды кереметтей мақтап-мақтап, «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» фильмінің бүкіл тағдырын беруіміз нағыз масқара іс. Ол жағы да өздеріңізге белгілі. Қоғам тағы да екіге жарылды. Зиялы қауым ерекше, аяусыз ойларын айтты. Тіпті көрсетпеңіз деп қол жинап, әрең тоқтатқандай да болды. Ешқандай нәтиже шыққан жоқ. Демек биліктегілерге бұл ұнайды. Ал қарсы пікір қосқан азаматтарға ризалығым шексіз. Демек немқұрайлы қарамағаны. Намыстарына тиеді, жандары ауырады. Соның бір-екеуінен мысал келтіре кетейін. Белгілі сатирик, қазақтың көрнекті сатира сардары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Көпен Әмірбек Ұлттық арнадан көрсетіліп, үлкен дауға айналған «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» сериалына қатысты өз пікірін былай жеткізді:
— Біздің қазақ киносы тарихында дәл осы «Баян сұлу» сериалындай дау-дамай туғызған сериал болған жоқ. Неге? Бұл жанжал қайдан шықты? Негізгі сыншы халық емес пе? Халық — елек. Өнерді бір қап ұн деп қарайтын болсақ, ұныңды елегенде керегі бір жақта, кебегі бір жақта қалмай ма? Осы сериалды електен өткізсек, бұның керегі шамалы, кебегі көп дүние. Сондықтан да көпшілік көңілінен шықпағаннан кейін наразы.
«Халық ұйғарса, хан түйесін сояды» деген аталы сөз бар. Осы сериалдың айналасында тер төкпесе де, еңбектенгендерге, олардың шашбауын көтергендерге айтарым — шын өнерді қорлауға болмайды!
Телесериалға кеткен 59 млн теңге аз ақша емес қой. Ол білгенге халықтың салығы! Бетімен кеткен Баян текті сұлуымыз Баянды қорлады. Жүрегімізді жаралады. Тілімізді, ділімізді, салт-дәстүрлерімізді аяғына таптады. Осы ма біздің тәрбиеміз?!

«Ұлы дала баласы» қазағын жерге қаратты

Төреғали кешірім сұрағансыды, күліп, мазақтап тұр, ыржаңдап тұр. Бір кереметі сол Төреғалиды сол ісінен кейін барлық телеарналар күндіз-түні көрсетті. Концертін берді. Бұл оған көрсеткен қандай құрметі? Тіпті ақшасын төлеп, сатып алса да, бүкіл халықты, теледидар көрермендерін мазақ етуге бола ма?

Екінші бір мысал Төреғали Төреәлі деген дәу шықты. Биыл емес, бұрынғы жылдары да оның дөрекелігі жиі қылаң беріп қалушы еді. Павлодар қаласында араққа тойып алып, атасындай адамға аузына келгенін айтқаны адамның жанын түршіктіреді. Қазағымды танымай барам. Тағы да қоғам екіге жарылды. Бұрынғы тентектігінен ешқандай тек дегенді көрмеген әнші баламның осындайға баруы содан. Кәдімгідей ақсақалдар баланы жақтай бастады. Әрине, өз ойын ашық айтып, жаны кейіп шырылдағандар да болды. Төреғалидың болашағын ойлап шырылдағандар да болды. Өкінішке орай, оны жақтаушылар көп еді. Ең сорақысы неше түрлі видеолар шығарды. Төреғали кешірім сұрағансыды, күліп, мазақтап тұр, ыржаңдап тұр. Бір кереметі сол Төреғалиды сол ісінен кейін барлық телеарналар күндіз-түні көрсетті. Концертін берді. Бұл оған көрсеткен қандай құрметі? Тіпті ақшасын төлеп, сатып алса да, бүкіл халықты, теледидар көрермендерін мазақ етуге бола ма?
«31 арна» журналистері ел шулаған жағдайға байланысты әншінің өзінен сұхбат алмақшы болған. Алайда Төреғали «қолым бос емес» деп құтылып кетпек болды. Талдықорған қаласында концерт бермекші болған әншінің жоспарын білген тілшілер түсіру тобымен сонда барған. Бірақ белгісіз бір топ жігіт пен әншінің әкесі Төреәлі оларға былапыт сөз айтып, камераларын жұлқылаған. Бұл не, болып-толу ма? Әлде «Семіздікті қой ғана көтеретіні» рас болып шықты ма?
Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы әнші Төреғали Төреәлінің Павлодардағы даулы концертіне қатысты пікір білдірді. Министрдің айтуынша, бұл оқиға концерт индустриясын заңнамамен реттеуді қажет етеді дегенге сайды.
Танымал әнші Төреғали Төреәлінің Павлодар қаласындағы ән кешінде сахнада айтқан сөздерін ел тұрғындары жаппай талқылаған басты тақырыпқа айналды. Тіпті ұлттық мәселелерден гөрі Төреғалидың ісі маңыздырақ болып кеткені жасырын емес.

Жалаңаштанған қыздарға не дауа?

