Үкілі үміт ақталса…

ҮКІЛІ ҮМІТ АҚТАЛСА…

Халқының сенімін ақтауды арқалап, үмітін мойнына жүктеп, елдің мүддесі үшін сеніммен сайланған белсенді халық қалаулысы әрі қамқоршысы депутат Сіздер екені аян.
Құрметті депутат мырзалар, Сіздерге жаңа жылдың жалынды сәлемін жолдап, еңбектеріңізден табыс күтіп, әлемнің тыныш болуын тілеп, еліміз аман, заманымыз жайлы, өсіп-өркендеп, жетістіктерге жете беруіне сенімділік білдіре отырып, төмендегі екі мәселе орындала ма деген асыл арманымды жолдаудамын:

1. Мемлекет өз халқының дені сау, тіршілік ету деңгейін жақсартып, бейбіт өмір сүргізуге міндетті. Ал, бізде айлық жалақының төменгі және жоғары деңгейі жер мен көктей айырмашылықта болғандықтан, бай-кедей табын әдейі туғызғандаймыз.
Дүкендегі тауар мен коммуналдық шығын құны бәріне ортақ. Ұрпақтың тілеуі де, тілегі де бірдей. Байшыкештің баласы не киіп, не жесе, кедейдің де баласы соны алып бер деп өтінеді. Сондықтан бағаны қатаң тоқтатып, айлық жалақыны 100 мың теңге мөлшерінде болғызу абзал. Депутат мырзалар, өздеріңіз үлгі көрсетіп, сол үнемделген қаржыға бұрынғы қысқартылған ауыл, аудан, облыстардың мәртебесін қайта беру – бүгінгі өмір талабы. Мысалы, бір мәселемен Алматыдан Талдықорғанға барасың. Ол күні жұмыс бітпесе, қонуға тура келеді. Жол қаржысы, тамақ, уақыт, қонақ үйдің қаражаты қалтаға салмақ болары хақ.

2. Депутаттар мен әкім, атқамінерлердің даяшылығына тікұшақ қолдану туралы жаңа бастама көтерілуде. Меніңше, тік ұшақты аудан, облыстардың әкімшілігі мен аурухана мекемесіне керектенсе игі. Науқасты аудан, облыс ауруханасына шұғыл жеткізуге, сондай-ақ өрт, қауіп, әртүрлі апат кезінде қолданылса тиімді болар еді. Дәл осы кезде ауылдарды жол, ауыз су, газбен қамтамасыз ету ауадай қажет.

Денсаулық пен білім беру жүйесін тегін қылу шараларын ұйымдастырып, қолға алып, жүзеге асырылса, халық қамы үшін зейнетке шыққанда және қайтыс болғанда әрбір жанға 3-12 ай зейнетақы айлық жалақысын бір реттік көмек ретінде берсе игі іс болар еді.
Қоғам адам үшін, адам қоғам үшін деген пиғыл тоғысқанда ғана өркен өрге жүзіп, халықтың тіршілік ету деңгейі жоғарлап, мәңгілік ел боларымыз аян, ағайын!

Өкей Үрімханұлы

(18)