«Baribar»-да бәрі бар

Сұхбат демеушісі еліміздегі ақпараттық технологиялар саласындағы жетекші компаниялардың бірі — BUGIN GROUP компаниясы.

Қолға алған ісін соңына дейін апаратын тыңғылықты адамдар ғана нағыз күрескер келеді. Солардың ішінде бүгінгі жастардың еліміздің көркеюі жолында бар қажыр-қайратын сарп етуге дайын екендігі көңіл қуантады. Олардың парасат-пайымына, алға жетелейтін талабы мен ілгері бастайтын өрісіне, жастық жігеріне қарап, ертеңгі күні артына өнегелі іс қалдыратындығына күмәніміз қалмады. Толағайлық мінез танытып, қызуқандылықты салқын ақылға жеңдіретін жастарды, қай кезде де үлкен арман жетектеп жүретіні анық.
Сөзімізге арқау осындай жастардың бірі Ербол Серікбайдың бір жылдары қолға алған «Сұрақ-жауап» сайтының дәл бүгінгі таңда рейтингі жоғары «Baribar» атауымен өзгеріп, сапалы контентке айналған-ды.
Ербол Серікбаймен осы мәселе төңірегінде сұхбаттасқан едік.

— «Ербол Серікбай туралы 100 фактты» оқып отырып, «Барлығы мені программист, блогер деп ойлайды. Бірақ менен программист шықпады» деген жазбаңызды көзім шалды. Сонда Ербол Серікбай кім? Өзіңізді таныстырып өтсеңіз.
— Мен ОҚО, Ордабасы ауданы, Темірлан елді мекенінің тумасымын. Үйде балалардың үлкені болғаннан шығар, кішкентайымнан әке-шешем менің тәрбиеме ерекше көңіл бөлді. Жан-жақты болуыма күш салды деп айта аламын. Анам, тіпті, мені музыка мектебіне беріп, 4 жыл баян сыныбында оқытты. Алайда оған қызығушылығым болмағандықтан, менен музыкант шықпады. Бейімім техникаға жақын екендігін түсіндім.
7-сынып оқып жүрген уақытта мектебімізде бірінші рет информатика кабинеті ашылған болатын. Алғашқы компьютерлер келе бастаған. Сол кездері сыныпта көбіміздің қызығушылығымыз осыған ауды. Компьютерлерді шұқылап жүріп, программистік мамандықты оқымаққа бекіндім. 9-сынып бітірген кезім. Үйдегілер мені музыкант болады деп жүргенде, оқуға түсемін деген шешімімді күтпеген де болатын. Содан отбасым қарсы болғандықтан, 11 сыныпты түгел оқуыма тура келді. ҰБТ кезінде физика пәнін таңдап, дегенімнен қайтпай, үйдегілерді көндіріп, Шымкент қаласындағы М. Әуезов атындағы ОҚМУ-де ғылыми информатика мамандығы бойынша білім алдым.
Албырттығымнан болар, сол жылдары математика мен логикалық ойлау жағынан әлсіз екенімді ескермеппін де. 1-курстың өзінде қарапайым үшбұрыштың ауданын шығаратын есепті, тригонометрия формуласын бағдарлама тіліне енгізе алмағандықтан, менен программист шықпайды деген ойға келдім. Себебі өз саламда қарапайым бағдарламаларды шеше алмайтынмын.
3-курста бізде дипломдық және курстық жұмыс ретінде бір жобаны қолға алуға тура келді. Сол кезде орыстардың «Ответы Mail. ru» сайтында қазақ қарындасымның қазақ тілінде қойған сұрағына орыс тілінде жауап берілгенін көріп, неге өз тілімізде сайттың баламасын жасамасқа деген ой келді. Бір апта бойы интернет беттерін ақтарып жүріп, «Question2Answer» атты CMS тауып алдым. Екі күн ішінде қазақ тіліне аударып, CMS-ті қазақтілді аудиторияға бейімдеп, барша қазақтілді қолданушыларға ұсындым. Нәтижесінде «Сұрақ-жауап» сайты пайда болды. Бірақ бұл сайттың бастан-аяқ кодын жазған емеспін. Яғни менен программист шыққан жоқ. Мен бар жазылған кодты өзімізге адаптация қылып өңдеп, соның жемісін көріп жүрген адаммын деп айтсам болады.
