mm
«Бақ пен сор», «Біздің ауылдың адамдары», «Тәу етем саған, туған жер», «Шың мен шыңырау» атты кітаптардың авторы. Халықаралық «Қазақстан-Заман» газетінің экономика, спорт, туризм бөлімдерінің меңгерушісі.

Зейнетақымызда не жаңалық?

Сауал: Биылғы зейнетақымызда қандай өзгерістер бар?
Жауап: Жақында ғана ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі: «Былтыр зейнетақы мөлшері екі кезеңмен 20 пайызға артқан еді. Енді биылғы жылдың қаңтарынан бастап ол жасына және ұзақ мерзімді қызмет бойынша тағы да 8 пайызға артады. Бұл өзгерістердің 2 миллионнан астам зейнеткерге, яғни бүгінгі күні зейнетақы алып отырған әрбір адамға қатысы бар. Бұдан басқа, 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап зейнетақы жүйесіне қатысу ұзақтығына байланысты жаңа әдіске сәйкес базалық зейнетақы тағайындалатын болады. Осы кезден барлық зейнеткерлердің базалық зейнетақысы бір реттік қайта есептеуден өтеді. Еңбек өтілін есептеуде 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі де, одан кейінгі де еңбек өтілі ескеріледі. Жаңа тәртіп зейнеткерлікке енді шығатын азаматтарға ғана емес, бұдан ертеректе шыққан және қазір шығатын азаматтарға да қолданылады. Есептеулерге сәйкес, зейнетақы тағайындалып қойған барлық зейнеткердің базалық зейнетақысы міндетті түрде қайта есептеледі. Ешбір зейнеткер бұдан тыс қалмайды.

Сауал: Әйелдердің зейнет жасының ұлғаюына байланысты зейнетке шығу қалай жүзеге асырыла бастайды?
Жауап: 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде әйелдердің зейнеткерлік жасы 2027 жылға дейін 63 жасқа толғанша жыл сайын 6 айға ұзартылады. Сәйкесінше, әйелдерге жасына байланысты зейнетақы төлемдерін және қордың зейнетақы жинақтары есебінен зейнетақы төлемдерін тағайындау: 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап 58,5 жасқа толғанда жүргізілсе, одан арғы жылдары осы жасқа 6 айдан қосылып отырады. Сонда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетке шыққандар зейнетақысын 63 жастан бастап алатын болады», — деген ақпар береді. Сосынғы бір ескеретін мәселе мынау. Мәселен, Қазақстанда зейнеткерлердің 70 пайызға жуығы әйелдер. Ал жеке зейнетақы шоттарының 45 пайызы әйелдерге тиесілі. Бірақ, әйелдердің зейнетақы жинақтарының орташа мөлшері ер-азаматтарға қарағанда 25 пайызға төмен. Оның үстіне уақыт өткен сайын жасына байланысты, еңбек өтілі бойынша төленетін ортақ зейнетақы төлемдерінің мөлшері де азая түседі. Ал оны толық көлемде алу үшін зейнеткердің 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілі ерлер үшін 25 жыл, әйелдер үшін 20 жылдан кем болмауы керек. Ал 2018 жылдан бастап зейнетке шығатын әйелдердің еңбек өтілі толық болмайды. Сәйкесінше, олардың алатын ортақ зейнетақы төлемдерінің мөлшері барған сайын азая түседі. Әйелдердің зейнетке шығу жасы осы жағдайларға жол бермеу үшін ұлғайтылып отыр. Бұл шара әйелдерді жинақтаушы зейнетақы жүйесіне белсенді түрде тартуға және өздерінің зейнетақы жинақтарының көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Сауал: Елімізде не салық төлемейтін, не зейнетақы қорында жинағы жоқ, тіпті ресми жұмыс өтілі де жоқ азаматтарға болашақта зейнетақы төлене ме?
Жауап: «ҚР зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңына сәйкес, зейнеткерлік жасқа толған, бірақ 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін еңбек өтілі және 1998 жылдың 1 қаңтарынан кейін енгізілген жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі болмаған азаматтарға тек мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі тағайындалады. Мемлекеттiк базалық зейнетақы төлемi жасына байланысты немесе БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы төлемдерiн, сондай-ақ мүгедектiгi бойынша мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақы алуына қарамастан беріледі. Сонымен қатар, мемлекеттiк базалық зейнетақы төлемi өмiр бойына тағайындалады және қайтыс болған немесе Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен айын қоса алғанда жүзеге асырылады. Мемлекеттiк базалық зейнетақы төлемi бюджет қаражаты есебiнен төленеді. Мемлекеттiк базалық зейнетақы төлемiнiң мөлшерi ең төменгі күнкөрiс деңгейiне кезең-кезеңiмен жақындатыла отырып, тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңмен белгiленедi. 2017 жылы мемлекеттік базалық зейнетақының мөлшері 14 466 теңгені құрады. 2018 жылға тағайындалған мемлекеттік базалық зейнетақы мөлшері — 15 274 теңге.

