mm
Халықаралық "Қазақстан Заман" газетінің тілшілер қосыны бастығының орынбасары. ҚР "Ақпарат саласының үздігі"

«QAZAQSTAN ZAMANY» газетімен бірлескен жоба: Елімізде 2 млн. 300 мың адам баспанасыз

Оларға  «Жас Отау» көмек қолын созады. Бірақ…

Иә, статистика бойынша елімізде 2 миллион 300 мың адам баспанаға мұқтаж. Астана тұрғындарының ішінде тұрғын үй кезегінде тұрған отбасылар 40 мыңнан асады. Ал жер кезегінде тұрған 1 миллион 300 мың адамның 100 мыңға жуығы  Астана тұрғындары.

«Казжилстрой-Кооперация» кооперативінің анықтаған мәліметіне қарағанда, мектеп пен ауруханада қызмет істейтіндердің 65-70 %-ы жалдамалы пәтерлерде күн кешуде. Бұл мұғалімдер мен дәрігерлердің 2/3-сі үйсіз-күйсіз жүр деген сөз. Олардың көбі бір жалақыға сүйеніп өмір сүруде. Бұл проблема емес деп кім айта алады?
Осы бір түйткілді мәселенің түйінін тарқату үшін өткен жылы 15 қараша күні сағат 15:00-де Астанадағы «Журналистер үйінде» Республикалық «Жас Отау» қоғамдық қорының тұсаукесері өтті. Тақырыбы «Үйсіздік пен күйсіздік ұлттың саны мен сапасын жояды» деп аталды. Бұл туралы газетімізде өткен жылдың соңында «Жас Отауға» Үкімет тарапынан қолдау қажет» атты мақала да жарыққа шықты.
«Қазақстан ZAMAN» қоғамдық, саяси-танымдық газеті жас отбасыларды қолдау үшін құрылған «Жас Отау» қоғамдық қорына ақпараттық қолдау көрсетуді алдыға мақсат етіп қойды. Өйткені ел ертеңі жастардың басындағы ауыртпашылыққа немқұрайлы қарауға әсте болмайды. Немқұрайлы қарау — ел болашағын ойламау деген сөз.
Шынын айтайық, бүгінгі таңда жас отбасылардың көбінің баспаналы болуы көпке созылып, шешілмей жатыр. Үйсіздік пен күйсіздік халықтың көңіл күйіне, денсаулығы мен оқуына, санының өсуі мен рухани сапасына, жалпы мемлекет дамуына тікелей әсер ететіні айдан анық.
Ертеңгі күні жас отбасылардың көпшілігі үйсіздік пен күйсіздіктің қыспағына шыдай алмай, морт сынып, күрт омырылса не істейміз? Ондай деректер жоқ емес, бар. Сөйтіп, не мемлекетке, не оның тұғырлы заңдарына сенбейтін, не өз болашақтарына сенбейтін Қазақстан азаматтары пайда болса, қайтпекпіз? Дәрменсіздік — дамуды тежегіш қоғамдық дерт. Егер бұл дерт одан әрі өршісе, онда біздің ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төнбейді ме екен?!
Ал отбасын құрып үлгермеген жас жігіттеріміз жеке баспанасы болмағандықтан, ата сақалы аузына түскенше, үйленбей әлі жүр. Жас қыздарымыз «үйі жоқ жігітке күйеуге шықсам, тұрмыс тауқыметін тартып қаламын» деп, ол қашқақтайды. Баспана ала алмай, не оны салатын жер таба алмай жүрген жас отбасыларымыз қайта-қайта пәтерден-пәтерге көшкен мазасыз тірліктен әбден зәрезап болып, ақырында қиындыққа шыдамай ажырасуда. Әкесіз ұл, анасыз қыз көбейіп келеді. Соны ойласақ, ұлтымыздың жарқын болашағына балта шауып жатқан тәріздіміз.
Ең қорқыныштысы: жастардың, тіпті аналардың балаларын асырау үшін қылмыстық жолға түсуінің басты себебі жалдамалы пәтер салдарынан туындайтын жетіспеушіліктен екені айқын дәлелденген жоқ па? Демек, мұндай келеңсіздіктің алдын алу үшін жастарға үйлі болуына демеу болуымыз қажет-ақ. Сондықтан жастардың үйсіздік мәселесіне аяқ асты қарамай, бүкіл қоғам болып, нағыз дер кезінде шешкен жөн.
Президентіміздің жыл сайынғы Жолдауы да еліміздің әл-ауқатын жақсартуға бағытталғанына әрбіріміз тереңірек үңіліп көрейікші. Одан сіз бен біздің болашақ ұрпағымыздың мүддесін ұғынарымыз хақ.

