mm
«Бақ пен сор», «Біздің ауылдың адамдары», «Тәу етем саған, туған жер», «Шың мен шыңырау» атты кітаптардың авторы. Халықаралық «Қазақстан-Заман» газетінің экономика, спорт, туризм бөлімдерінің меңгерушісі.

Биылғы Олимпиадада кімдер топ жармақ?

Бұл сауалға білікті мамандар мен тәжірибелі сарапшылар: «Пхенчхандағы АҚ Олимпиадада алтын медальдар саны бойынша бірінші орыннан Норвегия құрамасы басты үміткер ретінде саналады. Себебі тілінен бұрын аяғы шығып, жас кезінен шаңғы мен конькиді аяқтарына байлап өскен елдің спортшылары халықаралық додаларда қашан да жүлделі орындардан көрінумен келеді. Bwin букмекерлік кеңсесінің қызметкерлерінің тіккен бәсі бойынша, норвегиялықтардың алтын медаль саны жөнінен топ жаратындығына 2.25 коэффициент берілген. Әрі қарай тізімді Германия (3.00), АҚШ (9.00), Канада (15.0), Нидерланды (26.0) және Оңтүстік Корея (34.0) құрамалары жалғастырған. Медальдардың жалпы саны бойынша топ басындағы үштікке Германия (3.00), АҚШ (3.50), Норвегия (4.00) кірген. Канада бұл тізімде төртінші орында (6.00). Ресей құрамасына бәс тігілмеген, өйткені орыс спортшылары Сочиде орын алған допинг дауына қатысты аталған жарыстан шеттетілгендіктен, олардың бұл жарысқа қатысу-қатыспауы әлі де белгісіз күйінде қалып отыр. Дегенмен, базбір деректерге қарағанда, өздерінің допингтен «таза» екендіктерін дәлелдей алған ресейлік спортшылар Олимпиадаға қатыса алатын сынды, бірақ өз елінің емес, бейтарап ел туының астында ғана», — деп жауап береді. Сәуегейлердің болжамының шындыққа жанасар-жанаспасын алдағы уақыт көрсетеді. Өз тарапымыздан біз отандық спортшыларымызға: «Қадамдарыңа гүл бітіп, байрақты бәсекеде мерейлерің үстем болсын!» — деген тілек айтамыз.

(1)