mm
«Бақ пен сор», «Біздің ауылдың адамдары», «Тәу етем саған, туған жер», «Шың мен шыңырау» атты кітаптардың авторы. Халықаралық «Қазақстан-Заман» газетінің экономика, спорт, туризм бөлімдерінің меңгерушісі.

  Араб елдері АҚШ шешіміне қарсы

ВВС: «20-дан астам араб елі АҚШ-ты Иерусалим қаласын Израильдің астанасы деп тану туралы шешімін қайтарып алуға шақырды.

Араб елдерінің мәлімдеуінше, бұл жағдай Таяу Шығыста тәртіпсіздіктерге әкеп соқтыруы мүмкін»,— деп хабарлайды. Араб мемлекеттері лигасының сыртқы істер министрлері АҚШ-қа бұдан былай өңірде бейбітшілік орнату жөніндегі сенімді серіктес ретінде қарауға болмайтынын мәлімдеді.

22 мемлекеттің сыртқы істер министрлері бұл мәлімдемені Иордан өзенінің батыс жағалауы мен Газа секторында үш күннен бері наразылық акциялары толастамай тұрған тұста жариялады. АҚШ талай жылдан бері Палестина мен Израиль үшін өте нәзік мәселеде бейтарап саясат ұстанып келген болатын, бірақ Дональд Трамптың сайлау алдындағы уәдесін орындап, Иерусалимді Израиль астанасы деп жариялауы бұл ұстанымнан күрт шегініс болды.

Араб елдері лигасының қарары бірнеше сағаттық талқылаудан соң қабылданды. Оған тіпті БАӘ, Сауд Арабиясы, Иордания секілді АҚШ-тың одақтастары да келісім берген. Қарарда АҚШ мұнымен Израиль-Палестина мәселелеріндегі кез келген бейбіт процестен «ұйымдастырушы және бітімгер ретінде өзін-өзі шеттеткені» айтылады. Израиль Иерусалимді өзінің астанасы деп санайды, ал Палестина Шығыс Иерусалимді 1967 жылғы соғыс кезінде Израиль жаулап алды дегенді алға тартады. Иерусалимде иудаизм, ислам және христиан діндері үшін маңызды киелі жерлер бар.

Израиль 1967 жылғы соғысқа дейін Иорданияның еншісінде тұрған Шығыс Иерусалимді алдымен оккупациялап, 1989 жылы аннексиялады. Бірақ бұны халықаралық қоғамдастық мойындаған жоқ. Шығыс Иерусалимде 330 мың палестиналық және 200 мыңдай еврей тұрады. Олардың қоныстануы халықаралық заңнамаға сәйкес заңсыз делінеді, алайда Израиль тарапы ол елді мекендерді заңды деп атаумен келеді. 1993 жылғы бейбіт келісімге сәйкес, Иерусалимнің статусы бейбіт процестің соңғы кезеңінде шешілуі тиіс еді.

2014 жылы бейбіт процестердің соңғы кезеңі тығырыққа тірелді. АҚШ жаңа ұсыныстарын білдіргенмен, Палестина өкілдері Дональд Трамптың жуырдағы шешімі АҚШ-ты бейбіт процестердің бітімгері ретіндегі рөлінен айырды деп отыр. Жұма күні Трамптың мәлімдемесіне қатысты Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысы шақырылған болатын. Онда Еуропаның бес елі АҚШ-ты БҰҰ қарарларын бұзды деп айыптады.

(10)