Ал ер-азаматтардың жасы 55-тен асқан және зейнетақы жинақ қорындағы ақшасы
9 636 000 теңгеге жеткен болуы керек. Ал әйелдер жасы 50-ден жоғары және жинақталған сомасы 13 746 000 теңгеден кем болмауы тиіс.

Төлеудің жаңа тәртібі

Сауал: 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін тағайындау тәртібі өзгереді деп естідік. Ол қандай өзгеріс?
Жауап: Енді базалық зейнетақыны тағайындауда 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілі, сондай-ақ зейнетақы жарналарын төлеумен расталатын, 1998 жылғы 1 қаңтардан кейінгі еңбек өтілі ескерілетін болады. Бұл ретте зейнеткердің 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілі және жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі мүлдем жоқ немесе 10 жылға дейін болса, онда базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызын құрайды. 10 жылдан асқан әрбір жыл үшін оның көлемі 2 пайызға ұлғайтылып отырады. Яғни, қатысу мерзімі 20 жыл болғанда, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызын, 30 жыл болғанда 90 пайызын құрайды. Ал 33 жыл және одан көп болғанда базалық зейнетақының мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің мөлшеріне тең болады және одан асырылмайды.

Сауал: Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті зейнетақы жарналарын төлеуден босатылғандар қатарына кімдер жатады?
Жауап: Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті зейнетақы жарналарын төлеуден зейнеткерлік жасқа толған азаматтар, мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленген бірінші және екінші топтардағы мүгедектігі бар жеке тұлғалар, әскери қызметшiлер (мерзiмдi қызметтегі әскери қызметшiлерден басқа), арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдары мен мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қызметкерлері, сондай-ақ арнаулы атақтарға, сыныптық шендерге ие болу және нысанды киiм киiп жүру құқықтары 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап күшін жойған адамдар және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алушылар босатылады.

Сауал: Зейнеткерлікке қалай ертерек шығуға болады?
Жауап: Зейнеткерлікке зейнет жасына жетпей жатып та ертерек шығуға болатынын айтқан Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің Аймақтық даму және клиенттер қызметінің басшысы Асхат Мұқамедов: «Бүгінгі заң бойынша, елде зейнет жасына жетпеген адамдардың да зейнеткерлікке ертерек шығуына болады. Ол үшін бұлар зейнетақы қорында жиналған ақшасын пайдалана алады. Сақтандыру компаниясына ақша жинап зейнетке шығудың екі шарты бар. Ол үшін азаматтар сақтандыру компаниясымен шарт жасасуы керек. Ал ер-азаматтардың жасы 55-тен асқан және зейнетақы жинақ қорындағы ақшасы 9 636 000 теңгеге жеткен болуы керек. Ал әйелдер жасы 50-ден жоғары және жинақталған сомасы 13 746 000 теңгеден кем болмауы тиіс. Сондай-ақ зейнетақыны Қазақстан азаматтары үш жағдайда мерзімінен бұрын шешіп ала алады: 1. Сақтандыру компаниясы арқылы жиналған зейнетақы қоры өз деңгейіне жеткенде (жоғарыда айтылған әдіс). 2. Азаматтың түпкілікті қоныс аударуына байланысты. 3. Азаматтың қайтыс болуына байланысты оның мұрагерлері марқұмның жинақталған зейнетақысын ала алады», — деген түсінік берді. Айта кетерлігі, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда ең төменгі зейнетақы мөлшері 33 745 теңге болып бекітілген.

(25)