«Атыңнан айналайын, Қарқаралы!»

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, «Нұр Отан» партиясы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, «ЕлАна» сайты,  «Қазақстан ZAMAN» газеті мен Қазақ радиосының бірлескен «Ауыл — рухани жаңғырудың қайнар бұлағы» атты экспедициясы Қарағанды облысында.

Тарихтың терең қоймасы, Арқаның алтын тәжі атанған Қарқаралыға таяуда жол түсті. Алматыдан Арқаға арнайы ат басын бұрған бас редактор Ертай Айғалиұлымен «Балқантауы» мен мұндалап тұратын, Мәди ақынның жырына арқау болған аңыз мекенге ат басын бұрдық.
Иә, Қарқаралының киелі топырағынан Алаштың айтулы азаматтары мен таланттары туды. Бірегейі — Алашқа ортақ баба — Қаз дауысты Қазыбек би. Таяуда Қазыбек бабаның 350 жылдығы республика көлемінде аталып өтті. Жалпы, ауданның әлеуеті, экономикасы, шаруашылығын сөз етерде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясындағы «Туған жер» бағдарламасына орай жүзеге асқан ілкімді жобаларды тілге тиек етсек жеткілікті. Баба тойын лайықты өткізген, қонақжай елдің ауыз толтырып айтарлық жаңалығы көп екен. Сонымен, біз Қарқаралыдамыз…

Бізді Қарқаралы ауданының әкімі Халел Мақсұтов қарсы алып, бірден ауданның тыныс-тіршілігімен таныстырды. Алдымен, исі қазақ баласын сүйсіндірген, республика көлемінде аталып, Егіндібұлақта өткен Қазыбек бабаның 350 жылдық тойына тоқталды. Ауданның әлеуметтік деңгейін арттырып отырған ауыл шаруашылығы саласындағы озық көрсеткіштерді атады.
Жалпы, Қарқаралы ел экономикасын ілгерілетуге айрықша үлес қосып отырған аудан екені белгілі. Бұл жөнінде аудан әкімі қабылдауында атап өтті. Бүгінгі таңда аудан экономикасын жандандыруда ілкімді шаралар қолға алынды. Аудан атырабында «Арселор Миттал Теміртау» компаниясына қарасты «Өркен-Кентөбе» кеніші, «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС-іне қарасты Қарағайлы байыту фабрикасы және «Абыз» кеніші орналасқан. Аталған өндіріс орындары аудан экономикасының өркендей түсуіне сүбелі үлес қосып келеді. Теректі ауылында «Көктасжал» мыс кен орнын игеру мақсатында ірі индустриялдық жаңа жоба іске қосылды. Кен өндіретін құрылғылар мен қондырғылар Франциядан жеткізілген. Шетелдік мамандар аталған өндірістік техникаларды игеруге жергілікті кадрларды тартып, оларды заманауи қондырғылармен жұмыс істеуге үйреткен.
Көпке белгілі «Алтайполиметалл» тау кен байыту кешені тек ТМД елдерінде ғана емес, әлем бойынша бірінші болып кенді ашық әдіспен өндіреді. Оның үстіне өндіріс жергілікті халықты еңбекке тартты. ««Алтайполиметалл» тау-кен байыту комбинаты — экологиялық таза, қалдықсыз өндіріс орны. Кешеннің толық іске қосылуы әлемде инновациялық кәсіпорындармен теңесе алады. Жылына 3 миллион тонна кен өндіруге қауқарлы. Елбасының Жолдауы негізінде біршама істер атқарылды», — деп атап өтті аудан әкімі.
Сондай-ақ, Қарқаралы ауыл шаруа-шылығы өнімдерін өндірумен айналысатын іргелі аудан болып табылады. Аудан азаматтары мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдауларды тиімді пайдалана отырып, мал басын көбейтуге, асылдандыруға ерекше көңіл бөлген.