Біздің сауалнама:

1. Миллиондаған баспанасыздар проблемасын шешудің қандай жолын ұсынар едіңіз?

2. Сізге мемлекеттік тараптан құрылған қай бағдарлама ұнайды? Қайсысы қолжетімді әрі тиімді?

3. «Жас Отау» қорын сіз қай жағынан қолдайсыз? Оның жұмысын жақсартудың қандай жолдарын ұсынасыз?

Айдын Орынбасарұлы: Бұл бағдарлама «Нұрлы жер» бағдарламасымен ұштасады

Жалпы, әр жас отбасының өмірінде баспананың алар орны ерекше болғандықтан, оған деген сұраныс та өте жоғары. Күн тәртібіндегі өзекті мәселе болғандықтан, игілікті істің суығына тоңып, ыстығына күйіп жүрген азаматтың бірі, республикалық «Жас Отау» қоғамдық қорының құрылтайшысы, белгілі алаштанушы, бірнеше кітаптың авторы Айдын Ырысбекұлымен  осы көкейкесті мәселе жөнінде әңгімелескен едік.

— Айдеке, баспана мәселесі қоғамдағы ең өзекті проблема екені даусыз. Белді бекем буып іске кіріскен екенсіздер, Алла қолдасын! Жұмыс барысы жайлы, алдағы жоспарлар туралы өз аузыңыздан естісек деп едік.
— Рақмет, бауырым! Сөзіңізді толықтыра кетсем деймін. Республикалық «Жас Отау» қоғамдық қорының құрылтайшысы жалғыз мен емеспін. Қасымда Жасан Зекейұлы мен Асхат Базарханұлы деген ұлтжанды азаматтар бар. Олардың да аттары аталғанын құп көріп отырмын.
Иә, баспана мәселесі өзекті. Шынын айтайық, мемлекет те мейлінше қолайлы жағдай туғызуда. Бұл жөнінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының «Қазақстан 2050 стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында жан-жақты баяндалған. Әсіресе, мемлекет басшысы жастарға үй салудағы инвесторларды тарту мәселесіне ерекше көңіл бөліп отыр. 2017-2031 жылдарға арналған «Нұрлы жер» бағдарламасы да қабылданды. «Нұрлы жер» бұған дейінгі «Нұрлы жол» мен «Өңірлерді дамыту» бағдарламаларының жалғасы іспетті. Бұл бағдарлама бойынша 15 жылда 1,5 миллионға жуық қолжетімді тұрғын үй салу жоспарланған көрінеді. Бағдарламада үйсіздерге жер беру мәселесі де айтылған. Бұл ақпараттар құрылыс салушылар мен инвесторларды құрылысқа ынталандырып жатыр.
— Қарап отырсақ, халыққа арналған қолжетімді баспана салуда кооператив пен инвесторларды тікелей шартқа отырғызу өте перспективті жоспар болып табылады. Бұлайша бірігіп үй салудың халық пен Үкіметке экономикалық жағынан пайдасы зор. Бір жағынан халыққа жеңіл, екіншіден, Үкіметке де көмегі тиеді. Сіздер ұсынып отырған «Жас Отау» бағдарламасы да осы мақсатқа иек артып құрылды деуге болатын шығар?
— Әрине, әбден болады. Кооперацияның басты принципі де «жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген атам қазақтың сөзіне саяды. Өйткені ел Үкіметке қол жаймайды, мемлекет бюджетіне күш түсірмейді, өз мәселесін өзі шешіп жатады, оған тек жергілікті билік бөгет жасамай, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жермен көмектессе жетеді. Онда кооперациялар халыққа қолжетімді үй салып берер еді. Басқаша айтқанда, жоқтан бар жасалынар еді. Бұл Үкіметке де үлкен демеу.
— Жақында қоғамдық қор құрғандарыңызды естідік. Осы жайлы тарқата айтсаңыз?
— Бәрі де ел игілігі үшін ғой. Таяуда Елордада республикалық «Жас Отау» қоғамдық қорын құрдық. Мақсатымыз айқын: үйсі-күйсіз жүргендерге қуаныш сыйлау!
Қор Төрағасы болып Қажымқан Мәсімов сайланды. Ол кісі — қоғам қайраткері, Қазақ туризм және спорт академиясы спорттық медицина кафедрасының құрметті профессоры, Қазақстан йога ассоциациясының президенті, медицина саласындағы меценаттық істерімен танымал тұлға. Өзге де алған атақтары мен медалдары бір төбе!

