Мен куә болған Желтоқсан

Сонау 1986 жылғы 16-17-18  желтоқсан күндері Алматы қаласында болған Желтоқсан көтерілісіне арада 31 жыл өтсе де дұрыс баға берілген жоқ деп ойлаймын. Олай дейтінім, сол кезде алаңға шыққан студенттер мен жұмысшы жастардың  бәрі бірдей ақталып болған жоқ! Күні бүгінге дейін мемлекет тарапынан осы оқиғаға толық зерттеулер жасады деп айту қиын. Желтоқсан оқиғасының түп-тамырына тереңірек зерттеулер жасау үшін сол кездегі КГБ-ның архив материалдарымен  жан-жақты танысу мақсатында журналистер мен тарихшыларға ресми түрде рұқсат беру керек. Алаңға шыққан жастардың қаншамасы күні бүгінге дейін ақталмай жүргенін білеміз. Біле білсек, желтоқсанда Брежнев алаңына бойында қазақ деген рухы, намысы бар жастардың бәрі шықты! Солардың бірі мен едім…

«Менің елім», «Атамекен», «Майданға» әндерін айттық

Өкінішке орай, сол кеңестік империяның ызғарлы саясатының құрбаны болып, жоғары оқу орнынан қуылып, КГБ-ның қысымынан Алматы қаласынан жер аударылғанымды біреу білсе, біреу білмейді. Ол кезде КазГУ-дің журналистика факультетінің қазақ бөлімінің 3 курсында оқимын. Әдеттегідей әскери дайындық сабағынан келіп, 5-ші жатақханадағы бөлмемізде демалып отырғанбыз. Ол кезде қазіргідей жылдам ақпарат жоқ. Қазақ радиосының соңғы хабарларынан, Қазақ КСР Орталық Комитетінің Бас хатшысы Д.А.Қонаевтың Мәскеудің пәрменімен орнынан алынып, ресейлік Колбин деген белгісіз біреудің сайланғаны белгілі болды. Басында аса көп мән бермедік. Алайда болашақ журналистер Мәскеудің өктемдігін бірден сезіп, мұның арты қалай болар екен деген пікірлер де айтылып жатты…
Хош, сол күні кешкісін КазГУ қалашығындағы жатақханаларда ертеңгі Брежнев алаңына шығуға шақырған белсенділер қаптап кетті. Желтоқсанның 17-ші жұлдызында Брежнев алаңында жан-жақтан, барлық оқу орындарынан студент жастар жинала бастады. Сол күні алаңда Алтай Нұрманов екеуіміз бірге болдық. Алтай — менің бұрынғы курстасым. Жанұялық жағдайына байланысты сырттай оқу бөліміне ауысып, күндіз бір мекемеде жұмыс істейтін. Біз келгенде алаңға жиналушылар саны көбейіп қалыпты. Алаңдағы мінберді қолдарында қаруы жоқ милиция курсанттары сап түзеп қоршап тұр екен. Әлі есімде, түске дейін толассыз келіп қосылып жатқан шерушілер қарасы бірте-бірте қоюланып, алаңда қозғалу қиынға айнала бастады. Шеруші жастардың қолдарында «Лениннің ұлт саясаты жасасын!», «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасына қазақ басшы сайлансын!» т.б. көптеген транспаранттар болды. Шерушілер «Менің елім», «Атамекен», «Майданға» әндерін патриоттық рухта шырқап, буырқанған теңіздің жал-жал асау толқындарындай күркіреп, мінберге қарай атой сала бастады. Қарусыз курсанттардың шамасы келмей бара жатқан соң, арнаулы жасақтардың алғашқы бөлімдері шамамен бірнеше жүздеген мұздай қаруланған, қолдарына жылтыр қалқан мен резеңке дубинкалар, сапер күрек-терімен қаруланған солдаттар пайда болды. Студенттер мен әскерилердің қақтығысы басталып та кетті… Қас қарая алаңға Алматыдағы зауыттар мен құрылыс компанияларының жұмысшы жастары топ-тобымен қосыла бастады. Міне, сол кезде қақтығыс шиеленісіп кетті. Мінберге шыққан Орталық комитет өкілдерінің қазақшасы шамалы еді… Сол кездегі МВД басшысы генерал Басаровтың «Балам, үйге қайт!» деген сөздерді қайта-қайта айтқаны есте. Біздің алдымыздағы бірнеше қатар жастар мінберге қарай толқындай жылжиды. Алыстан алдыңғы қатардағыларды милициялардың ұстап, сүйрелеп бара жатқандарын байқаймыз. Бір кезде шерушілер алаңдағы әскерилердің жүк көліктерін, өрт сөндірушілердің, үкімет адамдарының қызмет машиналарын өртей бастады. Алаңда әп сәтте нағыз шайқас басталды да кетті. Кейбір ресми машиналар асығыс түрде алаңнан сытылып шығып, қазіргі Достық даңғылына қарай жоғары жылдамдықпен зулап бара жатты… Студенттер мен жұмысшылардың әрекеті салдарынан алаңдағы толқу процесі сағат сайын ушыға түсті… Қазіргі Республика алаңында қарақұрым жиналған өр намысты қазақ жастары сонау ықылым дәуірлердегі батыр бабаларының жалғасындай ширығып, Ақ үйге қарай атой салғанда келімсек Колбиннің сыртқа шығуға батылы бармады. Қызыл империяның соңғы билеушісі терезеден қайсар қазақ жастарына ініне тығылған жаралы жыртқыштай, өшпенділікпен қарап тұрған болатын.

