mm
Халықаралық "Қазақстан Заман" газетінің жауапты хатшысы, "Біздің сұхбат" бөлімінің редакторы.

«National Digital History of Kazakhstan» порталы ─ бірегей жоба

Жас журналист Олжас Беркінбаев — журналистер арасындағы беделді байқау — «Үркер» сыйлығының жеңімпазы. Кезінде Олжас «Нұр Отан» партиясында, ҚР ІІМ «Сақшы» газеті мен «Әскери стратегиялық-зерттеулер орталығы» АҚ қызмет атқарған.
Олжас бүгінде «Қазконтент» АҚ, «National Digital History оf Kazakhstan» порталының жетекшісі. Бірегей жоба — «Қазақстан тарихы» сайты жайлы Олжас Беркінбаевпен сұхбаттасқан едік.
Сұхбат демеушісі еліміздегі ақпараттық технологиялар саласындағы жетекші компаниялардың бірі — BUGIN GROUP компаниясы.

— Қазақ журналистикасында «National Digital History of Kazakhstan» порталының орны қандай?
— 2013 жылы 25 қыркүйекте сол кездегі Мемлекеттік хатшы, қазір Президент әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Марат Мұханбетқазыұлы Тәжиннің тікелей тапсыруымен ашылған портал. 2014 жылы осы сайтқа журналист болып орналасқан болатынмын. «Қазақстан тарихы» сайты — бірегей жоба. Мемлекет тарапынан қолдау көріп отырған дәл осындай жоба жоқ деп айтсақ болады. «National Digital History of Kazakhstan» порталында материалдар үш тілде жарияланады. Күнделікті портал материалдарын 12 мыңға жуық адам қолданады. Ұлттық тарихты заманауи құрылғылармен интернет кеңістігінде насихаттау — басты міндетіміз. Қазақстанға танымал тарихшылардың басын қосып, «уатсап» әлеуметтік желісінен де топ ашып қойдық. Ол жерде Ерлан Сыдықов, Зейнолла Самашев, Қаржаубай Сартқожаұлы ағаларымыз отыр. Түрлі тарихи тақырыптарда талқылаулар жүргіземіз. 8 желтоқсан күні Оңтүстік Кореяға барамыз. Ханья университетінің Азия-Тынық мұхит аймағын зерттеу орталығы шақырып отыр. Зерттеу орталығы Қазақстандағы бүкіл сайттарға зерттеу жүргізген. Ең үздік сайт деп «National Digital History of Kazakhstan» порталы деп таңдап алған екен. Бізден өз тәжірибемізбен бөлісуімізді сұрап отыр. Ұжымның тең жартысы тарихшылар. Ғалымдардың зерттеу материалдары жиі жарияланады. Сонымен қатар, Қазақстан тарихы жайлы жазатын шетел тарихшылары да бар. Мысалы, Молдавия мен Румынияның екі ғалымы бізге хат жазды. Қазақ әскерлерінің мүрделерін тауып, бізге материалдарын ұсынып жатыр. Қазіргі уақытта осы ғалымдармен шығармашылық байланыстамыз. Жапондардан «NHK» телеарнасынан ұсыныс болды. Порталымыздағы белгілі суретші және АТОМ жобасының құрметті елшісі Кәріпбек Күйіков жайлы материалды олар деректі фильмдеріне қолданды. Біз үшін үлкен жетістік деп айтсақ болады. Ресейде «История России» сайты жұмыс істейді. Біздің порталдың ресейлік үлгісі. Мәдениет министрлігіне қарайды. Бас редакторымен кездесіп, өзара тығыз жұмыс істесек деген ойымыз бар. Халықаралық байланыс орнатуда біздің ғалымдарымыздың қызығушылығы жоғары. Ай сайын PDF форматында 50 беттік электронды журнал шығарып отырмыз. Келер жылдан бастап қағаз түрінде шығарсақ деп жоспарлап отырмыз. Жақында «Қазақ радиолары» ЖШС Бас директоры Мәди Манатбек ағамызбен бірлесіп, «Шалқар» радиосынан «Көне дәуір күмбірі» бағдарламасын аштық. Аптасына бір рет жексенбі күні тікелей эфирге шығып, тарих туралы сөз қозғап, белгілі ғалымдарды тартудамыз. Атқарылып жатқан жұмыстар көп.