Қамқоршылық Кеңесінің мүшелігіне кірген азаматтар мыналар:
Жекен Қалиев, мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі, Қазақстанның Сыртқы саясат қауымдастығының президенті, ҚР Парламенті Мәжілісінің экс-депутаты.
Төкен Танаұлы, қоғам қайраткері, Жылой ауданының, Атырау қаласының, Маңғыстау облысының «Құрметті азаматы».
Сәдібек Түгел, ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, саясаттанушы, әлеуметтанушы, жазушы, ҚР Жазушылар Одағы, ҚР Журналистер Одағының мүшесі, ҚР Гуманитарлық Ғылымдар Академиясының академигі.
Аталмыш қор бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жас отбасылар мен тұрмысы төмен отбасыларына кооперация әдісі бойынша қолжетімді баспана салатын болады.
— Айдеке, игілікті істің басына атағынан ат үркетін азаматтар жиналған екен, істеріңізге берекет тілейміз! Сөз аяғында бағдарламаның басты бағыты мен ұстанымы және қор тарапынан атқарылуы тиіс жұмыс жоспары туралы нақты мәселелерді атап өтсеңіз.
— Біз ұсынып отырған бағдарламада үш топ — «төлем қабілеттілігі бар», «төлем қабілеттілігі орташа», «төлем қабілеттілігі жоқ» азаматтарға арналған арнайы ұсыныстар болады. Мақсатымыз: халықтың қалтасына қарай баспананың қолжетімділігін арттырып және аз қамтылған азаматтар үшін эконом-классқа жататын баспаналар салу болып табылады.

Осыған орай, қордың тарапынан атқарылуы тиіс бекітілген жұмыстардың жоспары мынадай:
– Қала сыртынан қолжетімді үйлер салу үшін Үкіметтен тегін жер сұрау;
– Заманауи үнемді технологияларды пайдалана отырып, шағын және орташа көлемді 2-3 қабатты қолжетімді үйлер мен жастарға арналған ықшам аудандар (микро район) салу;
– «Жас Отау» қорының кооперативтік жұмысын ұйымдастырып, қадағалау;
– Жер-жердегі кәсіпорындардың басшыларына аса қымбат емес заманауи технология ұсынып, үйсіз жүрген жұмысшыларына арнап жатақханалар салу іс-шараларын ұйымдастыру;
– Ішкі және сыртқы инвесторлардан қайтарымды қаражат алуға қол жеткізу (Бұл біздің тұтынушыларға бастапқы жарнасыз үй алуына мүмкіндік береді. Қайтарымды қарыз жұмыс істейтін отбасылардың кірісіне қарай үстеме пайызсыз 1 жылдан 5 жылға дейін беріледі).
– Еліміздің болашағына бей-жай қарай алмайтын меценаттарды осы игілікті де абыройлы іске үлес қосуға шақырып, жұмысқа тарту. Меценаттардың қалауына қарай қайырымдылық мақсаттағы қаражатқа жетім-жесірлер мен мүгедектерге арналған қолжетімді үйлер салу;
– «Жасыл экономика» бағдарламасына сай, Қазақстанда бұрын-соңды болмаған тың жоба — инновациялық толық автономды термос үйлер салу. Бұл үйлер жарық пен жылуды күн мен желден алатындықтан, энергиясы мен суы толық автономды болады. Термос үйлердің әр шаршы метрін 60-80 мың теңгеден асырмау көзделуде. Сонда 20-30 шаршы метр бөлмелердің құны 1,2 миллион теңгеден 2 миллион теңгеге дейінгі аралықта болады. Яғни, жас отбасылар мен әлеуметтік аз қамтылған отбасылар қарызды ай сайын 50-100 мың теңгеден төлеп, 1-2 жылдың ішінде пәтерге қол жеткізе алады.
– Қордың жұмысы жалпыхалықтық сипат алу үшін, барлық облыс орталықтарынан филиалдар ашу.