«Сендерді, қазақтарды ату керек!» — деді

Желтоқсанның 17 жұлдызында Алматыдағы Брежнев алаңындағы қазақ жастарының толқуы КСРО империясының шаңырағын шайқалтып, керегесін қисайтып кетті. Біле білсек, 17 желтоқсан — қазақ атты ұлы халықтың қызыл империяның қабырғасын қаусатып, тәуелсіздіктің іргетасын қалаған күн! Иә, желтоқсанда қаншама боздақтар шейіт болды, ондаған азаматтар темір торға қамалды, жүздеген студенттер мен жұмысшы жастар соққыға жығылып, оқудан, жұмыстан қуылды десеңізші! Біле білсек, қазіргі жарқын күндеріміздің бастауы сонау 1986 жылдың желтоқсан оқиғасынан бастау алады! Сол жылы қуғынға ұшыраған азаматтардың көбі күні бүгінге дейін ақталмай жүргені өкінішті-ақ! 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына қатысушы ретінде КГБ мені де көп қудалады. КазГУ-дің ректоратында КГБ-нің сол кездегі өкілдері мен сияқты ондаған студенттердің соңына шам алып түсіп, бірнеше ай бойы тергеді. Журналистика факультетінің деканы Козьменко маған оқудан өз еркіңмен шықсаң, комсомол қатарында қаласың, өйтпеген жағдайда комсомолдан шығасың, сотталасың деп қоқан-лоққы жасады. «Факультеттегі желтоқсаншылардың бәрі тиісті жазасын алды, сен ғана қара дақ болып тұрсың! Тезірек оқудан өз еркіңмен арыз жазып кетуің керек!» — дейді. Сол кездегі факультет комсомол хатшысы, қазіргі белгілі саясаткер Әміржан Қосанов (менің курстасым) маған қанша көмектесуге тырысса да, проректорлар мен оқу бөліміндегілер көнбеді. Ректораттың сұр ғимаратында талай тағдырлар империялық жазалаушылардың таразысына тартылды. Бірде тергеуден шығып келе жатқан маған белгісіз бір орыс оқытушысы мүсіркей қарап: «Сендерді — қазақтарды ату керек!» — дегенін қалай ұмытайын?! «Біздің де күніміз туар!» — дедім ашуымды сабырға жеңдіріп. Ал ішім қара қазандай қайнап, қанаты қайырылған қыранның күйін кештім… Сол сын сағаттарда бүкіл қазақ жастарының, қазақ ұлтының намысы Мәскеудің аяғының астында тапталғанын қалай кешіруге болады?! Сөйтіп, амалсыздан 1987 жылдың ақпан айының соңында, 3 курстың бірінші семестрін тапсырып болған соң, ректордың атына оқудан өз еркіммен шығару туралы өтініш жазып, оның қорытындысын асыға күткенім әлі есімде. 27 ақпан туған күнімде бес жылдық еңбек өтілімен, өз күшіммен түскен сүйікті оқу орнынан «өз еркіммен» шеттетілгенім туралы ректордың бұйрығын алып тұрып, әрі өкініп, әрі амалсыздан қуандым. Қуанған себебім комсомол қатарында қалып, 6 айдан соң оқуға қайта қабылдауға өтініш беруге болады деген, сол кездегі оқу бөлімінің бастығы Павел Сергеевич Просвиркин деген ақсақалдың жұбатуы еді. Өмірде өзге ұлт өкілдерінде де жақсы адамдар болатынын сол кезде білдім. Содан ал жұмыс іздейін. Ауылға баруға бет жоқ, «декабрист» деген ресми орындар жарата бермейтін атауымыз бар. Бір туысқан әпкем АХБК-де партия жетекшісі еді. Жұмысқа орналасуға көмектеспекші болды. Медициналық