Бірінсіз бірі жоқ бесеу

Осыған дейін елеусіз болып келген ұлы дала өзін жұмбақ та дала, қымбат та дала екенін ғасыр көзімен қас қағым сәтте-ақ дәлелдеп үлгерді. Оны өзіміз емес, алдымен жат жұрттықтар таныды. Соның бірі қытай кино индустриясының жұлдызы Чжеки  Чан: «Сіз киноңызды неге қазақ даласында түсірмейсіз?» — дегенге, «Атыс-шабыс қасіретін Ұлы далаға апара алмаймын!» — деп дәлелдеді бір сөзбен естір құлаққа.

Ұлы дала жұмбағы туралы сыр

Бұдан жеті ғасырдай бұрын Марко Поло берген «Ұлы дала» есімін де естір құлақ тек біреу болды, ол Елбасы еді. Соның арқасында жұмбағын да шешуге, қымбатын да ұлықтауға кірістік оның.
Алайда ұлылық тереңі әлі түренсіз, тың күйінде. Оған мысал бұқаралық ақпарат құралдарынан «Қазақ әйелі бір қолымен бесікті, бір қолымен жерді тербетеді» дегенін естігенде төбе шашым тік тұрып, даусым жеткен жерге айттым да, қолым жеткен жерге жаздым да. Қазақ қасиетті бесікті оң қолымен ғана тербеткен, бірақ жерді тербетпеген. Әлемді тербеткен үнімен. Себебі олар бесік жырының зор құдіретін жетік білгендер ғой, бізге қарағанда.
Кеңес Үкіметі бізді қасиетті тіліміздің қауызымен өсіруге барын салды. «Далада келе жатқан қазақ далада отырған бір қазаққа әрі отыр депті» деп күлдірді, ал өздері қарқылдап. «Қазақтар «әйелді бастан…» тәрбиелейді екен» деп таңданды. Басын айтып, аяғын айттырмады. Соған көндік. Ендігіміз не? Қазақ тілі — «уызды», «қауызды» тіл. Ұлы дала қандай жұмбақ болса, оның тілі де сондай жұмбақ. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген бар. Бұл сөздің қауызы, сонда уызы не болмақ деп талай аудуторияға сұрақ қойдым. Жалпылама айтуға бармыз, бірақ дәл басатын ұлы дала тілі жоқ екенін білдім. Кейбір «білгіштер» оның уызы «бас кесілсе — хақ; тіл кесілсе — жұт» дегені екеніне келіспейтіндіктерін білдірді…
Ұлы дала ғұламаларының сөзін «білімсіз қолға білім салма», «бір сөзбен шеш түмен сөздің түйінін», «ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста» деп майын тамызып айтамыз, алайда одан ұққанымыздың деңгейін бүгін өмір дәлелдеп отыр. Мәшһүр Жүсіптің «қазақ тілінде ғылым да, ілім де бар… сол үшін бабаларымыз әулие-әмбиелер болып өткен… сол тілді қазір бір қазақ білмейді…» деген жан айқайын да естімейміз. Абай «сөздің сыртын қойып, ішіне үңіл» деген екен дегендей қызыл сөз айтуға әуеспіз.
Біздің ұлы даланың тарихы тасқа жазылған дейміз. Сол жазуда мынандай сөздер бар: «Алаша ханның кезінде алтаудың аласы жоқ еді, енді бесеудің бересі жоқ» деген. Оны әрі қарай: «Төртеуі Батысқа кетті, біреуі Шығысқа», — деп жалғайды. Осы тарихи жағдай «алтау ала болса, ауыздағы кетеді; төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген пәлсапаны қалдырды. Тасқа жазылды дегенге тасты іздей бастаймыз, оның астарына үңілмей. Ал тастан да мықты ой өрнегімен жазылған асылымызды елемейміз.
Ал төртеу деген не? Оны қалай түсінеміз десек, ол Құранда тұр. Ұлы дала не керектің бәрін құраннан тауып, жоғарыдағыдай сөз құдіретіне бастырып отырған. Кез келген елдің, мемлекеттің құрамы төрттен тұрады екен ғой: патшасы мен ғылымы, байы мен қарашасы.
