Павлодарлықтар көше атауларын қазақшалады

Облыс орталығындағы Ленин көшесіне Астана атауы ресми түрде бекітіліп, берілді. Бұл жөнінде өткен жылдың қараша айының ортасында болған қоғамдық тыңдауда қала халқының пікірін ескере отырып, қалалық мәслихат депутаттары бірауыздан дауыс берген болатын. Енді міне, республикалық ономастикалық комиссияның шешімі жарияланып отыр. Сонымен бірге, біздің тарихымызға қатысы жоқ есімдерді иеленіп келген Екібастұз қаласындағы жиырма көшенің атауы да өзгертілді.
Шешім бойынша Павлодардағы Ленин көшесі және Екібастұз қаласындағы Комиссаров, Западная, Московская, Киевская, Строительный, Новоселов, Крупская сынды 20 көшенің аты өзгертілді. Қазақ тарихы мен мәдениетіне қатысы жоқ мұндай атаулардың орнына Шәкәрім, Бауыржан Момышұлы, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Ерғанат Көшербаев сынды ұлы тұлғалардың және Сарыарқа, Ынтымақ сынды қазақы болмысқа тән атаулар берілді. Облыстық ономастикалық комиссияның мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Бекен Сағындықұлы кезінде айырылып қалған тарихи жер-су атауларын қайтару жұмыстары мұнымен тоқтап қалмауы керек дейді.
1993-1995 жылдар аралығында республикалық Тіл комитетін басқарған Сұлтан Оразалиннің сөзінше, патшалық және одан кейінгі кеңестік отарлаудың салдарынан еліміздегі 20 миллиондай жер-су атауы орысшаланып кеткен екен. Қазақ елі Тәуелсіздік алғаннан кейін қолданыстан шығып қалған сол атауларды қайтару жұмыстары қолға алынғаны белгілі. Бұл, міне, сәтімен жалғасуда. Игілікті іс ұзағынан болғай! Павлодарлықтардан үлгі алайық, ағайын!
Тілеуберді Сахаба

(16)