комиссиядан өтіп, фабриканың жұмыс цехына келсем, менің болашақ әріптестерім кілең қыз-келіншектер екен. Араларында бірлі жарым ер-азаматтар байқалады. Жастық шақтың қателіктері көп қой, қыздармен бір-ақ күн бірге жұмыс істеппін… Сондағы басты сылтау — нәзік жандылармен бірге жұмыс істеуге ұялшақтығым, батылдығым жібермеген екен… Алматы облысындағы Күрті, Бақанас аудандық газеттерінің басшылары да мені желтоқсан оқиғасына қатысым бар екенін білген соң, жұмысқа қабылдай алмайтындарын ашық айтты. Бірде қалалық автобуста белгілі бір ұстаз ағамыз жұбайымен келе жатыр екен. Амандассам, «мен сені танымаймын» деп, теріс айналғанын қалай ұмытайын?! Әрине, сол кезде де жалтақ адамдар болды ғой. Солар қазір арамызда жүр… Әдеттегідей қара шаңырақ — журфактің жатақханасындағы менің оқудан өз еркіммен шығуыма куә болған курстастарыма келе жатып, марқұм ақын, аяулы азамат Қайрат Әлімбеков кездесіп қалды. Қақаң сол кезде енді ғана алғашқы сандары шыға бастаған «Арай» журналында қызметте болатын. Жөн сұрасып, жағдайымды білген соң, «ертең жұмыс орныма кел, мен сені бір жайлы ауданға жіберемін» деді. Уәделескен сағатта Қайрат Әлімбековтың сол кездегі Қазақстан ЛКСМ ОК ғимаратында орналасқан кабинетіне келдім. Қақаң мені өзінің туған жеріндегі Қаратал аудандық газетіне, өзінің бұрынғы ұжымына барып жұмыс істеуге кеңес берді. Қуана келістім. Қайран Қақаң! Аса бір қамқорлықпен, телефон арқылы баратын газеттің редакторына хабарласып, тұратын пәтеріме дейін дайындап берді. Сөйтіп, 1987 жылдың наурыз айының басында сол кездегі Талдықорған облысы, Қаратал ауданы, Үштөбе қаласы, Шевченко көшесіндегі жалдамалы пәтердің есігін жүрексіне қағып тұрдым. Наурыздың қара суығын елең қылмастан, қысқа балақ шалбар ғана киген орыс қожайын тайыншадай итін байлап, есік ашты. Тап-тұйнақтай үй ауласында қосымша шағын там орналасқан. Сол тамнан күлімсірей шыққан сұңғақ бойлы, жылы шырайлы замандас бұрыннан танитын адамдай құшақ жая қарсы алды. Бұл бүгінде белгілі журналист, баспагер Ұлан Оспанбаев екен. Қайраттың орны маған бұйырды. Бір сағаттан соң Қаратал аудандық «Путь к коммунизму», «Коммунизм жолы» газетінің бас редакторы, қазақ ұлтының жанашыры Мәкен Өсербаева апайдың қабылдауында отырдым. Қандай батыл, жанашыр адам еді?! «Бізге сен сияқты мамандар жетіспейді. Қазір өтінішіңді жаз да, нөмірге кезекші бол. Ертең сақманшылар ауылына барып, төлдемеден репортаж жазып кел», — деді. Міне, мені сол сұрықсыз күндерде қолтығымнан демеп, сенім артқан, қылышынан қаны тамып тұрған колбиндік саясаттың зардабынан жеке басы үшін қорықпай қызметке қабылдаған, аяулы апайымызға өмір бойы қарыздармын! Қасиетті Қаратал өңіріндегі осы бір сүттей ұйыған ұйымшыл ұжымда Қараша Қараманов, Әміре Әрінов, Ұлан Оспанбаев, Бақыт, Сәкен Қиқабаев т.б. белгілі журналистермен бірге жұмыс істегенімді мақтан тұтамын.

