mm
«Бақ пен сор», «Біздің ауылдың адамдары», «Тәу етем саған, туған жер», «Шың мен шыңырау» атты кітаптардың авторы. Халықаралық «Қазақстан-Заман» газетінің экономика, спорт, туризм бөлімдерінің меңгерушісі.

«Мен жастарға сенемін!»

«Мен жастарға сенемін!» атты ҚазҰУ-де ұйымдастырылған фестиваль

… Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында қоғамдық сананы жаңғырту үдерісінің маңызды бөлігі ретінде жастар арасында Мәңгілік ел идеясы негізінде отансүйгіштік, өз жеріне, өз ауылына, қаласына, аймағына деген сүйіспеншілікті қалыптастыруға басымдық берілді. Осы орайда қатарынан бесінші жыл өтіп келе жатқан республикалық «Мен жастарға сенемін» фестивалі жастардың бойындағы рухани байлықты одан сайын арттырып, болашаққа деген ұмтылысы мен ерік-жігерін молайтқаны ақиқат.
Жеңімпаздар төрт байқау бойынша анықталды: «Еліміздің инновациялық дамуына менің қосқан нақты үлесім» атты инновациялық жобалар байқауы, «Мен мемлекетімнің гүлденуі үшін не істей аламын» атты эссе байқауы, «Мен жастарға сенемін!» поэзиялық шығармалар байқауы және «Мәңгілік ел мұратым!» патриоттық әндер байқауы.
Жастар шығармашылығына «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының бас редакторы, көрнекті ақын, фестивальдің тұрақты мүшесі Аманхан Әлім, «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, «Қазақстан ZAMAN» газетінің жауапты хатшысы Бауыржан Карипов, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік драма театрының баспасөз қызметінің жетекшісі, ақын Бақыт Беделханұлы, қазақ өнерін дәріптеп жүрген тұлға, композитор Владимир Питерцев және «Алатау инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағының автономды кластерлік қорының бас директоры Санжар Кеттебеков бастаған қазылар құрамы баға берді. Сыннан сүрінбей өткен жүйріктер бағалы сыйлықтармен қатар, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың біржылдық тегін оқу грантына ие болды.
Сонымен, инновациялық жоба байқауы бойынша 3-орын Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы, Жәңгір хан атындағы агротехникалық университеттің студенті Әсем Иманғалиеваға берілсе, 2-орынды әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенті Дүкенбай Дәулет, 1-орынды Орал қаласынан Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Зердегүл Мүсірова иеленді.
Студенттік эссе байқауы бойынша 3-орынға Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің студенті Ғәлия Абылай, 2-орынға Астана қаласы, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің студенті Жазира Құрманәлі лайықты деп танылса, 1-орынды Орал қаласы М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Нұқы Жамбыл иеленді.
Ал «Мен жастарға сенемін!» атты студенттік поэзия байқауы бойынша М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Жанерке Ғинаят пен С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің студенті Алмат Игілікұлы 3-орын иегерлері атанды, 2-орын М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Еркеназ Қалижанға, 1-орын М.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің студенті Жұлдыз Молдағалиеваға бұйырды.
«Мәңгілік ел мұратым!» патриоттық ән байқауы бойынша 3-орыннан Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің студенті Әсем Атымтайқызы көрінді, 2-орын М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Ерназар Жұбанға бұйырса, 1-орынды Шымкент қаласы, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Хасан Сыдықов пен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистранты Елжас Жәнібек жеңіп алды.
Перизат Жарылқасынова

(3)