Әлем тынысы: жыл несімен есте қалды?

Өткен жылдың маңызды оқиғаларының қатарында Орта шығыстағы неше жылға созылып кеткен соғыс жағдайы  аса маңызды мәселелердің бір болып отыр.

Тарих қойнауына аттанып кеткен 2017 жыл тұтас адамзат тарихында қандай белес болып қалғандығы қазірден бастап зерделене бастағандай. Көп санды сарапшылар 2017 жылдың «жеңіл» болмағанын көбірек тілге алып жатыр. Бұған себеп толығымен сейіліп кетпеген жаһандық экономикалық дағдарыс тұманы, толастамай тұрған соғыс өрті, көп үйекке жіктеліп бара жатқан әлем елдері мен қырық құбылған халықаралық саясат болса керек. Сонымен, 2017 жыл дүние тарихында несімен есте қалды? Бұл жылы қандай ірі оқиғалар болды? Ол ендігі жерде әлемдік саясатқа қандай ықпал етпек? Бұл сауалдар төңірегінде сан-алуан тұжырымдар айтылып жатыр. Біз солардың арасынан бастыларына тоқтала кеткенді жөн көрдік.

Көптеген халықаралық саясаттанушылар АҚШ-тың 45 кезекті Президенті Дональд Трамптың ресми билік тізгінін қолына алған мезгілді 2017 жылдың қаңтарындағы халықаралық ірі оқиғалардың қатарына жатқызған екен. Әрине, әлемнің әміршісі болмаса да, «әлемнің сақшысы» болып отырған, ІІ дүниежүзілік соғыстан бері қарайғы жерде дүркін-дүркін қарулы қақтығыстарға араласумен келе жатқан АҚШ-тың халықаралық аренадағы маңызды саяси орны жұрттың барлығына белгілі болса керек. Жаңа президенттің саяси беталысы әлемдік саясатқа тікелей ықпал ететіндігін ойлағанда, мұнымен келісуге әбден болады. Дональд Трамп билікке келе сала Барак Обаманың медицина саласындағы реформаларын өзгертуге кірісті. Сондай-ақ, АҚШ-тың экономикалық мүдделеріне тиімсіз деп санаған «Транс Тынық мұхиты серіктестігі» сияқты ұйымдардан бас тартатын жарлықтарға қол қойды. Сонымен қоса Ресей президенті мен Дональд Трамп арасындағы кездесулер де талай күдіктің қоламтасын үрлеп кетті.
Сарапшылар 2017 жылдың наурыз айында жария етілген Англияның Еуроодақтан ресми түрде шегіну туралы шешімін жылдың маңызды оқиғаларының біріне жатқызған екен. Бұл да өз кезегінде жер бетіндегі аса қуатты экономикалық тұлғалардың бірі саналатын Еуроодақтың басына түскен ауыр сынақ еді. Көп адамдардың ойында «Еуроодақ ыдырап кетуі мүмкін» деген болжам әлі күнге сақталып келе жатыр. Өткен жылдың маңызды оқиғаларының қатарында Орта шығыстағы неше жылға созылып кеткен соғыс жағдайы аса маңызды мәселелердің бір болып отыр. Сирия мен Ирақтың біраз жерін басып алған «ИМ» содырларын аластау, Сирия мәселесінің оң шешім табуы секілді күрделі жағдайлар тұтас әлемнің бас ауруына айналып кетті. Осы соғыстардың ішінде Сирия жағдайына бетбұрыс әкелген Ракка қаласының азат етілуі Орта шығыс дағдарысындағы үміт ұшқыны болды деуге негіз бар. Жұмбағы мен жаңылтпашы көп, саяси мүдделер қайшылығы ушығып кеткен, алпауыттар күш сынасар майданға айналған Сирия топырағында күні бүгінге дейін от қарудың үні басылған жоқ. Жұрттың басты қуанышы «ИМ» содырларының жеңілісі еді. Зор күдік тудырып жатқан «ИМ содырларын кім жеңді?» деген мәселеге нүкте қоюға әлі ерте секілді. Әлемдік бейбітшілікті қолдайтын ел ретінде Қазақстан да аталмыш мәселеге араағайындық танытып бақты. Арқа төрінде неше рет өткізілген Астана келіссөздері жауласқан тараптарды диалогқа шақыруға тырысқаны белгілі. Ол туралы халықаралық саясаттанушылар Қазақстанның қадамына ризашылықтарын білдіріп те жатыр.