Ауыл шаруашылығының ұпайы түгел

Аудан әкімінің айтуынша, ауданда ауылшаруашылық кооператив жұмыстарын жандандыру сәтті жүзеге асып келеді. Мысалы, Егіндібұлақтағы «Балқантау-Агро» мал бордақылау кооперативі Өмірзақ Қабсаттаровтың еншісінде. Кооперативке «50 ауыл» тұжырымы негізінде несие беріліп, ет өндірісін дамытуға күш салған. Отбасылық мал бордақылау алаңы, сүт қабылдайтын пункт, мал сою пункті, мал азығын дайындайтын цехтер жұмысын бастаған. Өз ісін ашып, дамытамын деушілер несие алған.
Айта кеткен жөн, былтыр Қарқаралыда 6 қыстақ, 30 шаруашылық жаңадан ашылып, шаруаларға 76 жер телімі пайдалануға берілген. Мысалы, «Атамұра-Табыс» шаруа қожалығы герефорд тұқымды сиырларды өсіруге күш салса, Мәди селолық округіне қарасты «Оралбек» шаруа қожалығының жетекшісі қазақтың ақбас сиырын өсіруде. Былтыр «Сыбаға» бағдарламасымен 56 млн. теңгеге Павлодар облысындағы «Галицкий» шаруашылығынан 101 торпақ әкелген. Бүгінде бұл торпақтары пайдаға жараған. Ауылдық округтің шаруа қожалықтары ірі қара малын және қой малын өсіруді межелеп отыр. Ол үшін «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламалары арқылы мал алу көзделсе, «Игілік» және «Береке» бағдарламалары арқылы мал бордақылау және мал өсіру үшін арнайы мемлекеттің қаражаты арқылы несиелер алып, шағын кәсіпкерлік ашып жұмыс жүргізу жоспарда тұр.

Ауылына қарап,
азаматын таны

Сол шаруа қожалықтарының көбі Егіндібұлақта. Облыс орталығынан 320 шақырым қашықтықта орналасқан Егіндібұлақ ауылы алғашқыда аудан орталығы болған. Тоқырау жылдары Қарқаралы ауданына қосылған елді мекен құлдырау кезеңдерін өткерді. Десек те, замана көшіне ілескен аудан азаматтарының арқасында дамып, гүлденген. Баба тойы қарсаңында ауылдың әлеуеті біршама артқан. Ауылдың көркейгенін біз Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошановтың жауаптылығы әрі іскерлігіне баладық. Өйткені өңір басшысы той тізгінін жіті қадағалап, абыройлы өтуіне басшылық жасағанын білеміз. Жалпы Қарқаралы, Қарағайлы, Егіндібұлақ өңіріне екі мәрте ат басын бұрып, халықтың тыныс-тіршілігімен етене танысып, аудан әкімшілігіне тиісті тапсырмалар берген болатын. Аудан әкімі Халел Мақсұтов ұжымын сөзден іске көшуге бағыттаған. Нәтижесінде, жалпы ауданның жағдайы жақсарды.
Сөйтіп, біз аудан әкімінің қабылдауынан кейін Егіндібұлаққа жеттік. Бір айта кетерлігі, біздің сүйікті басылым — «Қазақстан ZAMAN» оқырмандарының басым көпшілігі осы ауылдың тұрғындары. Ауыл халқы бізді жылы қарсы алды. Ақсақалдар баба тойының өту барысына тоқталды. «Балқантау» қайырымдылық қоры құрылып, аталмыш қорға облыс пен ауданның мекеме-кәсіпорындарынан, шаруа қожалықтарынан іскер азаматтар мен танымал тұлғалар ақшалай қаржы құйғанын айтты. Ал ауыл жастарының туған жерге ыстық ықыласы мен шынайы сүйіспеншілігін жақсы істерінен білдік.
Егіндібұлақтағы №43 мектептің директоры, аудандық мәслихаттың депутаты Мұхит Адамов: «Әр жылдарда мектеп бітірген жас түлектер екі мектепке, интернат пен село балабақшасына елеулі сый-сияпаттар жасады. Көшелерді көріктендіруге көп еңбек сіңірді. Жастарымыз белсенді», — дейді.
Аймақты көркейтудегі істер ауылға кіре берістегі әрленген «Егіндібұлақ» стелласының маңайынан-ақ көрінді. Ауыл ішіне декоративтік бетон мүсіндер орнатылыпты. «Қазыбек би» ескерткіш-тұғырының маңайына дейін жалғанған жарық шамдар кешкі ауылдың көркіне айналған. Ауыл іші күл-қоқыстан таза. Көшелер тегіс абаттандырылған. Ауыл ақсақалы Амантай Даупбаев: «Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы туған жерге тер төгудің тікелей міндеттеді. Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді», — деп атап өтті.
Той қарсаңында Егіндібұлақтағы Тәттімбет көшесінің бойына 100 түп ағаш отырғызылған. Ауыл тұрғындары өз күштерімен барлығы 1,5 тоннадай күл-қоқысты арнайы орындарға шығарған.
Жастар аллеясы ашылып, пайдалануға берілген. Әсіресе, балаларға арналған жаңа үлгідегі спорттық ойындар алаңы бұқараның игілігіне бұйырған іс.
Елдің өркендеп, дамығаны ауыл-аймақ тұрғындарының қатынауына жағдай жасаған. Бүгінде Қарқаралы ауданы бойынша барлығы 1118 шақырым автокөлік жолдары бар. Оның ішінде, 165 шақырымы — республикалық, 311 шақырымы — облыстық, 632,4 шақырымы — аудандық маңызы бар жолдар. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, барлық жолдарға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, белгіленген кесте бойынша толық аяқталды. Баба тойы қарсаңында бұл жолдар халыққа қызмет етті. Республика халқы тегіс Қарқаралыға ағылды. Жұрт мұнда тек тойды тамашалап қоймай, «Балқантау» өнімдеріне сүйсінген.

