Қазақ мектебі, қайда барасың?

Артық қыламын деп тыртық еткен алаңғасардай мектепті алдыңғы қатарлы елдің көшіне жеткіземіз деп жүріп, білім сапасын әлсіретіп алғанымызды білетін уақыт жетті. Біз неге реформаға құмармыз? Қаншама жаңа пәндерді мектеп бағдарламасына тықпалағанмен, қазақтың жанына жақын әдебиеті мен тілі шетқақпай болып елеусіз қалды. Қоғамның өзі әдебиет пен қазақ тілін шеттетіп, аз сағат бөліп, оқушының білімін есепке алмайтын, ұстаздың білімін тексермейтін дәрежеге жеттік. «Қазір оқушы сөйлеу керек, ұстаз — тыңдаушы» деген қағида пайда болды. Оң-солын әлі танымаған, танып білуге келген оқушы қалай бәрін өзі біліп, оқиды. Онда мектептің керегі қанша? Сыныптағы сабаққа қатыса қалсаң, 45 минут сабақтың 40 минутін оқушыдан сұрайды, 5 минут қалғанда үйге тапсырма беріледі. Өмірін бала тәрбиесіне, оларға білім беруге арнағаннан кейін ол қоғамның, адамның алдындағы міндетіне немкетті қарауға болмайды. Ондай жандар кәсібін сүймегендіктен, жұмысын тоқтатып, қолынан келетін іспен айналысқаны жөн.
Сондай-ақ, тасада қалып келе жатқан жайлардың бірі — оқушы өзі тұратын жерінің ерекшеліктеріне назар аудармайды. Атап айтқанда, халық саны, қанша мектеп, онда қанша оқушы, табиғаты, климаты, өсімдігі, жануары, киелі орны, химиялық өндіріс, оның өнімдері, зауыт, фабрикасы бар екені айтылмайды. Мұндайды ескеріп жатқан жан жоқ. Оқулықтардың санасы сын көтермейді. Тілі ауыр, түсініксіз ұғымдардан бала түгіл үлкендер жаңылады. Биылғы 9-сыныпта «Зайырлылық және дінтану негіздері» деген пәннің кіріспе бөлімінде «Қазақстанның әр азаматы өзі қалаған дінді таңдайды» деген екен. Бұл не сөз? Олай болса басқа дінге кеткендерді, асыл дінімізді мойындамағандарды неге кінәлаймыз? «Барлық балалар мұсылмандыққа ыңғайлы болып дүниеге келеді. Оларды кейіннен әке-шешесі христиан, яһуди немесе имансыз қылып тәрбиелейді дейді хадис шарифте. Жалпы дінтану сабағын 1 сыныптан бастап, мектеп бітіргенше дініміздің қасиетті ерекшеліктерін неге түсіндірмеске, тек 9 сыныпта ғана Ислам дінін жалпы сипаттағанша, неге тәрбиелік мәні зор құран аяттарын, дұғаларды үйретпеске?! Міне, білмегендіктен, танымағандықтан жастарымыз у ішуде. Ақпараттар да кейде шектен шығып, қателіктерге ұрынумен келеді. «Латын әліпбиіне көшуге Ақтөбе облысы 80 пайыз дайын» деп облыстың тілдерді дамыту басқармасының басшысы Г.Төлебаева ел алдында есеп берді. Қайдан алған мәлімет? Сұрадық, жауабы көңіл көншітпейді. Ал «Нұр Отанда» 67 пайыз деп көрсеткен. Кімге сенуге болады? Бәйішов атындағы кітапханада «Бабалар сөзі» (100 том) шаң басып қозғаусыз тұрғанына біраз айдың жүзі болды. Сол қасиетті бабалардың сөзі өткен-кеткенге жаутаңдап қарап, оқырманын күтіп есіктің алдында тұрғандай. Ақтөбе телеарнасының жүргізушілері кейде қате сөйлеуге бейім. Мысалы, «Ертарғын мінген ала шұбар ат» деп айды аспанға шығарды. Мен бар өмірімде Ертарғынды Байшұбарға мінгізіп, ерлік жасатумен келген едім. Батырлар жырын оқымасаң, Ертарғында нең бар еді, журналистер-ау. Айтпақшы, жанашырлықпен ескертпекке оқталып едік, естір құлақ болмады. Басшыға хатшысы жолатпайды екен. Міне, осылай. Әртараптан білімді болуға талпынған жастардың ойы сан саққа кетіп, дұрыс ақпарат та ала алмай жүргені жасырын емес. Жанымыз ашығандықтан, білім саласындағы азды-көпті кемшіліктерді сөз еттік. Ғалымның қатесі кеме капитанының қатесіне ұқсайды. Білім-кеме батса, онымен бірге қанша адам да бататынын реформа жасағыштар біле ме екен?

Құралай Есқұлова

(27)