Қазақ меценаттарына үндеу
Бұл игілікті ұлттық іске үлес қос, бауырлар!

Мырзаларды қадірлейін десең, осы күнде анық мырза елде жоқ, (пайда үшін) мал бергіш мырза иттен көп.
Мықтыны сыйлайын десең, жаманшылыққа елдің бәрі мықты, жақсылыққа мықты кісі елде жоқ.
Абай Құнанбайұлы
(Жиырма екінші қара сөз)

Ұлттың тірегі де, қамқоры да ауқатты азаматтар екені анық. Ел үшін көтерер жүк те әлімсақтан дәулеттілердің еншісіне бұйырған ұлы іс! Байлық пен билікті, парасат пен тұлғалықты бойына жиған дәулетті адамдардың шапағаты қай елде болсын қоғамға көп көмек тигізеді. Халықтың сенім артқан әлеуметтік-экономикалық тірегі де меценаттар.
Меценат — өнер мен ғылымға, спортқа және басқа да салаларға қамқорлық жасап, өз есебінен материалдық көмек көрсететін патриоттық көзқарастағы қалталы адам. Тарихта қоғамның жағдайы төмен бөлігі әрқашан меценаттарға арқа сүйеген. Меценаттың мақсаты — қоғам мен мемлекетке көмектесіп, өз есімдерін тарихта қалдыру.
Жалпы, байлықтың екі түрі бар. Біріншісі — материалдық, екіншісі — адамның пейілінің байлығы. Қазақ «малымды алсаң ал, Құдай! Пейілімді алма!» деп бекер айтпаған. Яғни, адамның пейілі тарылса, оның өзіне де, халыққа да зиян. Меценаттардың ішкі жан дүниесінің байлық күші оларды игілікті істерге жетелейді. Міне, осы орайда газет ұжымы Республикалық «Жас Отау» қоғамдық қорының қазақ меценаттарына ашық үндеуін жариялап отыр:
— Сіздер мемлекетіміздің дамуы үшін ұйымдастырылған барлық іс-шараларға қолдау көрсетіп, демеушілік жасап келесіздер. Бұлайша ұлтқа қызмет ету міндеті қайраткерліктің бір қыры болып саналады. Сөйтсек те, бүгінгі таңда жас отбасылар мен жағдайы төмен отбасыларына жасалған қамқорлықтың орны бөлек. «Төзім — тамаша сипат. Бірақ шексіз ұзақ төзе беруге өмір тым қысқа ғой» дегендей (М.Әуезов), үй-жайы жоқ адамдардың психологиясы да әлсіз келетіндіктен, олар теріс жолға тез түсіп, басқа діндер мен түрлі ағымдардың жетегінде кетеді. Бұл енді, мемлекетіміздің қауіпсіздігіне қатер төндіретін құбылыс емес пе? Ал үйсіздік пен күйсіздіктің салдары халқымыздың саны мен сапасына кері әсерін тигізетіні айдан анық.
Жастарымыз үйлі-күйлі өмір сүрсе, онда мемлекетіміз де бай, көңіліміз де жай болар еді. «Елдің пайдасын ойла, өз пайдаң соның ішінде» демекші (Абай), үй салу да мешіт тұрғызу сияқты сауапты іс емес пе? Сол үшін де мұны шығын емес, берекелі несібе деп біліңіз, қадірлі қазақ меценаты! Бұл игілікті ұлттық іске қайтарымды және қайтарымсыз қаражат салыңыз, одан Сіздің еш ұтылмасыңызға кепілдік береміз. Осы бастаманы құп көріп, оның мәнін, мақсатын түсінетініңізге кәміл сенеміз, құрметті меценат мырза!
