Ар-намысым, қасіретім, мақтанышым — Желтоқсан!

Мемлекет Басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында Медеу ауданы әкімінің бастамасымен іске асырылып жатқан ұрпақтар сабақтастығы бағдарламасына орай Желтоқсан оқиғасының арқасында тәуелсіздікке жету жолында талай боздақтарымыздың жалған айыппен шейіт болғандарын көрерменге жете ұғындыру — біздің басты міндетіміз, азаматтық борышымыз. Өйткені ар-намысымыз да, қасіретіміз бен мақтанышымыз да осы — Желтоқсан оқиғасы.
Осыған орай оқушылардың дүниетанымын кеңейту мақсатында №98 жалпы білім беретін мектепте «Желтоқсан Республикалық халықтық патриоттар қозғалысы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Отарбаев Кенжебай Әшірбекұлымен кездесу болып өтті.
Келелі басқосуда оқушыларға 1986 жылғы желтоқсанда әміршіл-әкімшіл солақай саясатына қарсы алғаш бас көтеріп, демократия жолында құрбан болған ұл-қыздарымыздың ерліктері жайында түсінік беріліп, жастардың алаңға не себепті шыққандығы жете түсіндірілді.
Мектебіміздің мақтаныштары Шорманхан Елназ, Журтыбай Арай, Аққұлова Томирис, Болат Ақжол Желтоқсан оқиғасына байланысты өлеңдерін жатқа оқып, батыр Қ.Рысқұлбековты еске алу мақсатында әдемі естеліктерінен көңіл толқытар көрініс қойды. Мектеп түлегі Марат Рустам басты рөлді сомдап, көрермендердің көзіне еріксіз жас үйірді.
Екі сағатқа созылған шарамызда 5 «Б» сынып оқушылары «Шаңырақ» әнін орындаса, 3 «В», 9 «В» орыс сыныбы «Мен — қазақпын, менің Отаным — Қазақстан» атты әндерімен көрерменнің көңіліне жол таба білді.
Шарамыздың өтуіне ұйытқы болған №98 жалпы білім беретін мектебіміздің директоры Найзабекова Динара Амиркұлқызына ерекше алғысымызды білдіргіміз келеді. Елімізде әрқашан бейбіт заман, тыныштық мәңгілік болсын, ағайын!

Қожамқұлова Айжан Жанболатқызы,
№98 жалпы білім беретін мектептің
ДТІЖ орынбасары

(8)