mm
Халықаралық "Қазақстан Заман" газетінің жауапты хатшысы, "Біздің сұхбат" бөлімінің редакторы.

Шығыстың шырайын келтірген кәсіпкерлік

«Қазақстан — 2050: «Ауыл — рухани жаңғырудың қайнар бұлағы». «Нұр Отан» партиясы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, «Қазақстан Zaman» газеті мен «Елана» қоғамдық, әлеуметтік-танымдық сайты, «Қазақ радиосының» экспедициясы Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында дәстүрлі түрде іссапармен барлық облыстарда болғаны белгілі. Соның бірі — Шығыс Қазақстан облысы. Сапарымыз облыс әкімі бастамасымен жүзеге асқан «Туған жер» форумына сәйкес келді. Форумда кәсіпкерлерден тек білім саласы үшін барлығы 2 274 605 000 теңге қаржы жиналғанын газетіміздің өткен нөмірлерінде жазған болатынбыз. Экспедициямыздан хабар алған облыстық ауыл шаруашылығы басшысы Асқар Шәкенұлы бізді арнайы қабылдап, Сыдықов Нұрлан Бәтташұлы басқарып отырған Жарма ауданына жеткізді. Оған себеп те жоқ емес. Жарма ауданы Шығыс Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы жағынан алда келе жатқан аудандардың бірі саналады. Облыс бойынша ірі көлемді ауылшаруашылық қожалықтары — «Шалабай» ЖШС , «Қара Адыр» ШҚ, «Мүслім» ШҚ, «Тайлақ» ШҚ, «Sembell» ШҚ, «Дәурен» ШҚ Жарма ауданында орналасқан. «Туған жер» форумында білім саласына қаржылай үлес қосқан жармалық кәсіпкерлер 54 200 000 теңге беріп, ШҚО аудандары арасында үшінші орынға ие болған еді.
Жарма ауданы Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысы Айдын Аңсабаевпен бірге сектор меңгерушісі Ораз Әбітайұлы экспедицияның басында жүрді. Ауданда ауылшаруашылық малдарының генетикалық әлеуетін жақсарту және мал өсіруде ірі көлемді селекция жүргізу бойынша жұмыстар уақыты жүргізіліп жатқанын көзбен көрсету үшін бірден жолға шықтық. Атақты «Қалбатау асыл тұқымды мал зауыты» да Жарма ауданының Жарық ауылында орналасқан екен. Экспедициямызды аты аңызға айналған тарихи зауыттан бастадық.

Газет көтерген мәселе шешімін тапқан жоқ

Аягөз сапарында «Қазақстан ZAMAN» газеті мәселе етіп көтерген, ұрпағымыз үшін құнды «Мамырсу келісімі» болған жерге ат басын тіредік. Мамырсу ─ қазақ халқының 1758-1762 жылдардағы аса ірі дипломатиялық жеңісінің орны. Абылай ханның қатысуымен қазақ, қытай, қалмақ елдерінің арасында Мамырсу келісімі (Қандыжап шарты) жасалған. Өзінің тарихи миссиясына лайықты кешенді ескерткіш орнатылуы керек еді. Газетіміздің Бас директоры Сәуле Мешітбайқызы тарихи орынның құлазып жатқаны жайлы бірнеше рет мақала жазды. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы шыққаннан кейін де «Мамырсу келісімін» кешенді ескерткіш орнатылуы керектігін қайта көтерді. Алайда Аягөз ауданы әкімдігінен газет көтерген мәселеге қандай да бір атқарылар іс-шара жайлы ресми жауап болмады. Осы жолы да аудан әкімінің орынбасары Сүлейменов Болат Серікқазыұлына газетті табыстадық. Алайда бүгінгі күнге дейін тарихи орынның болашағына қатысты нақты атқарылар іс-шаралар жайлы ешқандай жауап болмады.