Таяуда ғана Қазақстанның 14 облысында қолжетімді үйлер мен ықшам аудандар (микрорайондар) салу жөніндегі «Жас Отау» қорының бастамасына қолдау көрсету туралы «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары М.А. Құл-Мұхаммедтің ресми рұқсатын алдық. Осыған орай, бізді «Нұр Отан» партиясының Хатшысы Ғ. Ә. Әбдірахымов арнайы қабылдады. Ғабидолла Рахматоллаұлымен екі жарым сағатқа созылған іскерлік әңгіменің нәтижесінде, бірнеше облыс әкіміне «Нұр Отан» партиясының атынан ресми хаттар жіберілетін болып келісілді. Бүгінде облыс әкімдерінің біздің бастамамызға жан-жақты көмек көрсету жайлы қолдау хаттары да келіп жатыр.
Қазіргі таңда мұндай ықшам аудандарды Ақтөбе, Маңғыстау, Алматы, Ақмола және тағы бірқатар облыстарда салуды жоспарлап отырмыз. Ықшам аудандар салу ҚР Кооперациялар туралы заңының аясында іске асырылатын болады. Бұл үйлердің типіне қарай бір шаршы метрінің бағасы 70-100 мың теңге (200-300$) арасында болады. Бұл — экономикалық тұрғыдан піскен нақты ең қолжетімді ұсыныс!
Өздеріңізге мәлім, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауында экономиканың толыққанды драйвері ретінде құрылыс секторын одан әрі дамыту міндетін жүктеп отыр.
Жас отбасыларына көмектесу үшін арнайы құрылған қоғамдық қор жастарымыздың баспаналы болуына күллі қоғамның мүдделі болып, атсалысуы қажет деп санайды. Өйткені жастар — біздің болашағымыздың кепілі! Егер сіз бен біз болып, жастарға қол ұшын созып, үйсіздік пен күйсіздіктен құтқарып қалмасақ, болашағымызды тежейтініміз анық. Сондықтан да, меценаттардан осы игілікті іске атсалысып, «Жас Отау» қорына қайтарымды қаражат салуға шақырамыз. Қайтарымды қаражат міндетті түрде қайтарылады. Кепілдік ретінде салынған үй мен жер тұрады.
Біздер осы жоспарларымызды іске асыру барысында халыққа беделді, жұртқа сөзі жүретін өздеріңіздей қайырымды ел ағаларына үміт артамыз!
Славян мен қытай, ислам мен батыс өркениетінің тоғысында орналасқан мәртебелі Қазақ елінің қадірменді меценаттары! Бұл енді ғана қаз тұра бастаған «Жас Отау» қоғамдық қоры мен бизнестің ірі өкілдерінің тізе қоса қимылдайтын алғашқы құтты қадамы болмақ. Жастар мен болашақ ұрпақ біздерден нақты тәуекелдер мен нақты істер күтеді. Шетте қалмай, қолдау көрсетіңіздер!
«Жас Отау» республикалық қоғамдық қорының мекенжайы: Астана қаласы, Тлендиев көшесі 15, «РАХМЕТ» сауда орталығы 8 (7172) 252-414, 8-777-331-69-21
Zhasotau.fond@mail.ru

(32)