— «National Digital History of Kazakhstan» порталы ұстаздардың, оқушылардың жиі пайдаланатын көрнекі құралына айнала алды ма?
— Біздің порталда оқушыларға, ғалымдарға арналған бөлім бар. Сонымен қатар, магистрлер мен докторанттарға арналған www.edu.e-history.kz бірегей электронды журналы бар. Жас ізденушілердің ғылыми мақалалары осы жерде жарияланады. Бізге оқушыларымыз жиі хат жазады. Кейбір тарихи тақырыптар жөнінде материалдар жариялауды өтінеді. Сайтта «Тарихи білім» деген бөлім тұр. Бізде түрлі баспалардан шыққан мектеп оқулықтарының электронды оқулықтары бар. Тарихи тұлғалардың өмір жолдары қамтылған «Есімнама» деген бөлім оқырмандар қызығушылығын тудырып келеді. Сонымен қатар, жыл сайын жаңа жобаларымыз іске қосылып отыр. Биыл «Алаштың 100 жылдығына» орай іске қосылған жобамызда біраз материалдар жарияланды. «Болашаққа бағдар» экспедициясы айналасында түрлі қызықты материалдарды бірден жариялап отырамыз. Бұның барлығы мектеп ұстаздары мен оқушылары үшін дайын көрнекі құрал болып есептеледі деп ойлаймын.
— Олжас, әлеуметтік желіден байқап отырамыз, іссапарларға жиі шығасың. Бір күні Қырғызстанда жүрсең, екінші күні Моңғолияда дегендей.
— Ең бірінші сапарымызды Венгриядан бастадық. Сапарымызды Нұрбах Рүстемов ағамыз басқаратын елшілікпен бірлесе атқардық. Сол жердегі ғалымдармен сұхбаттаса отырып, біраз дерек жинап қайттық. Қазақша үйреніп жатқан мажар балаларымен таныстық. Мажарлардың қазақ тіліне деген қызығушылығы жоғары екен. 1960 жылы венгр тіліне аударылған «Ақын жолы» («Абай жолы») кітабын көрдік. Бауыржан Момышұлының да кітаптары венгр тіліне аударылған екен. Кейкі батырдың бас сүйегіне зерттеу жүргізіп, батыр бейнесін қалыпқа келтірген мажарлық антрополог ғалымдармен жүздестік. Қытай қазақтары кәсіпкерлерінің қолдауымен Қытайдағы қазақтар шоғырланған жерде болып қайттық. 4 күнде 2,5 мың шақырым жүріппіз. Қазақтардың тұрмыс-тіршілігімен танысып, құмай құстың күртесін, шиден жасалған домбыраны көріп қайттық. «Қиырдағы қазақтар» деген 8 сериялы фильм бастағанбыз. Материал жинау мақсатында Астраханьда болдық. 1 қазан Астрахань қазақтарының «Жолдастық» деп аталатын үлкен тойларына куә болдық. Астраханьдағы он үш ауданнан 10 мың қазақ бас қосып, үлкен шара өткізді. Сол жердегі қазақтар тек наурызды ғана тойлаумен шектеліп қалмай, тегін жоғалтпау мақсатында жыл сайын ұлттық нақышта кездесу өткізуді ұйғарған. Жылына 25 мың турист келетін Құрманғазы бабамыздың қабірін зиярат еттік. Музейде тұрған домбырасын көрдік. Жүрген жерімізден тарихи деректер жинаймыз, фото, видео материалдар дайындаймыз. Порталымыздан «Мен мұндалаған Моңғолия» деген материалды көрген боларсыз. Моңғолия қазақтары десе, көздерін әжім басқан, мал соңында жүретін қазақтарды елестететініміз жасырын емес. Біздің «Қиырдағы қазақтар» деректі фильмінің мақсаты осы стереотипті бұзып, жат жерде жетістікке жеткен қандастырымыздың күнделікті өмірлерін көрсету еді. Мақсатымызға жеттік деп ойлаймын.
— Сұхбат бергеніңізге рақмет! Еңбектеріңіз жемісті болсын!
Сұхбаттасқан — Бауыржан Карипов

(92)