Ақ бас сиырлар ─ «қазақ бренді»

«Қалбатау асылтұқымды зауыты» ЖШС міндетін атқарушы Ысқақов Серікқали Тоқтарұлы деген азамат екен. Алдымен Жарық ауылдық округы әкімі Наурызбаев Берік Амантайұлы қабылдап, ауылдың тұрмыс-тіршілігімен таныстырды. 900-ге (соның 200-ге жуығы оқушы) жуық адам тұратын Жарықта халықтың тұрмыс-тіршілігі жақсы дейді. Әлбетте, қазіргі уақытта ауылдың басты проблемасы жұмыссыздық екенін, сол себепті жастардың қалаға қашатынын, жоғары оқу орнын бітіріп келген соң ауылға қайта оралмайтынын айтады. Қорада сиыры бола тұра, сүтін сауып алмай, дүкеннен сатып алып ішетін ауыл тұрғындарының селқостығын жасырмайды. Ауыл әкімі Берік Амантайұлының айтуынша, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз етіп отырған «Қалбатау асылтұқымды зауыты» дейді. 137 адам «Қалбатау асылтұқымды мал зауыты» ЖШС-де жұмыс жасайды екен. Бекітілген ауылшаруашылық жерлерінің көлемі — 148 347 га. Оның ішінде егістігі — 9607 га, шабындығы — 8980 га, жайылымдығы — 120 542 га. Шаруашылық өсімдік шаруашылығы саласында дәнді дақылдармен мал азығы дақылдарын өндірумен айналысады.
Ысқақов Серікқали Тоқтарұлы, «Қалбатау асылтұқымды зауыты» ЖШС міндетін атқарушы: Шаруашылық асылтұқымды қазақтың ақ бас ірі қара малын өсірумен және асылтұқымды мал басын сатумен айналысады. Бүгінгі күні 2000 мың бас ірі қара малымыз бар. Таза ет бағытында ақ бас сиырларды «қазақ бренді» деп атаймыз. Ең жоғарғы сапалы ет өнімін береді. Шаруашылық асылтұқымды бұқашықтарды сатумен айналысады. Қазақстанда бірнеше облыс біздің зауыттың бұқашықтарын сатып алып отыр. Алматы облысындағы мал шаруашылықтары жиі алады. Кейінгі екі жылдың ішінде аналық басын көбейттік. Қазіргі уақытта олардың саны 1000-ға жетті. Ендігі мақсат — ұрғашы торпақтарды сатумен айналысу. Сонымен қатар, жылқы малын да ұстаймыз. 1000 бас жылқыны Аягөз ауданында ұстап отырмыз. Себебі қыс мезгілінде жылқы малына біздің аймақ қолайсыз. Біздің зауытта 13-17 айлық бұзаулардың ең жеңілі 370 кг, ең жоғарғысы 585 кг. Кеңес үкіметі кезінде 1450 келіге дейін жетіп, рекорд жасаған, бірнеше жыл қатарынан СССР көлемінде шемпион болған «Бурсук бұқасы» да осы «Қалбатау» зауытынан шыққан.
Серікқали Тоқтарұлының айтуынша, қазіргі уақытта ауылды жерлерде ауыл шаруашылығы мамандары жетіспейді. Соның ішінде зоотехник, селекционер, мал дәрігерлері жоқ. Сонымен бірге, жанар-жағармайдың уақытылы жеткізілмеуі кез келген ауыл шаруашылығы өнімінің дамуына кері әсер етеді екен.

Аршалы туризм орталығына айналмақ

Экспедициямыздың келесі нысаны Аршалы ауылына қарасты «Дәметкен» ШҚ болды. Алматы — Майқапшағай тас жолы өтетін Аршалы өңірі — әсем табиғатымен кез келген жанды қызықтыратын жер. Студент кезімізде Аршалының асханасынан талай дәм таттық. Тас жолдың батысында орналасқан оңтүстік батыстан солтүстік шығысқа қарай Байжан және Алжан таулары орналасқан. Қаракөл көлін көмкеріп жатқан Қаракөл тауы, тауды қына жапқан жасыл түсті тақта тастары, сайаралық шағын тоғайлары алыстан көз тартады. Тау ішінде бұлақтан тоғыз құдық пайда болған. Жаз айында демалушылар құдыққа келіп шомылатын көрінеді. Аршалы мекенін туризм орталығына айналдыру үшін облыс әкімдігі арнайы конкурс жариялаған.
Әмірханов Мерғали Медеуұлы, «Аршалы» ауылының әкімі:
— Қаракөл көлі қазір «Дәметкен» ШҚ иелігінде. Қолынан іс келетін тәжірибелі шаруа қожалық балық шаруашылығымен айналысып көрмекші. Көлдің арғы басынан жаңа үй тұрғызды. Мұнда балық өсірумен айналысатын жұмысшылар тұрмақ. Қазіргі уақытта қандай балық өсетінін анықтап, зерттеп жатыр. Таудың баурайында арнайы демалыс орындарын салу ойымызда бар. Туризм орталығына айналдыру — басты мақсат. Тау суынан, бұлақтардан жиналған табиғи көл. Суы азаймайды, тартылмайды, не көбеймейді.