Демократия деп өңешімізді созамыз, ал жарлысы мен байы тең, ханы менен қарашасы тең болған, ары үшін жанын беруге дайын, сөз айтса, сөз сыйлап сөзде тұрған, аталы сөзді атан түйеге бағалаған от ауызды, орақ тісті биігімізді елемейміз. Олар кімдер еді? Ол кәрі құрлықты құлдықтан азат еткен Еділ патшадай еңіреген ерлердің демократиясы еді. Ол «би болмасаң, би болма, би түсетін үй бол» болғандардың демократиясы еді. Ол «әкесі тұрғанда ұл сөйлесе, ер жеткені болар; анасы тұрғанда қыз сөйлесе, бой жеткені» болғандардың, қызды қонақ деп төрге отырғызғандардың демократиясы еді. Ол «әйел — ұят» деп, «ер — намыс» деп, түмен сөзді бір сөзбен түйгендердің демократиясы еді. Ол кәрісіне төрді сайлаған, қалғаны жасына қарай самсаған қарға тамырлы, судай таза, сүттей ұйыған қазақ отбасы демократиясы еді.
Бұлар бабалар салып кеткен алтын діңгегіміз, тереңге кеткен тамырымыз еді. Бабалар — тамырымыздан айырылмаудың бар жолы мен жөнін жасап кеткен кемеңгерлер. Сондықтан Жаратқан иесіне «бәрін алсаң да, пейілімді алма» деп тіленген. Сөйтсе, пейіл тарылса, кеңімейді екен ғой. Одан кейінгі қорқыныш аран ашылса, қайта жабылмайды екен ғой. Қорқыныштар өте көп: тез ұмытатын екеуді ескермеудің қорқынышы; ұмытпайтын екеуді елемеудің қорқынышы; таласпайтын екеуге жармасудың қорқынышы. Адам мұны жасынан білсе, ол — тасқа жазған тарихымыз; білмесе, бұ дүниені бос кеңістікке айналдырғандар, немесе бұ дүниеге босқа келіп, бос қайтқандар.
Араб тілі қасиетті Құранды жеткізген абзал тіл болса, қазақ тілі — Алла тілінің тереңіне үңіле білген, ненің қайда жасырынғанын таба біліп, өзі де «Құранның зерек шәкірті» ретінде жұмбақтай білуге әбден машықтанған жұмбақ тіл. Мысалы, «ғылым аштықтың артына тығылған» дегенді қалай түсінеміз? Жоқшылықты, қиыншылықты жамандық деп қана түсінеміз. Сол жамандықтың адамның ойын қозғайтынын, ойы қозғалса, жөнін таба алатыны туралы ойламаймыз.
Бабалар «ер кезегі үшке дейін» деп тегін айтпаған. Ол да құраннан алынған. Себебі жаратылыс үшке негізделген. Адам өлшемі: келеді, кешеді, кетеді. Адамзат өлшемі: жер бетінде жылдар; жер астында ғасырлар және мәңгілікке тартар жол. Ал адам өмірге қалай келді, талайлардың ортасынан таңдалып келді. Осыны жасынан білсе, ол — тасқашау; білмесе, ол — бос шаршау. Немесе, шүкіршілік айта білмеу — өмірден надан болып өту. Осы бұрыс жолға түспес үшін ұлы дала ұрпаққа «бірінсіз бірі жоқ бесеу» жұмбағын ұсынды, «ізденсін де тапсын», «ой көзін ашсын» деді де, мынадай ой тастап кетті: «құрақ құрамай, ой құралар ма; ою оймай ой оралар ма?» деп. Ұлы даланың кенже иесі Қазақтың даласында бәрі жұмбақ. Ал сол жұмбақты шешіп, мәңгілікке жол тарту — бізге бабаларымыздан қалған баға жетпес тартуымыз, асыл мұратты мұрамыз.
Осы бесеу туралы ой жүгіртіп қарайықшы. Адамзат тарихында бірді танып, оны құрмет тұтқан Ұлы дала хакімі Абай еді: «Единица жақсысы, ерген елі бейне нөл. Единица кеткенде, не қылады өңкей нөл?» — деп. Ендеше бірді білмесек, қалған төртеуі мазмұнынан айырылмақ. Бесімен табыспасақ, бірді танығанымыз да, қалғаны да бізге жарық сыйлай алмасы анық.
Бірін-бірі толықтырған, бірінсіз бірі жоқ бесеу адамға, адамзатқа не бермек? Бұл — жарық күннің өзінде жарық берер құрал шам. Бұл — әр қазақ білуге тиіс биік болу мен берік болудың бабалар ұсынған теңдессіз қазынасы. Біз сол жарық шамның жарығын пайдалану жолын тұспалдап сілтедік, ата-бабаның «түсіндірме, түсінік қанатын қайырасың» деген қағидасына сай, әркім өз шамын өзі құрап алсын деп…

