mm
Халықаралық "Қазақстан Заман" газетінің тілшілер қосыны бастығының орынбасары. ҚР "Ақпарат саласының үздігі"

Жаңа жылды тәуелсіздіктен жоғары қою — намыссыздық!

Ресей секілді алпауыт империяның бұғауынан босап, азаттық алған елдер арасында жаңа жылға дәл Қазақстандай құрмет көрсететіндері некен-саяқ-ау. Болса да өз ретімен, аспай-таспай, шығын шығармай тойлауға бейім көпшілігі. Ал бізде ше? Ұлан-асыр той. Қып-қызыл шығын. Тіпті «Тойдың болғанынан боладысы қызық». Кейде жаңа жылға дайындық Мемлекеттік және Ұлттық мерекелер: Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мен Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнін шаң қаптырып кететіні бар. Осыдан кейін жаңа жылдың тасасында қалған азаттық туралы байбалам салдың не, салмадың не, бәрібір!
Биыл да жылдағы сүргін басталып, екі бірдей ұлық мерекені көзге ілмей, жаңа жылға емешегі үзіліп тұратын басшылардың наны жүреді ғой дегенбіз. Алайда ұлтын сүйер ұлдардың тілегі қабыл болып, жағымды жаңалықтың самалы есе бастады.
Таяуда Елордада желтоқсандағы мерекеге орай қаланы безендіру тәртібі бекітіліпті. Соған сәйкес Жаңа жылға дайындық Тәуелсіздік күнін мерекелегеннен кейін басталатыны белгілі болды. (Оған құлақ аспай, өз дегендерін жасап жатқандар көп екенін жасырып-жапқымыз келмейді).
Бізге жеткен ақпарат бойынша, Астана әкімі Әсет Исекешев қалалық әкімдікте өткен аппарат жиналысында осы жайды көпшілікке жариялапты. Әп бәрекелді!
Өздеріңіз куә болғандай, Тұңғыш Президент күні 1 желтоқсанда үлкен деңгейде аталып өтті. Алдағы күндері еліміздің басты мерекесі — Тәуелсіздік күніне арналған безендіру жұмыстары 12 желтоқсанда басталады. Атаулы мереке кезінде Астананы 1280 жалау, 2 жалауша панносы, 64 саябақ элементі және жарық аспаның 1 жиынтығы сәндейді деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ, Отан қорғаушылар монументіндегі су бұрқақтардың орнына жарық диодты инсталяциялар орнатылады. Жарық фонтаны металл каркасының негізінде жасалады. Конструкцияның биіктігі 3,5 метрді құрайды. Жарықтандыру ақ және көк түсте болады.
Ал жаңа жылға дайындық Тәуелсіздік күнін мерекелегеннен соң ғана, яғни 18 желтоқсанда басталуға тиіс. Ол мақсатта шаһарда 25 жаңа жылдық шырша, 12 хоккей алаңы, 15 мұз айдыны, 10 мұз төмпешігі, 2 мұз қалашығы («Astana ЕХPO — 2017» Ұлттық компанясы» АҚ аумағында және Астана қалалық әкімдігі ғимараты алдындағы алаңда) бой көтереді. Бұған қоса 2 жарық панносы, 18 жарық иллюминациясы, 52 жарық иллюминациялық аркасы, 830 панель-кронштейн, 106 КСП, 5 көпір мен көлік жолайрығы орнатылатын болады. 3300 шағын және орта бизнес нысандарының қасбеті, 255 ағаш, 2 қала саябағы мен 1 гүлзар безендіріледі.
Енді Тәуелсіздік мерекесі мен жаңа жылдық дайындықтың арасына көз салсаңыз, екі орта жер мен көктей. Бөлінген қаржы да ала-құла. Тәуелсіздіктен гөрі жаңа жылға деген ықылас күшті ме деп қаласың.
