mm
«Бақ пен сор», «Біздің ауылдың адамдары», «Тәу етем саған, туған жер», «Шың мен шыңырау» атты кітаптардың авторы. Халықаралық «Қазақстан-Заман» газетінің экономика, спорт, туризм бөлімдерінің меңгерушісі.

Көкпарға қиянат жасамайық

Биылғы жылдың қараша айының 3-і күні Алтын төбе елді мекенінде Шыныбек Ғани атты азаматтың  үйлену тойы өтті. Сол күннің ертесінде, яғни 4 қарашада жаппай көкпар басталды. Көкпар ұйымдастырылуы жағынан өте жоғарғы дәрежеде өтті. Дегенмен, «әттеген-ай» дегізер жәйттер де орын алғаны рас. Бұл жерде айтайын дегенім,  ұлттық ойынымыз — көкпар ережесі бойынша, оған тартылатын серке немесе теке сол көкпар өтілетін жерде бата беріліп, сол халық жиналған көкпарханада сойылуы керек еді. Мұнда олай жасалмады.

Аталған көкпар тойы Шыныбек Көпжасар көкеміздің 63 жас пайғамбар жасын ұлықтауға да арналған болатын. Көкпар тойын оның Сәмәт, Ғани, Аман, Бекдәу атты «қасқыр» ұлдары ұйымдастырды. Сол тойға өзіммен бірге еріп барған ұлым Нұрханның: «Сіз пайғамбар жасқа толған кезде мен де осы салт-дәстүрді жалғастырам», — деген сөзі мені марқайтып тастады. Ең бастысы, мен қандай дәрежеде өткізілетін көкпар ойыны болсын, оның әлімсақтан бері қалыптасқан, кезінде бұрынғы ата-бабаларымыздың тартқан көкпар жүйесімен өтілгенін құп көрем. Жарыс ортадағы трибунадағы, яғни шартақтағы микрофон ұстап тұрған бас төрешінің жүргізуімен өткізілгені дұрыс. Сол жақта — шығыс (ш), оң жақта — батыс (б) деп екі мерей белгіленуі керек. Алғашқыда бәрі осылай өткізіліп жүрді де, кейіннен «қума көкпар» деген шықты. Қума көкпардың пайдасынан зияны басым, өйткені ол ойынды ұйымдастырушыларды жағымсыз әрекеттерге баруға итермелейді. Бұл жерде ешқандай спорт жоқ. Мұны басқаша сөзбен айтсақ, ол елден жиналған салым, сыйлық, жүлде, ақшалай-малдай берілетін салым түрлерін халыққа үлестірудің бір жолы деуге келіп саятын әрекет. Менің ойымша, бұл дұрыс емес. Бүгіндері қит етсе көкпар өткізу әдетке айналып барады. Мәселен, жаңа үйленген жігіттер сенбі күні үйлену тойын жасаса, келесі жексенбі күні міндетті түрде жаппай көкпар ұйымдастыруды бұлжымас заңға айналдыра бастаған сынды. Ол алты ай бір жыл бұрын халықтан бата алады. Бұл халқымыздың әдет-ғұрып, салт-дәстүрін қастерлеу, насихаттау тұрғысынан дұрыс десек те, миға қонбайтын тұсы да баршылық. Ол — көкпарға тартылатын серке немесе текеге қатысты мәселе. Ат маманы ретінде менің көкпар тартуға жиі қатысуыма тура келеді. Сонда байқағаным — Алматы облысының көптеген аймағында серке иә теке көкпар болардан бір күн бұрын, тіпті болмаса оның дәл алдында ғана сойылып, ішек-қарны алынып тасталып, оның орнына қапқа салынған бидай, тұз, күріш, құм, қиыршық тас сынды заттар салынады екен. Мұның дұрыс емес екенін, сыртқы жұртқа бұл жағымсыз әсер ететінін айтудай-ақ айтып, бірақ халықтың зердесіне құя алмай-ақ келеміз. Ұлттық құндылығымызға бұлайша қиянат жасау: берісі өзіңді, халықты сыйламау болса, әрісі ата-баба рухы мен аруағы алдында жасалған үлкен күнә деп есептелуі керек деп санаймын. Ендеше, үлкеніміз бар, кішіміз бар, әлгіндей «қума көкпар» өткізуге тыйым салатындай жол іздестіргеніміз жөн болмақ.
Кендебай Әбіш, ат спорты маманы, п.ғ.к., ұстаз.

(7)