Ұлы дала жұмбағы

Бірді таны да, қуан,
Екіні біл де, қорық.
Үшті тап та, шүкір ет,
Төртті біл де, көзіңді аш.
Беске бағын да, табын.
Бесеудің қадірін кім білмек?
Осылар түгел болғанға
дүние есігі ашылмақ,
Болмаса, дүние есігі жабылып,
құрығы оның салмақ ойнақ.

Қадірлі бауырлар!

Қазіргі кезде ең қиын мәселе — ұрпақ тәрбиесі. Ата-ана баласын иманды, білімді, салиқалы етіп тәрбиелегісі келеді. Бірақ қалай? Оның сенімді де нақты жолы бар ма? Біздің газетіміздің жанашыры, ғұлама ақсақал ғаламтор арқылы осы жолды тауып отыр. Елбасымыз айтқан Рухани жаңғырудың дара да дана жолы ол. Ол жолды біз 2018 жылдың 1-нөмірінде айтамыз дегенбіз. Мінеки, осы жұмбақты ұсынған ақсақал шешуін де әкелді. Бірақ әлі де атын айтпауды өтінді. Келер нөмірде ұрпақ тәрбиесінің алтын кілті болатын жобасын ұсынбақ.

Жұмбақтың шешуі

Ұлы дала бізге тасқа басқан тарихын да, даналығын да тастап кетті. Бірақ оны жұмбақ күйінде тастады, «түсіндірмейін, түсіндірсем, ой қанатыңды қайырамын» деп. Сол жұмбақтың бірі «жұмақ ананың табанының астында» дегені болатын. Енді ол не деген сұрақ тууы заңды. Бірақ осыған дейін қанша ойлансақ та таппадық. Сол жұмбағын ұлы дала енді ашты, ол «Бірінсіз бірі жоқ бесеу» екен.
Енді осыны шешсек, ол «бірді тану мен оған табысу, тілдің ұшымен емес, жүректің күшімен» болғанда ғана бір түгел болады екен де, сонда ғана қуана алады екенбіз. Бірінің ашылуынан, екіншісінің тарылуынан қорқа білгенде, тез ұмытатын және ұмытпайтын, таласуға болмайтын екеуді мәңгіге жадына бекіту арқылы өмір кешкенде екеу түгел болмақ екен. Талайлардың ортасынан таңдалғанын біліп, шүкіршілік ете алу ұғымын берік бекіткенде, сол ұғыммен өмір кешкенде үшеу түгел болады. Төртеу олардың әрбіреуі өз міндетін әділ болу, жөн сілтей алу, жомарт болу, тілегі түзу болу қасиетіне ие болғанда түгел бола алады. Адамдар аяғымен келетін қасиетін жүрегімен келу қарекетіне ауыстырғанда бесеу түгел болмақ екен. Әрбіреуінің өзіне түгендігі бесеудің түгендігін құрамақ.

Ұлы даланың ұлылығы ілімін жеткізуші — ақсақал

(11)