Көптің таңдауы — «Балқантау» тұшпарасы

Қарағандылықтар жиі айтатын «Балқантау» шұжықтары мен тұшпарасын біздің де көргіміз келді. Сөйтіп, цехқа бардық. Қарқаралының даласында жайылған малдың етінен жасалатын бұл өнімдер ауыл халқының да сүйсініп жейтін тағамы екен.
Бұл ретте біз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «100 нақты қадам» — Ұлт жоспарында сүт және сүт өнімдері өндірісін өркендетуді тапсырғанын атап өткеніміз жөн. Әсіресе, ет өнімдері экспорты әлеуетін көтеру міндеттелді. Отандық кәсіпкерлікті дамыту мақсатында қолға алынған жобалардың нәтижесінде Егіндібұлақтағы ет өнімдерін шығаратын «Балқантау» цехының бүгінде жұмысы жандануда. Тапсырма аясында былтырдан бастап ауылдық жерлерде өндірістік кооперативтер құруға күш салынуда. Біз ат басын бұрған Егіндібұлақ ауылында аймақтағы алғашқы кооперативтердің бірі былтыр заңды түрде тіркелді. Бұл — «Балқантау» ЖШС-нің өндірістік базасы. Кәсіпорын ет және нан өнімдерін шығаруға маманданған. Кәсіпті дөңгелеткен серіктестік директоры Өмірзақ Қабсаттаров 2014 жылы қолына алған. Мектептің бұрынғы ғимаратын өндіріске бейімдеп, заманауи технологияны тартып, кәсіпорын жұмысын бастаған. Қазіргі таңда «Адал» тауар сертификаты бойынша 15 түрлі ет және нан өнімдерін өндіреді. Қарқаралы мен Қарағайлыдағы дүкендерді толық тағаммен қамтып отыр. Қарағандыдағы 200 дүкенге тауарларын орналастырған.
«Өнім жоғары технологиялық импорттық құрылғыларда жаңа технология бойынша жасалады. Ет тағамдары ешқандай химиялық немесе жасанды қоспасыз дайындалатын болғандықтан, оларға сұраныс жоғары. Облыс бойынша тапсырыстар қабылдаймыз. Ет өнімдерін тасымалдауға арналған арнайы көлікпен цехтан тікелей жеткіземіз. «Жартылай фабрикаттарды дайындау үшін мал етін ауылдастарымыздан немесе Қарқаралы ауданынының тұрғындарынан сатып аламыз. Сондай-ақ, өзіміздің жекеменшік мал шаруашылығымызда өскен малдың еті де пайдаланылады», — дейді кәсіпкер.
Облыс орталығында сауда павильоны бар кәсіпорынның өнімдеріне сұраныс жоғары. Мысалы, шұжық, ет консервілері, тұшпара, котлет сынды өнімдер сұранысқа ие. Қазіргі таңда серіктестік 25 адамды жұмыспен қамтып отыр. «Біз таза ет өнімдерінен тауар дайындаймыз. Сұраныспен қатар, қала тұрғындары сапалы әрі өнімдерге алғыстарын жеткізеді. Бұл біздің еңбегіміздің ақталғаны», — деп отыр цех ұжымы.

