Өркен жайған «Өрлеу» 20 мыңнан астам адамды шапағатына бөлеп отыр

Оңтүстік Қазақстан облысында жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту мақсатында қолға алынған «Өрлеу» бағдарламасы айрықша өркен жайып келеді десек болады. Нақты айтар болсақ, «Өрлеу» жобасы аясында бүгінге дейін жалпы сомасы 6 млрд-тан астам теңге болатын шартты ақшалай көмекті 20 мыңнан астам оңтүстікқазақстандықтар алып, отбасылық табыстарын еселеуге мүмкіндік алды. Бұл туралы облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Ордабасы ауданына жасаған іссапар барысында айтып, әлі де кәсіп ашып, тірлік істеймін деген азаматтарға мемлекет тарапынан жасалынатын жеңілдіктерді кеңінен насихаттау қажеттігін ескертті.

Ордабасы ауданында қолдау қаржыға қол жеткізген азаматтардың дені мал шаруашылығын дамытуға ден қойыпты. Дегенмен, өзге де кәсіпті қолға алып, шаруасын дөңгелетіп отырғандар да жоқ емес. Облыс басшысы Жансейіт Қансейітұлы солардың бірі, қолөнер кәсібін дамытуды қолға алған кәсіпкердің қолынан шыққан домбыраны сатып алды. Бұл бір жағынан кәсібін енді бастаған азаматтың шабытына шабыт қосып, құлшынысын арттырса, екінші жағынан ұлттық аспапқа деген құрметтің артуына себеп болды.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің ұсынған мәліметіне жүгінсек, Ордабасы ауданында 2017 жылдың 10 айында аталған бағдарлама аясында аудан бойынша 1142 отбасыға 307 миллион теңгеден астам қаржы үлестірілген екен. Облыс әкімі Ж.Түймебаев Ордабасы ауданына жұмыс сапары барысында Бадам ауылында орналасқан «Ордабасы нан» ЖШС-нің жұмысымен танысты. Аталған серіктестік заманауи үлгідегі түрік технологияларын пайдаланып, сапалы ұн өнімін шығарумен айналысады. Өнім халықаралық деңгейдегі мемлекеттік талаптарға, ал өндіріс қондырғылары халықаралық стандартқа сәйкестендірілген. Серіктестікте бүгінде бірнеше жүздеген адам жұмыс істейді.
«Алғаш рет жұмысын 2008 жылдың екінші тоқсанында бастаған серіктестік 2015 жылы өндіріс қуаттылығын арттыру мақсатымен диірмен құрылысын ұлғайтып, түрік технологиясымен жаңа қондырғылар орнатылған. Нәтижесінде мұнда тәулігіне 450 тонна бидай өңделіп, ұн өнімдері өндіріледі. Бұл жобаның жалпы инвестициялық құны 2 млрд. 680 млн. теңгені құрайды. Бүгінгі таңда «Ордабасы нан» өнімдері отандық нарықпен қатар Ауғанстан, Қырғызстан, Өзбекстан елдеріне экспортталуда», — делінген облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінде.
Келесі кезекте облыс басшысы Бөржар ауыл округіндегі «Миграж-Б» ЖШС-нің мал бордақылау алаңын да аралап көрді. Бұл кешен бір мезетте 200 ірі қара мал мен жылқы бордақылауға ыңғайластырылған. Мұнда жылына 70 тонна ет өндіру жоспарланып отыр.
Облыс басшысы аялдаған келесі нысан жеке кәсіпкер Ермекбай Утеевтің жылыжайы болды. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы 2 млн. теңге несие алған кәсіпкер жылыжай салып, 2 азаматты жұмыспен қамтып отыр.
Өңір басшысы Төрткүл ауылындағы «Нұр Агро 73» ЖШС-нің мақта өңдеу зауытының да жұмысымен танысты. Өз жұмысын 2016 жылы бастаған нысанның инвестициялық құны 255 млн. теңгені құрайды. Мұнда бүгінде 300 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Оның 230-ы жергілікті тұрғындар. 14 өндірістік құрылғыда жылына 30 мың тонна мақта өңделеді. Облыс көлемінде Мақтарал, Шардара, Ордабасы аудандарынан мақта қабылданады. Төрткүлде дайындалған мақта талшықтары бүгінде Чехияға, Белоруссия мен Молдоваға экспортталуда. Мұнан өзге Шымкенттегі «Меланж текстиль» фабрикасына жөнелтіледі.