Мен шектен шыққандарын ғана айтып жатырмын, қазақ қызының түнгі клубта ақшаға тыр жалаңаш шешінуі. Ойпыр-ай, бұл жерде де қоғам екіге бөлінді. Тіпті Аружан Сайын дегеннің (әрине, тәрбиесі бәрі орысша), үлкен қайырымдылық қорын басқарып отырған қазақ қызының шешіну мәдениетін де қыздар білуі керек деп жақтап сөйлегеніне қандай уәж айтуға болады?

Үшінші бір сорақылық (Біздегі сорақылықтың түрі көп қой. Мен шектен шыққандарын ғана айтып жатырмын) қазақ қызының түнгі клубта ақшаға тыр жалаңаш шешінуі. Ойпыр-ай, бұл жерде де қоғам екіге бөлінді. Тіпті Аружан Сайын дегеннің (әрине, тәрбиесі бәрі орысша), үлкен қайырымдылық қорын басқарып отырған қазақ қызының шешіну мәдениетін де қыздар білуі керек деп жақтап сөйлегеніне қандай уәж айтуға болады?
Бүгінде қазақ қыздарының ішінде ішімдік ішуді, боқтық сөзді көп айтуды, темекі тартуды еркіндік деп қабылдайтындар жеткілікті. Қазақ қызына тән мінезден ада осындай нәзік жандылар баршылық. Дей тұрғанмен, қызға тән көркем мінезді жоғалтып алмау өз қолымызда!
Ұлт тағдырын ұлылыққа жетелеу,
Қазақ қызы, сенің ғана қолыңда емес пе еді, — деген өлең жолдарын әрбір қазақ қызы өзіне ұран етіп алса, жыртығымыз жамалар ма еді.
Мені шошытатыны бұларға ешқандай кедергі жоқ. Теледидарда, әлеуметтік желіде, кез келген жерде видеоларын түсіріп, таратып жібереді. Оны біздің өсіп келе жатқан ұрпақтарымыз оқиды, көреді, еліктейді. Қарақтарым-ау, осы біздің қазағымызға лайықты тәртіп пе еді? Осыған кім кінәлі? Не болып барамыз, қайда барамыз? Қалай түзелеміз? Не істейміз? Осының бәрін жөндейтін үкімет пен билік қайда қарап отыр? Жоқ, өзіміз кінәліміз! Тек өзіміз ғана кінәліміз!

Түйін немесе жалаңаштану сұмдығы жалғасып жатыр!

Осы мақаланы жазу үстінде тағы да не түрлі себептерді алға тартып, жалаңаштанған тағы бір деректер ғаламтордан қылаң берді. Атырауда отызға келген, өзі мүгедек, жетім өскен Мөлдір Қалиева әкімшілікті өзіне аудару үшін неше түрлі бейәдеп видеолар қояды екен. Тағы да бір әйел заты сыра ішіп, күйеуіне ерегісіп жалаңаштанған.
Сонымен, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, болып жатқан зұлымдықтарға, немқұрайлылықтарға, бейбастақтықтарға, қыздарымыздың ұяттан безіп, небір бейәдеп әрекеттерге баруына кім кінәлі? Әрине, өзіміз кінәліміз! Борат қазақты ғайбаттап кино түсіріп, әлемге бізді «танытқанда» қатты намыстандық. Бірақ жәй намыстандық та қойдық. Қысқасы, кейін үндемей қоя салдық. Ғаламтордың қарақұрт болып шағып жатқанын, күндердің күнінде ұрпағымыздан, барымыздан айырылатынымыз жайлы мақала жазып, дабыл да көтергенмін. Билік үндемеді.
Айналайын, биліктегілер, біз халық айқайлаймыз, жазамыз, ескертеміз, дабыра қыламыз. Бірақ біздің қолымыздан ештеңе келмейді. Ал сіздердің қолдарыңызда мемлекетіміздің, ұлтымыздың тағдыры тұр. Сіздердің қолдарыңызда тегеурінді мемлекет мәшинесі, тегеурінді заң орындары бар. Сіздердің үндемеулеріңізге хақыларыңыз жоқ! «Үндемеген үйдей пәледен құтылады» деген мақал сіздер мен біздерге арналмаған. Дәл қазір жаңа заң шығарасыздар ма, әйтеуір мына бейбастақтықтарға, ұятсыздықтарға, әдепсіздіктерге күрес жүргізіп, тез, жедел тоқтатпасақ, құрдымға кетеміз. Бауыржан бабамыз айтқандай: «Тәртіпке бағынған ел құл болмайды». Тәртіп, тәртіп және тәртіп керек!
Ау, қазағымның ақсақалдары, қайдасыңдар! Бұрын ақсақалдардың сөздеріне патша да, би де, болыс та, халық та тоқтайтын. Неге сіздер қауқарсыз болып қалдыңыздар?
Зиялы қауым, саясаткер бауырлар! Менің мына ашық хатыма сіздер де үн қосады деп сенемін. Бәріміз біріксек, іске аспайтын шаруа жоқ. Кәнеки, ойларыңызды, пікірлеріңізді ортаға салыңыздар!
Қадірлі жамиғат! Пікірлесу алаңы, мінбері «Qazaqstan zamany» газеті, «Елана» сайты. Ашық хатымызға үн қосыңыздар!

(113)