«Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы әйел тағдырын шеше ала ма?

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Әлеуметтік және гендерлік ғылыми-зерттеу институтының ұйытқы болуымен ұйымдастырылған шараға жоғары оқу орындарының қызметкерлері, Орталық Азиядағы «БҰҰ-әйелдер» көпмемлекеттілік бөлімінің мамандары мен үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты.
Жиын «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» Халықаралық акциясы шеңберінде өтіп отыр. Мақсат — әйелдердің теңдігіне, қауіпсіздігі мен бостандығына қатысты құқықтар мен қағидаларды жан-жақты талқылау.
Басқосуды Қыздар университетінің Стратегиялық даму және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Алмагүл Құлтуманова ашып, тақырыптың бүгінгі күні өте өзекті екендігін жеткізді.
— Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою — қазіргі күнде өзекті мәселенің бірі. Бүгінгі жиын шеңберінде қарастырылған мәселелерге студенттер қызығушылық танытып, ары қарай осы тарапта зерттеулермен айналысулары қажет. Өйткені әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық әлемнің барлық жерінде таралған және кез келген қоғамда кездесетін жағдай. Нәзікжандыларға қатысты зорлық-зомбылық жасау мәселесі тек нәсілдігін, әлеуметтік ортасын, шығу тегін ғана қозғап қоймай, сонымен қатар басқа жағдайлардан туындайды. Тұрмыстағы зорлық-зомбылық мәселесін дамыған мемлекеттердің өзі жеңе алған жоқ. Бұл құбылысты тоқтату жолдарын қоғам шешуге тырысады. Бұл жайт туралы тек атаулы күндерде ғана емес, күнделікті айтылу керек, — деп атап өтті А. Құлтуманова.
Ал педагогикалық университеттің Әлеуметтік және гендерлік зерттеулер институтының директоры Зәмзә Қодар осы тұрғыдағы өз пікірін білдіріп, осы орайда атқарылуы тиіс жұмыстардың бір парасы жайында баяндады.
Сонымен қатар, басқосу барысында Орталық Азиядағы «БҰҰ-әйелдер» көпмемлекеттілік бөлімінің білімді басқару жөніндегі маманы Гүлназ Иманиязова, еліміздегі БҰҰ өкілдігінің қоғамдық ақпарат департаментінің өкілі Властимил Самек өзіндік ойларымен бөлісті.
Жиын аясында «Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау» тақырыбында пікірсайыс өткізіліп. Қыздар университетінің «Қыз Жібек», «Серт», «Ақ қауырсын» және «Тәуелсіздер Лигасы» атты студенттік ұйымдары тақырып шеңберінде арнайы презентацияларды жұртшылық назарына ұсынды.
Айта кетейік, Қыздар университетіндегі «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы белсенді 16 күн» жобасы 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында жүргізілмек.
Жандар Асан,
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің
Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімінің жетекшісі

(7)