mm
Халықаралық "Қазақстан-Zaman" қоғамдық-саяси газетінің журналисі. Отбасы, білім, мәдениет-өнер бөлімдеріне жауапты.

Панкратовтың қара тізімі

Әдетте Мағжан біртоға, тұйық болатын. Соңғы кездері қандай түлен түрткені белгісіз биофактың ең қарт әрі ең «мейірімді» ұстазы Панкратовқа өрмекшінің торына түскен шыбындай оңбай ұрынды. Бар пәле осы жылы жаңадан қосылған «өсімдіктану» сабағынан басталған еді. Үшінші курс студенттерінің бірінші семестрдегі алғашқы сабағы профессор М.В.Панкратовтан. Студенттер ол туралы өзінен жоғары курстардан аз-кем мәлімет алып үлгерген.
Панкратов — өзі қарт адам. Кеңес кезінен қалған екі-үш орыс профессорларының бірі — осы. Көп жолдастары Одақ тарағанда туған жерлері — Ресей мен Украинаға кетіп жатқанда бұл өз факультетіне деген кіршіксіз таза махаббатының арқасында осында қалып қойды. Содан бері ширек ғасыр өтсе де ол бұл ісіне еш өкініп көрмепті.
Оның студенттер арасында танымал болу себебі орыс болғандығынан емес. Тумысынан кекшілдеу болғанымен, одан да маңыздырағы сырт келбетінде еді. «Адамды сырт келбетіне қарап бағалау дұрыс емес» деп қанша айтқанмен де, Панкратовқа келгенде бұл тәмсіл өзінен-өзі естен шығып кетуі мүмкін. Студенттерге өте жақсы таныс қырық жылдық қара сұр плащын есепке алмағанда, әбден тозығы жеткен қоңыр костюмінен мүңки шығатын қолаңса иіс жанында тұрған кез келген жанның танауына инедей шаншылар еді. Ал онымен аптасына екі рет қауышатын бейшара студенттердің халін айтпаса да түсінікті. Егер Панкратовты көптің арасынан алғаш рет кездестіріп жатсаңыз, оны тек ауылдағы әжелердің бір-екеуінің үйінде ғана сақталған киіздей қоңырқай сақал-мұртынан бірден тани кетесіз. Оның сақал-мұрты тундра талдарындай тығыз болғанымен, төбе шашы түгелге жуық түсіп қалған. Әйтсе де ол ешқашан шляпа не болмаса бас киім кимейді. Бойы ұзын, денелі, бірақ толық емес. Соған қарағанда тамақты талғап жейтіні байқалады. Көптің арасынан еңсесін биіктетіп көрсететін ұзын бойы қартая келе еңкіш тартса да, онысын білдірмей, тік жүруге тырысады. Университеттегі әріптестерін айтпағанның өзінде ол өз балаларымен де сирек араласады. Қарт профессор соңғы рет Саша мен Иринаны осыдан екі жыл бұрын, көршілерінің бірлі-жарымы ғана болмаса, сырт көзге білдірмей өткізген жетпіс жылдық мерейтойында көрген болатын. Содан бері айына бір рет Мәскеумен телефон арқылы байланысатын бұрынғы тып-тыныш тіршілігіне қайта оралған. Оның аудиторияда сабақ өткізу тәртібі де ешкімге ұқсамайды. Бірінен кейін бірі қатар қойылған лекция мен семинардың аралық уақытында студенттердің үзіліске шығытыны кемде-кем. Егер студенттер үзіліске берілген аз ғана мерзімде аудиторияға кіріп үлгермесе Панкратовтың есікті іштен кілттеп, алдында отырғандармен ғана сабағын әрі қарай жалғастыра беретін әдетін бәрі жақсы біледі. Сол үшін де олар екі сағат тапжылмай отыруға өздерін әбден үйретіп алған.
Ол кей топтың студенттеріне «өсімдіктану» сабағынан бергенімен, университеттегі барлығына мәлім ең сүйікті ғылыми тақырыбы — майда жәндіктер тіршілігі. Соның ішінде паразиттер туралы сөз қозғалғанда ішкен асын жерге қояды. Студенттер оны өз арасында ешқашан Панкратов немесе Михаил Васильевич демейді, бәріне ортақ лақаппен «паразит» деп атайды. Оны жұрттың бұлай атау себебі кекетіп-мұқатқысы келгеннен емес. Мүлде басқа. Паразиттерге деген ерекше ықыласының арқасында осылай десе керек-ті. Жоғары курс студенттерінің айтуынша Алматының қақ ортасында орналасқан төрт бөлмелі пәтерінің біреуі паразиттерге толы көрінеді. Онда паразит жәндіктерден: масаның бірнеше түрі, бүрге, қара шыбын, көк шыбын, таракан т.б. көптеп кездеседі.