Елде жеңіл өнеркәсіп дамыса, барлығы ретке келеді

Аршалы ауылына 40 шақырымдай жерде Үшбиік ауылы орналасқан. Үшбиікте асылтұқымды мал өсірумен айналысатын «Қара адыр», «Мүслім» шаруа қожалықтары бар. Мамандардың пікірінше, бұл жерде асылтұқымды қазақтың жартылай қылшық жүнді «байс қойы» шыққан. 1977 жылдары осы ауылдың тұрғыны Биахмет Рахымбайұлы қой тұқымын асылдандыру мақсатында Семей қаласындағы зооветеринарлық институты профессорларымен келісімшартқа отырып, 1994 жылы бес түрлі қой тұқымының нәтижесінде қазақтың жартылай қылшық жүнді құйрықты «байс қойы» деген тип пайда болады.
Мұсагитов Құрманғазы Айтқазыұлы, Үшбиік ауыл әкімі:
— Қазіргі уақытта «байс қойымен» айналысып жатырмыз. Қой етін сыртқы нарыққа шығару — басты мақсатымыз. Биыл 5 мың аналық бас Алматы облысына сатылды. Қой терісінен қыстық тондар тіксе, жүнінен кілем тоқылады. Ең қымбат тон осы қойлардан шығады. Қазақстан бойынша Павлодар, Алматы, Қарағанды, Шымкентте кең таралған. Негізі осы жерде қаланған. Ауылдық округта 22 мың бас. Алайда қазіргі уақытта қой жүніне сұраныс жоқ. Сол секілді терісіне де сұраныс жоқ. Бұрын қытайларға терісін 1200 теңгеден өткізетін едік. Қазір 50 теңгеге де алмайды. Егер елде жеңіл өнеркәсіп дамыса, барлығы ретке келетін еді. Қойдың жүнін қырыққаны үшін 250 төлейсің, ал 50 теңгеге сатасың. Терісін сыпырғанға 500 теңге төлейсің, 150 теңгеге сатасың. «Мал өсірсең, қой өсір, пайдасы оның көл-көсір» деп бекер айтпайды қазағымыз. Қой еңбекті жақсы көрді. Алайда ауылды жерлерде зоотехник пен мал дәрігері жетіспейді. Шопанға деген құрмет жоқ. Кейде қой бағатын шопан таба алмай қаламыз ба деп қорқамыз. Осы мамандықтың абыройы үшін жұмыс істеп жатырмыз.
Экспедицияның екінші күнін Айдын Мадияров басқарып отырған «Sembell» ШҚ-дан бастадық. Кеше ғана Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ техникалық университетін бітірген Айдын бүгін бір қожалықты басқарып отыр. «Sembell» шаруа қожалығы құрылғанына бір жыл толған. Мал бордақылаумен айналысатын қожалықта 1400 бас тұр. 1400 бас малға күніне 7 тонна жем кетеді. 50 бас малды Семей ет комбинаты тапсыру дайындығын пысықтап жатыр. Малдың салмағы 420 келіден кем болмауы керек дейді Айдын. 480-500 келіге дейін жететін ірі қара мал да жоқ емес. 3000 мың басқа көбейту — шаруашылықтың басты мақсаты.
Жарма ауданындағы ең ірі қожалықтарының бірі — «Шалабай» ЖШС. Шалабай ауылдық округінің Шалабай ауылында орналасқан. Қуаныш Сүлейменов басқаратын қожалықта 157 адам жұмыс істейді. Бекітілген ауылшаруашылық жерлерінің көлемі — 42975 га, оның ішінде егістік — 3273 га, шабындық — 2945 га, жайылымдар 35491 га жер құрайды. 3000-ға жуық мал басы бар. Сонымен қатар шаруашылықта «Тұқым шаруашылығы» мәртебесі болғандықтан, жоғары репродукциялы дәнді дақылдар тұқымын өндіреді. Өсімдік шаруашылығы саласында дәнді дақылдармен қатар майлы дақылдар, мал азығы дақылдарын өсірумен айналысады. Ақбас сиыр өсімтал келеді дейді қожалық жұмысшылары. Салмағы 600, 900 келі, 1000 келіге дейін жететін ақ бас сиырлардан тұқым алуға асығатын шағын шаруа қожалықтары жетерлік.
Бауыржан Карипов

(32)