Бұлай айтуымызға Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының ақпараты дәлел. Олар көрсеткен мәліметте: ШОБ кәсіпкерліктері өз еркімен қалада елуден астам шыршаны орнататын болып белсенділік танытқан. Осы бір қылықтарымен-ақ өздерінің ынта-ықыластарының қай мерекеге ерекше ауып тұрғандарын аңғартып қойыпты.
Әріге бармай-ақ қояйық, Астана әкімінің жаңа жылға дайындық тәуелсіздік мерекесінен кейін басталады деген сөзін жырына қыстырмай, өздерінше әрекет жасап жатқан Елордадағы «Керуен», «Рахмет», «Хан Шатыр», «Сарыарқа» сияқты ойын-сауық орталықтарына не деуге болады?! Олар қазірдің өзінде шыршаларды орнатып, безендіру шараларын бастап кетті. Кейбір сауда дүкендері мен базарларда жаңа жылдық сыйлықтар сатылымда тұр. Керек десеңіз, Аяз ата мен Ақша қарға тапсырыс беріп жатқандар қарасы да көп.
Осы жерде айта кетейік, соңғы уақытта әлеуметтік желілерде қаладағы жекелеген нысандардың Жаңа жылға дайындығы мен Тәуелсіздік күнін елеусіз қалдырғанына қатысты бірқатар пікірталас туындаған болатын. Бұл өзі жылда айтылатын сын. Бірақ шыққан нәтиже аз. Осыған орай Астана әкімі өз ойын былай білдіріпті. Сөзінен шарасыздық байқалады.
«Жаңа жылдық шыршаларды Тәуелсіздік күнін атап өткен соң, 18 желтоқсаннан бастап орнатамыз деп жоспарлаған едік. Кейбір жекелеген нысандар шырша орнатып, оны безендіре бастады. Бұған қатысты наразылық білдіргендер бар. Тәуелсіздік күні еліміздің басты мерекесі болғандықтан, басымдылық сол мерекеге беріледі. Шағын және орта бизнес нысандары қаланың мерекелік безендіруін қатаң ұстанатын болсын. Тәуелсіздік күнінде салтанатты және мерекелік шаралар өтеді. Оның арасында каратэ-киокушинкайдан Kazakhstan Open, үстел теннисінен «Seamaster 2017 ITTF World Tour GrandFinal» турнирі, «Күй Қайнары» VI күй тартыс, ҚР Тәуелсіздік күнінен арналған «Тәуелсіздігім — теңдігім, Егемендігім — елдігім!» атты жас ақындар айтысы, кітап көрмесі мен қазақстандық эстрада өкілдерінің қатысуымен дәстүрлі концерттер өтеді», — деп түйіндепті. Қайтеміз, Астана әкімі Әсет Исекешевті де түсінуге болады. Қысқа жіп күрмеуге келмей жатса керек.
Обалы нешік, елорда әкімі аудан әкімдері мен Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысына шағын және орта бизнес өкілдеріне қаланы мерекелік безендіруге қатысты бекітілген жоспарын ұстану туралу түсіндірме жұмыстарын жүргізуге тапсырма жүктепті. Яғни, Жаңа жылға дайындықты Тәуелсіздік күнін атап өткеннен соң ғана бастауға… Ниет дұрыс, пейіл айқын. Бірақ өз дегендерін ың-шыңсыз жасап жатқандарға «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа» болмай тұр.
Алайда қаншама жыл санаға сіңген жаңа жыл біреулер үшін тәуелсіздіктен биік болып тұрғанын өзге қалаларды қайдам, Астананы жаймен аралаған адам сезе қоярына бәс тігеміз.. Астана әкімі бұйрықпен ештеңе өндіре алмас, тек тәуелсіздіктің арқасында байығандар ойланып, алды-артына қараса ғана бір жетістікке жететініміз анық. Әйтпесе бәрі бекер шаруа бола ма деген қауіп бар.

(1)