Қатыгез деканның қаһары

Хош, сонымен, араға жарты жылды салып, Алматыға, КазГУ-ге тарттым. Мақсатым — оқуға қайта қабылдауға ректордың атына өтініш беру. Декан Козьменко бірден қарсы болды. «Сен сияқты ұлтшылдар үшін кемінде 24 айдан кейін ғана оқуға қайта кіруге рұқсат етіледі», — деді. Ал мен студент оқудан өз еркімен шығып, емтихандардан қарызы болмаған жағдайда алты айдан кейін қайта қабылдауға болатынын зерттеп, біліп алғанмын. Деканның орынбасары Ыдырысов Әбілфайыз ағайға жағдайымды түсіндіріп, бар үміт сізде дедім. Әбілфайыз ағай да нағыз батыр адам екен. Басын тәуекелге тігіп, оқуға қайта қабылдау туралы өтінішіме ойланбастан бұрыштама соғып, қолын қойып берді. Арада біраз уақыт өткенде ректораттағы оқу бөліміне телефон шалып, «Сіз оқуға қайта қабылдандыңыз» деген жауапты естігенде қуанғанымды ешқашан да ұмытпайтын шығармын. Жаңа курстастарыммен Қостанай облысында Намазалы Омашев ағайдың басшылығымен ауыл шаруашылығы жұмыстарында болып, үш-төрт күн ертерек сұранып елге, әке-шешеме тарттым. Бар шындықты өз аузымнан естіген олар бір қуанып, бір қуарды. Ол кезде жедел хабарлама тек қана телеграммамен келеді. Таңертеңгісін ауыл почтальоны «Деканат шақырып жатыр. Тез жет!» деген бұйрық райлы телеграмма әкелді. Құстай ұшып Алматы, КазГУ, журналистика факультеті қайдасың деп тартып отырдым. Көкшіл көздерінен ызғар шашқан шовинист декан Козьменко қаһарлы дауысымен:
— Сендей ұлтшыл, алаңдағы бұзақы-лықтарды ұйымдас-тырушыға тек 24 айдан кейін ғана оқуға қабылдауға рұқсат беріледі. Сенің мынауың заңсыз! — деді.
Бұл кезде мен де қарап тұрмай:
— Ондай болса, сіздің бұл әрекетіңіз де заңсыз! Менде емтиханнан ешқандай қарыз жоқ. Сіздің және КГБ-ның, факультет комсоргінің талап етулеріңіз бойынша оқудан өз еркіммен шығып, заңға сәйкес өз еркіммен қабылданып отырмын, — дедім батылданып.
— Жоқ, сен тағы да өз өтінішің бойынша оқудан шығып, екі жыл өткен соң ғана кел! — деді декан құтырған бурадай зіркілдеп.
Сол сәтте маған бәрі бір еді. Жазықсыз көрген қорлығым, мынау алдымда тұрған қатыгез деканның өктемдігі намысымды бір-ақ сәтте қайрап, бойыма еріктен тыс ашу-ызаға толы батылдық пайда болды.
— Мен сізден енді қорықпаймын! Оқудан қайта шығатын ақымақ мен емеспін! Егер мені қудалауды қоймасаңыз, дәл қазір Мәскеуге, Горбачевқа, ЦК-ға, «Правда» газетіне шағымдану мақаласын жазамын! — деп айқайлап жібердім деканның столына жақын келіп. Қатты ашуланғаным соншалық, түйілген жұдырығым қарысып қалыпты… Сонда барып, «ұлы халық» өкілінің жүні жығылып:
— Жарайды, оқуыңды жалғастыра бер. Қалғанын көре жатармыз, — деп күмілжіді.
Козьменконың «көремізі» кейін белгілі болды. Мені тиісті шәкіртақы мен жатақханадан үміткерлер тізімінен сызып тастапты. Үндеген жоқпын. Сол жылы қысқы каникулда ауылға барып, абайсызда аяғымды сындырып алдым. Бүгінде бақилық болған қайран алтындарым — анам мен әкем: «Балам, оқуыңа әзер дегенде қайта қабылданғанда аяғыңды сылтауратып елде жатқаның жарамас. Каникул аяқталғанда бірден Алматыңа тарт!» — деп кесіп айтты. Сөйтіп, қаңтардың қақаған аязында сонау Зайсаннан Өскемен арқылы ұшақпен Алматыға балдаққа сүйене жүріп ұшып келіп, оқуымды жалғастырдым. Сондай қиын-қыстау кезеңде маған өз орындарын кезек-кезек босатып беріп, басыма түскен қиыншылықтарды бөліскен Абай Иманбаев, Халаман Жақыпов, Асыланбек Ғұбашев т.б. аяулы курстас достарымды ешқашанда ұмытқан емеспін… Міне, содан бері арада аттай 31 жыл өтіпті. Бұл менің 31 жылда Желтоқсан оқиғасына қатысып, зардап шегуші ретінде жазып отырған екінші мақалам.