Өңір басшысы Сайрам ауданына іссапарлап барғанда да игі істердің куәсі болған-ды. Осы аудандағы қозықұйрық өндіретін «АгроГреен» ЖШС-дағы жылына 200 тонна қозықұйрық өндіруге қауқарлы кәсіпорын жылыжай түрінде жасақталған. Мұндағы құрал-жабдықтар Польша мен Голландия елдерінен сатып алынған. Осы жылы іске қосылған кәсіпорында 11 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр.
«Бүгінгі күнге аталған өнім түрі шетелден (Польшадан) Қазақстанға жылына 280 тонна көлемінде импортталуда. «Agro Greens» ЖШС толық қуаттылықта жұмысқа қосылған жағдайда еліміздің ішкі нарығын толық қамтамасыз етіп, артылған өнімін шетелге экспорттауға мүмкіншілігі бар. Бүгінгі таңда жобаны толық қуаттылыққа шығару үшін айналым қаражатқа 30 млн. теңге көлемінде «Оңтүстік» АИО арқылы несиелік қаржы бөлініп отыр», — деді әкім. Бұдан бөлек, Ж.Түймебаев аталған жоба отандық «Ноу-хау» сауда-саттық тауары бола алатын және бәсекелі болу үшін пайдалануға болатын ерекше технологиямен жүзеге асырылып отырғанын атап өтті.
Серіктестік өсірген өнімін Қарағанды, Алматы, Шымкент қалаларына өткізуде. Кәсіпорын басшысы Феруза Каримовның айтуынша, жобаға бас-аяғы 572 млн. 500 мың теңге жұмсалыпты. Қозықұйрықтың А15 сортын өсіріп шығаратын ферма тұқымды Голландия елінен әкеледі екен. Фермада көлемі 280 шаршы метр болатын 12 камера бар. Мұнда егілген қозықұйрық үш айда дайын болады. Яғни, шаруалар жылына 4 рет өнім егіп ала алады.
Облыс әкімі Ақсукент ауылында орналасқан «Бірлік – 4» ЖШС-де жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының барысымен де танысты. Жалпы аумағы 5 гектарды құрайтын жобаның жалпы құны 2016,7 млн теңге. Оның 350 млн теңгесін кәсіпкер «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында алған. Кәсіпорын 2018 жылдың шілде айында іске қосылады деп күтілуде. Жоба қуаттылығы 1,2 млн. банка көкөніс консервілеу және 40 мың тонна көкөніс сақтауға мүмкіндік береді. Кәсіпорын толық іске қосылғанда 200 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.
Қазір мұнда консервілеу цехының құрылысы аяқталып, құрал-жабдықтарға тапсырыс беріліп қойған. Сондай-ақ көкөніс сақтайтын 8 дана қойма құрылысын салу жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда сыйымдылығы 5 мың тонналық 1 қойма іске қосылған. Басқа қоймалардың құрылысы аяқталу сатысында. Барлық қоймалардың жалпы сыйымдылығы 40 мың тоннаны құрайды.
Жалпы алғанда, облыстағы барлығына жуық аудан-қалаларда мемлекет ұсынған бағдарламалар мен жобаларды жергілікті іскер азаматтар тиімді пайдаланып отыр. Әсіресе, «Өрлеу» бағдарламасының қарапайым отбасылар үшін отбасылық бюджетті арттыруға мол мүмкіндік беріп отыр. Елбасы айтқандай, шағын кәсіпкерлік жоғары деңгейде дамитын болса, еліміз кез келген дағдарыстан айналып өтетін қуатқа ие болады. Міне, Оңтүстік Қазақстан облысында осы көріністің алғышарттары, яғни негізі жақсы қаланып келеді. Бастау алған жұмыстар алдағы уақытта да қызу жалғасын табады деген сенім бар.
Шадияр Молдабек

(25)