— Сайт неліктен «Baribar» атауымен өзгертілді? Байқағаным, әлі де жауапсыз қалатын сұрақтар да жоқ емес. Оған тек журналистерден, сайт қолданушыларынан басқа, сала мамандарын тарту жағын қарастырдыңыз ба?
— Жобамыз биылғы жылдан бастап «Бәрібар» атауымен өзгертілді. Бұрын тек «Сұрақ-жауап» төңірегінде ғана болған болса, қазір сайтымыздың тақырыптық ауқымы кеңейіп, сапалы контент ұсынатын жобаға айналғандықтан, осындай атау бердік.
Алдағы уақытта сайтымызда сұрақ-жауаптар мен контенттер ғана емес, одан бөлек видеоконтенттер мен интернет-дүкендерді қосу жағын да ескере келе, аты айтып тұрғандай, «Бізде барлығы бар» деген мағынада, біз осы жобаға көшкен болатынбыз.
Сұрақ-жауап жағына келетін болсақ, әлбетте жауапсыз сұрақтар бар. Себебі біздің жоба ол «User-generated content» деген принциппен жұмыс жасайды. Яғни, қолданушылардың өзі сұрақ қойып, өздері жауап береді. Біз тек сайттың техникалық жағы мен контенттің сақталып, жылдам ашылуына ғана жауап береміз. Өйткені контентті біз емес, қолданушылардың өздері жасайды. Дегенмен де сайтымызды белсенді қолданушылардың арасында модераторларымыз, редакторларымыз бар. Жауапсыз сұрақтарға кейде журналистеріміз өз білгенімен бөлісіп жатады.
— Жасыратыны жоқ, қазақтілді қоғамға көп жерлерде мүмкіндіктер аз берілген. Сол секілді сайттарда да пиар материалдар мен мемлекеттік тендерді жеңіп алу үшін кездесетін қиындықтар сізді де айналып өтпейтін болар. Осы түйткілді қалай шешудесіз?
— Осы уақытқа дейінгі 6 жыл бойы «Сұрақ-жауап» сайты ешқандай тендерсіз жұмыс істеген болатын. Яғни, күні бүгінге дейін баннерлік жарнама арқылы табыс тауып келдік. Себебі ол кезде сайтта тек өзім ғана жұмыс жасайтынмын.
Өзім редактор, өзім программист, өзім модератор болғандықтан, аса бір шығын бола қойған жоқ. Бірақ сайт қолданушыларына сапалы контент ұсыну үшін, міндетті түрде көмекшілердің, журналистердің керектігін түсініп, қазіргі таңда өз командамызды құрып, санын да көбейтіп жатырмыз.
Біз тек жарнаманың контекссіз түрі ғана емес, соңғы кезде трендтегі мотивтік жарнама арқылы сапалы контент ұсынып, көптеген компаниялармен бірлесіп, ұжымымызды асырап отырған жайымыз бар…
Жақында жаһан жұрты Қазақстанға «жаңа мүмкіндіктер алаңы» деп баға берген болатын. Өз басым кез келген қиындықты жеңуде табандылық керек деп ойлаймын. Жоқтан бар жасап жүрген елімізде талантты жастар жетіп артылады. Кәсіп ашамын, нәсіп қыламын дегендер үшін де мемлекет тарапынан жасалынып жатқан қолдаулар көп. Тек соны тиімді пайдалану жағы ақсап тұр.
— Веб-интернет журналистиканың дамуында алға жылжу бар ма?
— Жоқ деп кесіп-пішіп айтуға болмас. Бұл сала жыл сайын бір жаңалықпен толығып отырады. Жылжу бар, әлі дами түсетіндігіне күмәнім жоқ.

— Уақытыңызды бөліп, сұрақтарымызға жауап бергеніңізге рахмет. Жобаңызға сәттілік тілейміз!

Айман Рамзия

(53)