Жылдар өтеді, тарих беттері қалыңдай береді. Өкінішке орай, тарихи оқиғалардың көмескі тұстары толық ашылмағандықтан, бірте-бірте ұмытыла береді. Менің ойымша, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің шығу себептеріне мемлекеттік деңгейде әділ зерттеулер жүргізіліп, зардап шеккен көтеріліске қатысушылардың барлығын ресми түрде ақтайтын заңнамалар қабылдайтын кез жеткен сияқты. Арада ширек ғасырдан астам уақыт өткенде, кезінде қуғын-сүргінге ұшыраған, күні бүгінге дейін  ешқандай ұйымға барып тіркелмеген, тағдыр тәлкегіне түскен  жүздеген азаматтарды ресми ақтайтын мемлекеттік деңгейде арнаулы комиссия құру керек. Адам баласы үшін 31 жыл аз уақыт емес! Осыдан тура 31 жыл бұрын Алматыдағы Брежнев алаңында Ұлы Қазақ Халқының рухын асқақтатқан желтоқсаншылардың әрқайсысы мемлекет тарапынан ресми түрде ақталуға құқылы, кез келген құрметке лайық! Билік тұтқасындағы ұлтжанды азаматтар жоғарыда аталған ұсыныс-пікірлердің жүзеге асырылуына ұйытқы болады деп сенейік. Тарихымыздың бұрмаланбай, таза жазылуы үшін бәріміз жауаптымыз.

Жаңабек Тойбазаров

(22)