Еуропаның саяси майданындағы өзгерістердің көбі әлем назарында. Англияның одақтан шегінуі, Италиядағы Маттео Рензидың отставкаға кетуі ақпарат агенттіктерінің жарыса жазған жаңалықтары еді. Осылардың ішінде Франциядағы президент сайлауы 2017 жылдың мамыр айындағы басты оқиғалардың қатарына еніпті. Эммануэль Макронның жеңісімен аяқталған тартысты дода жұрт есінде саяси салмағымен қоса «жас жігіттің жасамыс әйелімен» есте қалған сияқты… Осы сайлаулардың қатарында Ирандағы сайлау халықаралық маңызды оқиғалардың қатарында тұр. Екінші мәрте қайта сайланған Хасан Рухани Иранның ядро мәселесінде түбегейлі бетбұрыстарға кірісті. АҚШ мен қоса өзге де белді елдермен келісімге отырды. Осыдан кейін АҚШ тарапынан бұл елге салынған санкциялардың біразы жеңілдетіліп, Иранның сыртқы саудаға белсене араласуы мен мұнай экспорты ұлғая түсті.
Әлемдік экономикадағы өзгерістер АҚШ-тың экономикалық өсімімен тығыз байланысты екендігі даусыз. 2017 жылдың ірі оқиғаларының қатарында Трамптың экономикалық саясаты ауызға ілініп тұр. АҚШ экономикасының 3 пайыздық тұрақты өсімі шынымен де жалғаса беретін болса, әлем экономикасында өз ықпалын сақтайды деген сенімде. Бұл көрсеткіштердің қалай құбылатындығы Дональд Трамптың саяси және экономикалық қадамдарымен тығыз байланысты болмақ.
Біздің Анадолы жерінде жатқан бауырларымыз, Түркия еліндегі саяси жағдайлар да әлем назарынан тыс қалған жоқ. Саясаттанушылардың пайымынша, Режеп Тайып Ердоғанның билік күшін ұлғайтуы оны «жаңа дәуірдегі Мұстафа Ата түрік Кемал» етіп шығарды деп бағалап отыр. 2017 жылы Түркияда өткізілген жалпы халықтық референдумнан кейін Ердоған Президенттік түзімге өзгеріс енгізді. Сол арқылы өзінің билік күшін нығайта түсті. Бұл елде өткен әскери төңкеріс пен неше реткі терактілерден соң, халықтың басым бөлігі Ердоғанға бұрынғыдан да сенім арта түскен. 2017 жылдың басты оқиғаларының қатарында ҚХР-дағы әр 5 жыл сайын өткізіліп отыратын ҚКП-ның жалпыұлттық құрылтайы айтылып жатыр. Қазіргі ел басшысы Си Цзиньпин тағы да 5 жылға қайта сайланған бұл ел, әлемдік саясат пен экономикаға қандай ықпалы бар екендігі, өзгені қойғанда Қазақстан үшін маңызды саналмақ. Шығыстағы алып көршінің тыныс-тіршілігі Орта Азияның қауіпсіздігі мен экономикасында маңызды рол ойнайтыны сөзсіз. Әлем экономикасында алдыңғы қатардағы экономикалық тұлға есептелетін Қытай, соңғы 25 жыл бойы орнықты дамып келе жатқан 9 пайыздық экономикалық даму көрсеткішін сақтап қала ала ма? Бұл да өз кезегінде толғақты түйіндердің бірі болып есептелмек.
Германиядағы сайлау да 2017 жылдың тарихи белестерінің бірі саналады. 2005 жылдан бері 3 рет қатарынан Германия канцлері қызметіне сайланып келген Ангела Меркель өз лауазымын сақтап қалды. Ол ең алдымен Еуроодақтың жалғасты өмір сүруі мен әлем экономикасына ықпал етері сөзсіз. Сонан кейінгі жерде Еуропаның басын қатырып жатқан босқындар мәселесі де Германия басшысына зор сынақ болмақ. Өз кезегінде Қазақстанмен тең құқықты ел ретінде қарым-қатынас жасап келе жатқан Германияның орнықтылығы бізге де оң әсерін тигізері сөзсіз.

2018 жыл қандай болуы мүмкін?

