Шын асылды тот баспайды

«Төрт нәрседе үміт бар: жас — өсемін деп үмітті, жалғыз — көбейемін деп үмітті, жарлы — байимын деп үмітті, ауру — жазыламын деп үмітті. Көктемі мен жазы кетіп, жапырағы қуарған ағаштай ұрты солып, жағы суалған кәрілікте ғана үміт жоқ « деп Жиренше шешен айтып кеткендей, мына өмірге мәңгілікке келгендей арман мен үміт таусылған емес. Бірақ, кәрілік шақта да адамда үміт таусылды деп айтуға келмес, бұл өмірден үмітті болмаса да Алланың ризашылығына бөленуді барлық адам қалайды. Алайда соған лайықты амал жасап жүруді көп адам естен шығарып алады.
Мен де шыны керек, басыма іс түскенше ойламаған, ойласам да, шын ықыласыммен беріле орындамаған істерім көп болатын. Жолдасым аяқ астынан істі болып қалғанда мен шын пейіліммен көзімнен аққан жасыммен жалбарынып Алладан сұрадым. Балаларым үшін жолдасымның ақталып шығуын тіледім. Қаншама күйе жағылып, қараласа да, адам өз ісіне жауап бере алса, адал болса, ешқандай қара бұлт басына үйірілмейді. Бұл өмірдегі көрген қиындықтарымыз болса, ол да өзіңнің істеген ісіңнің өтеуі болмақ. Айтқым келгені, егер сен де шын асыл болсаң, ешкім күйе жаға алмайды, жаққан күнде де ол жұқпайды.
Күйеуім бір мекемеде беделді қызметкер еді, қызметіне қатысты шикіліктерді қолдан ұйымдастырған адамдар өздері қазған орға өздері түсіп, отағасы аман-есен ортамызға оралды. Балаларымның бағына орай әкелері жанында. Адал адамды қашанда Алла қолдайды екен. Осыған талай рет көзім жетті. Адал болыңыздар, адамдар!
Шолпанның хатынан

(30)