Облыс әкімі әріптесімізге үш бөлмелі пәтер сыйлады

Жамбыл облысының  әкімі Кәрім Көкірекбаеваймақтың әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси өмірінің бел ортасында жүретін журналистермен жүздесуді назардан тыс қалдырған емес. Жыл тоғысында болатын дәстүрлі басқосуды әріптестеріміз де асыға күтеді. Себебі, бұл жиында атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар айтылады. Емен-жарқын әңгіме өрбиді. Лайықты жандарға құрмет көрсетіледі, құшағы гүлге толады.  Игі үрдіс биыл да үзілген жоқ. Өткен аптада Кәрім Нәсбекұлы қаламгерлер қауымын қабылдап, құрмет көрсетті.

Жиында аймақ басшысы биылғы жылдың облыс үшін барынша табысты болғанын атап өтті.

Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жария етілген  жыл жамбылдықтар үшінде жемісті болды. Химия, тау-кен өндірісі саласындағы өнім көлемі  жыл санап артып келеді. Биыл өңір диқандары 1,2 миллион тонна астық жинады.Бұл аймақтағы агроқұрылымдар үшін жоғары көрсеткіш. Сондай-ақ білім беру саласында үстіміздегі жылы 14 мектептің құрылысы қолға алынып, олардың жартысы жаңа оқу жылынан бастап есігін оқушыларға айқара ашты. Соңғы 7 жылда кәсіпкерлердің атсалысуымен облыста ашылған жекеменшік балабақшалардың саны 94-ке жетті. Бұл да жақсы үрдіс. Сонымен бірге, жыл басынан бері облыстың 1225 тұрғыны баспаналы болды. Аймақтың әлеуметтік-экономикалық өміріндегі осынау қыруар жаңалықтарды көпшілікке жеткізудегі бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің еңбегі ерен. Ағымдағы жылы облыста мемлекеттік ақпараттық  саясатты жүргізуге 630 миллион теңге бөлінді, –деді Кәрім Нәсбекұлы.

Жиын барысында аймақтың әлеуметтік-экономикалық өмірін ақпараттандыру ісіне қосқан үлесі үшін бір топ республикалық және жергілікті басылымдар мен телеарналардың тілшілері марапатқа ие болды.

Айта кету керек,  «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, биылғы басқосудың әсері тіптен бөлек болды. Кәрім Нәсбекұлы  әріптесіміз, облыстық «АРАЙ» жастар газетінің фототілшісі Алтынбек Қартабайға қаланың қақ ортасынан 117 шаршыметрлік үш бөлмелі пәтердің кілтін тапсырды. Шынында да, соңғы он жылдың бедерінде бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне билік тарапынан баспана бұйырмаған еді. Оған қоса, облыс әкімдерінің бірде-біреуі тілшілерге дәл осылай тосыннан сый жасамаған болатын.  Міне, пәтерден пәтерге көшсе де, төрт қызына лайықты тәрбие беріп, өнегелі отбасының  ұйытқысы болып жүрген Алтынбек Қартабай осындай бақытқа кенелді. Міне, адал еңбектің әділ бағасы деген осы болар.Бұл сөз жоқ, облыс әкімінің журналистер қауымына деген шексіз құрметі деп білеміз. Осы орайда, «арайлықтардың», Жамбыл журналистердің атынан өңір басшысы Кәрім Көкірекбаевқа шексіз алғысымызды білдіреміз.

Саятхан Сатылғанов

(39)