Сайлаудың
сан тарау әңгімесі

Егіндібұлақтан қайтар жолда аудан әкімінің орынбасары Сайлау Әлиұлы Қарқаралының тың тарихына қоса, сұлу табиғатын сөзге арқау қылып, жол қысқартты.
«Базарың құтты болсын, ардақты елім, Қоянды ту көтерген думан жерім» дейтін Біржанның Қоянды жәрмеңкесіне келгенде шығарып, шырқаған әнін тілге тиек етті.
Қарқаралы жөніндегі қызықты деректер 1785 жылдардан бастап саяхат жасаушылардың еңбектерінен белгілі. 1824 жылы Ресей империясының әскери бекінісі, яғни Сібір қазақтары дала губернаторлығының әкімшілік-аумақтық орталығы болды. 1868 жылы Қарқаралы маңызды уездік қалаға айналды. Кейін саяси тұтқындар жер аударылып келе бастады. Осы аймақта 1849 жылға дейін Құнанбай Тобықты болысының управителі лауазымын атқарып, содан кейін 1852 жылы аға сұлтан болғаны тарихтан белгілі. Осы аралықта Қарқаралыға мешіт салғызған. Оның үстіне Қарасор көлінің жағасында 1848 жылдан 1930 жылға дейін атақты Қоянды жәрмеңкесі өткен. Бүгінгі таңда Қарқаралының көшелеріне өңірдің тумалары әрі өңірдің дамуында із қалдырған тұлғалар есімі берілген екен. Атап айтсақ, А.Байтұрсынов, Ж.Ақбаев, Ә.Ермеков және Н.Әбдіров, М.Мамраев сынды батырлардың көшесі бар.
Осында жүріп біз Қарқаралы жөнінде тарихи аңыздар естідік. Әсіресе, Қарқаралының көркін ашып тұрған Шайтанкөл жөнінде айтылар аңыз жетерлік.
Айтпақшы, осы Шайтанкөлдің сұлу жаратылысын шебер суреттеген Сәбит Мұқанов 1928 жылы «Сұлушаш» поэмасын осы өңірде дүниеге әкелген екен. 1909 жылы «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» қиссасын орыс жазушысы М. Пришвин осы төңіректе естіп, хатқа түсірген.
Таулы-орманды өлкенің ұлттық табиғи саябағы 1998 жылы құрылған. Саябақта кездесетін аңның 40, құстың 114, өсімдіктің 66, балықтың 8 түрі қорғауға алынған. Қазақстанның Қызыл кітабына енген түрлері де бар екен.
Сөйтіп, Қарқаралының тарихы мен табиғаты, мәдени әлемі, экономикалық өрісі жоғары екеніне көз жеткіздік. Ақсақалдары баталы, азаматтары абыройлы өңірге жоспарланған жұмыс сапарымыз сәтті аяқталды. Қайтар жолды «Келер жылы Мәдиді туған мекенге тағы жол түсер. Құнанбай қажының мешітіне тәу етіп, Шайтанкөлге сәлем берерміз», — деп түйіндеді Бас редакторым.
Қарқаралыға келер жылы кездескенше дедік.

Аяулым Совет,
Алматы – Қарағанды – Қарқаралы

(11)