Сарапшылар өткен жылды қорытындылаумен қоса табалдырықтан аттап отырған ресми жылға да болжамдар жасап жатыр. Қазіргі таңда жаһандық экономикалық дағдарыстардан гөрі жер бетінің тыныштығы маңызды орынға шыққаны белгілі. Кейбір «саяси жауырыншылар» былтырдан бері «Дүниежүзілік соғыс тұтанып кетуі мүмкін» деген үрейлі болжамдарын тағы қайталап жатыр. Оған дәлел Корей түбегі мәселесі мен Орта шығыстағы тыншымай тұрған соғыс аймақтары болмақ. «ИМ» содырлары Сирия және Ирак жерінен аластатыла бастады десек те, соңғы кездері Ауғанстан, АҚШ қатарлы елдерде оқыс оқиғалар жиілей бастады. Осымен қатар Еуроодақтың ыдырау қаупі мен НАТО және Ресей арасындағы әскери текетірес те жоғарыда айтылғандарды толықтыра түсетіндей. Кірген жылдан қатер күткен саясаткерлер Еуропадағы босқындар мәселесіне де алаңдап отыр. Бұған Ауғанстан, Ирак, Ливия, Оңтүстік Судан, Венесуэла елдеріндегі аласапыран, халықаралық терроризмнің өрши түсуі мен ашаршылық қаупін әкеледі дейді.
Азия аймағында нәзік түйіндердің біріне айналған Корей түбегі мәселесімен қоса, Тайвань аралының жағдайы да алаңдауға тұратын сияқты. Оған себеп, Қытай басшыларының «Тайваньды бірлікке келтіру жолында қару жұмсаудан да тайынбайтындықтарын» ашық мәлімдеп жатқандығы болып отыр. Соңғы кездері Қытай әскери кемелерінің теңіз айдынындағы «шектелген сызықтардан» аттап өтіп, Тайвань аралына барынша жақындап жүзіп жүргені жиілеп кетті. Келесі бір маңызды территория — Украина жері. Ресей мен арадағы кикілжіңдердің ушыға түсуі Украинаны НАТО-мен жақындастырғаны белгілі. Алайда осы дүрдараздықтың соңы соғысқа ұласып кетуі мүмкін деген сөздің шыққанына да бірнеше жыл болып қалды. Осының қатарында Парсы шығанағының қауіпсіздігі де әлемді алаңдатып жатыр.

Біздің пайымымызша, Корей түбегі мәселесінде АҚШ пен КҚХР арасында соғыс болмайды. Өз кезегінде Азия тынық мұхиты аймағы қауіпсіздігін маңызды орынға жалаулатып отырған АҚШ, Пхеньянға соғыс ашудан гөрі іргеде үрейлері ұшып отырған одақтастары Жапония мен Кореяға қару-жарақ сатып пайда табуды көбірек көздейтін секілді… Бұл негізсіз де емес. Мұнымен салыстырғанда әскери қуаты артып келе жатқан Қытай елі Тайваньға көз алартуын қояр емес. Орта Азия елдеріндегі қауіпсіздікке келсек, Қазақстан үшін Ауғанстан мәселесі пәлендей салқынын тигізбеуі мүмкін. Дегенмен жер бетінің тыныштығы барлық елге маңызды. Экономикалық тұрғыда, қырық құбылып тұрған мұнай бағасына болжам айту қиын шаруа. Дейтұрғанмен, қазақ мұнайының басты аларманы саналатын Қытайдың АҚШ-тан шикі мұнай алуды молайтуы, Шри ланка портын жалға алуы, Трамптың Азияға сапары кезіндегі қол қойылған келіссөздердің атқарылуы біздің мұнай нарығымызға әсер етпей қоймайды. Дональд Трамптың Қытайға барғанда қол қойып қайтқан 350 миллиард долларлық келісімінің арасында «Аляскадағы табиғи ресурстарды ашу» келісімі Қытайға мұнай сатып отырған елдердің барлығын алаңдатқан болатын. Өз кезегінде Қытай сарапшылары «Қытай алдағы жерде мұнай-газ саласында АҚШ-пен қарым-қатынасын жақсартады, бұл Қытай нарығындағы Ресей мен АҚШ-тың сауда соғысын тудырады» деп бағалап жатыр. Осы аралықта қазақ мүддесі де ортаға шығатыны белгілі. Ирандағы халықтың көтерілуі де тегін емес. Оны кім көтеріп жатыр? Гәп сонда. Бастысы ел аман, жұрт тыныш болсын дейміз…
Ерқазы Сейтқали

(17)