Ол бүкіл қазақ жерін жаяу аралап шыққан жан еді…

Қарапайым ғана кішіпейіл жан Молдияр Серікбаев көкеміздің таудай биік еңбектерін ғылым саласында жүргендер білмегенсісе де, журналистер қауымы оны жақсы біледі. Себебі ол күнде немесе апта сайын бүкіл редакцияларды бір аралап шықпаса көңілі көншімейтін. Түнімен жазған парақ-парақ мақалаларын, пікірлерін таратып шығатын.

Ол өзінің мамандығы геология мен картографияны жанындай жақсы көруші еді. Оның басты арманы қазақтың ұлттық картасын жасау болатын. Себебі ол бұл саланы алақанындағыдай жақсы білетін. Молдияр көкеміз бүкіл қазақ жерін ерінбей жаяу аралап шыққан тынымсыз жан. Әрине, ол геолог ретінде жұмыс істеп, КСРО-ның сол кездегі аты әлемге танымал ғалымдарымен бірге еңбек етті. Ол егер доктор, профессор болғысы келсе, білімі жетіп артылатын. Бірақ мансапқа қызықпады. Тіптен ғалымдармен бірге жасаған ұжымдық жұмыстарының бірі КСРО мемлекеттік сыйлығына ұсынылған. Бірақ орта жолда сызылып қалды. Ең өкініштісі ұлттық карта жасаудағы арманы жүзеге аспай, өзімен бірге көмілді. Әттең!.. Қолдағы алтынның қадірін білмедік. Иә, ендігі біздің мақсатымыз оның газет-журналдарда шыққан дүниелерін, сұхбаттарын кітап етіп шығару.
Молдияр Серікбаев 83 жасқа қараған шағында бұл дүниеден өтті. Жатқан жері жайлы, иманы саламат, жаны жаннатта болуын Аллам нәсіп етсін!
«QAZAQSTAN ZAMANY» газеті мен
«Мөлдір бұлақ» журналының ұжымы

(16)