Кез келген ұстаздың өзіне тән принципі болары белгілі. Панкратовтың принципі — әр семестрде бір топтың арасынан бір студенттің ізіне түсу. Ол студент қандай қасиетіне қарай мұндай мәртебелі «бақытқа» ие болатынын әлі күнге тап басып айтқан жан жоқ.
Студенттер «таптық-ау!» деген түрлі нұсқалар: бәлкім түріне, бәлкім ұлтына, не болмаса киіміне, үлгеріміне… осылардың бәрі жиналып келгенде «нақты мынау!» деп ешкім айта алмайды. Панкратовтың қара тізіміне іліккен студенттердің қатарында түрлі ұлт өкілдері де, түрі жамандары да, үлгерімі нашарлары да, тіпті үздік студенттер де жетіп артылады. Солардың бірі — біз жоғарыда айтқан Мағжан. Басқа пәндерден бірыңғай жақсы баға алуға үйренген ол Панкратовтың құмырсқаның үйіріндей тізбектеп қойған үштері мен өткен аптадағы екісін әлі қорыта алмай жүр.
Бір қызығы, Панкратовтың қара тізіміне кірген студентті ешкім де одан арашалай алмайды. Оған Панкратов тарапынан да, басқалардың тарапынан да рақым жүрмейді. Тіпті, бір кездері декан мен ректордың өзі Михаил Васильевичті өз ырықтарына көндіре алмаған еді. Басшылардың өзі сөзін өткізе алмаған бұның қандай қасиеті бар екенін кім біліпті?! Сол үшін де университеттегі оқытушылар мен студенттер Панкратовтан іргесін аулақ салуға тырысады. Әйтсе де бұл жағдай Михаил Васильевичті ешқашан ойландырып көрмепті.
«Орыс тілі» мен «өсімдіктану» пәндері арасында болатын отыз минуттық үзіліс Мағжан үшін әдеттегідей үш секунд-тық жылдамдықпен зулап өте шықты. Алпысыншы жылғы сары портфелін көтеріп, Панкратов та аудиторияға кіріп келді. Дәл осы кезде жүрегін әлдебіреу бір сәт қарт профессордың үйіндегі спирт толтырылған банканың біріне салып жібергендей сезінген Мағжан өз ызасына өзі тұншығып отыр. Ал Панкратов болса «өсімдіктану» пәнінде өсімдіктер туралы айтудың орнына әдеттегідей екі сөйлемінің біріне паразиттер туралы қосады. Ол сыпайы сөйлеуге тырысқан жаттанды кейпінде қарлыққан даусымен сөзін бастауға кірісті. Оның даусы жаздыкүні әлдеқайдан тап бола қалатын масаның үніндей құлаққа ащы естіледі:
— Сіздер гүлге тек аралар ғана қонады деп ойлайсыздар. Бірақ бұл қате-е-е-е, — ол соңғы сөйлемін әсерлі шықсын деп әдейі соза айтты. — Гүл қауыздарының ішінде, тіпті жапырақ құлақшаларында көзге көрінбес паразиттер тіршілік етеді. Ғажап емес пе?! — деді тұтыққан кейіпте қолдары қалтырай. (Бір нәрсені дәлелдеуге тырысып, күш сала сөйлегенде оның түрі дәл осылай болып кетеді). Ол әрі қарай сөзін жөтеле жалғап:
— Олар деген тұтас бір әлем ғой! Мұны кейбіреулеріңізге көру бақыты бұйырмаған. Өкінішті-і-і. Мәселен, міне, сіз, Мағжан Сәрсенбаевич, айтыңызшы, осыны өз бетіңізше зерттеуге тырысып көрдіңіз бе? — деді тағы да бұрынғыдан бетер қалтырай түсіп.
Гүл ғой түсінікті, «өсімдіктану» сабағына қатысы бар. Ал оның ішінде жыбырлап жүретін паразиттердің бұған не үшін керегін аңдай алмаған Мағжан не деп жауап берерін білмегендіктен үнсіз қалды.
— Вот, сіз тіпті оларды зерттеу былай тұрсын, менен сондай ғажап тіршілік иелерін көру үшін микроскоп сұрап келуге жарамадыңыз.
Панкратовтың бірінші сабағында Мағжан ертерек кетіп қалған-ды. Студенттер оның қасына жапа-тармағай үймелеп алып, микроскоппен бір нәрсеге шұқшиып тұрғанына бұл онша мән бермеген.
— Эврика! — деп жіберді байқаусызда. Ол осы сәтте Панкратовтың қаншама уақыттан бері өзіне неге сонша шүйліккендігінің жауабын тапса да, көп ұзамай дипломына түсетін кілең үштік бағаларын ұмытып та кеткен болатын.
Ал Панкратов болса бұл кезде үшінші курсқа жаңадан қадам басатын студенттерге алдағы жоспарларын дайындап қойған-ды.
Н. Б.

(2)