Қара шаңырақ — ҚазҰПУ «Адалдық Кодексін» қабылдайды

Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық университеті заман талабы мен қоғам игілігіне сай білім берумен қатар, қашаннан-ақ игі бастамалардың басында жүретіні көпшілікке белгілі. Айтсақ, осыдан біраз жыл бұрын аталмыш ұжым студенттер мен ұстаздарға арнап бірнеше бағытта Этикалық Кодекс шығарған болатын. Өзге ЖОО-ларға үлгі боларлық аталмыш Кодекс жайлы сол кезде, бүгінде аталмыш оқу орнының Мемлекеттік және азаматтық құқықтық пәндер кафедрасының меңгерушісі қызметін атқаратын, Заң ғылымдарының кандидаты, доцент Тілеубергенов Еразақ Манапұлымен болған сұхбатымызды жариялағанбыз. Енді міне, қара шаңыраққа басшы болып келгеніне бірашама ғана уақыт өткен, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Балықбаев Такир Оспанұлының бастама ұсынысымен, өзге жоғары оқу орындарына үлгі боларлық, тағы да бір жаңашыл игі жаңалықтан хабардар болдық. Ол «Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық университетінің Академиялық адалдық Кодексінің» қолданысқа енуі еді. Осы орайда, бізге тағы да жоғарыда аты аталған Еразақ Манапұлымен хабарласып, сұхбаттасудың сәті түсті.
— Еразақ Манапұлы, «Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педаго-гикалық университетінің Акаде-миялық адалдық Кодексі» (ары қарай — Кодекс) кімнің және қандай істе адал болуына бағытталған?
— Университетімізге Балықбаев Такир Оспанұлы басшылыққа келгелі, көптеген жаңашылдық идеялар сипат алып, жаңа істер қолға алына бастады. Жоғарыда аталған Кодекс — солардың бірі. Ол ҚР «Білім туралы» Заңына, білім алушылардың оқу үлгерімін бағалау ережесіне, ҚазҰПУ-дың профессорлар мен оқытушылар құрамының Этикалық Кодексі мен студенттер мен магистранттардың Этикалық Кодексіне және университеттегі өзге де қызметтерді реттейтін нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес жасалған. Бұл Кодекс университеттегі «академиялық адалдықты» толыққанды реттеп, қадағалап отырады.
«Академиялық адалдық» —студенттердің жеке басының адалдығы мен білім алу жауапкершілігін арттыратын, оқу үрдісіндегі құндылықтар жиынтығы және студенттердің мінез-құлық принциптерінің жиынтығы. Демек, студенттің белгілі бір білім алу мерзімі ішіндегі ауызша, жазбаша жұмыстары, зерттемелік, іс тәжірибе, зерттеу және өзіндік жұмыстары, жобалары, т.б. зерделеніп, бағаланып отырады деген сөз. Осы орайда ескерте кететін бір жайт, студенттің бағалауға жатпайтын жұмыстарының да бар екендігі. Оларға оқу және шығармашылық мақсаттағы жазылған мақалалары, бейне және аудио жазбалар, қол еңбегі заттары т.б. жатады.
— Демек, «академиялық адалдық» аталуы, бүгінгі қоғамдағы немесе оқу орындарындағы «жемқорлықпен күрес» ұғымынан сәл өзгешерек мән-мағына беретін болып тұр ғой?
— Дұрыс айтасыз, қоғамдағы жемқорлық фактілері жайлы күнделікті ақпарат құралдарынан естіп, біліп жүрміз. Онымен күрес те күн өткен сайын күшейіп келеді. Бірақ осы келеңсіздіктердің түбірі қайдан басталады? Осыған мән беру аса маңызды. Мәселен, баланы жас кезінен бастап әділдікке, мәдениетке, адал еңбек пен имандылыққа, патриотизмге тәрбиелесе, оның өскенде тура жолдан тайқып, пендешілік әрекеттерге бара қоюы екіталай екені бәрімізге белгілі. Дегенмен, осыларды біле тұра, ата-аналар арасында дұрыс тәрбеие бере алмай жататындары аз емес. Сол сияқты, оқуға түскен студент те өзінің келешегін, келешек маман екенін ескере отырып, өзінің және халқының игілігі үшін, оқу орындары тарапынан жасалған талап-тілектерге, ереже-тәртіпке, әсіресе, біз әңгіме етіп отырған білім алу үрдісіндегі «Адалдық Кодексіне» мойынсұнғаны абзал. Өйткені Кодекс жемқорлық әрекеттерге тосқауыл қоюмен қатар, студент бойына адами қасиеттер қалыптастырып, нағыз маман болып шығуына жол ашады.
— Сонда, есейіп кеткен жастарды қандай тәрбие көздеріне сүйеніп тәрбиелемексіздер?
— Тәрбие көздері деумен қатар, нақтылай айтсақ, білім алу, білім беру үрдісі кезеңіндегі «Адалдық Кодексінің» негізгі принциптері деген жөн. Ол принциптер мыналар:
Адалдық, автордың және оның құқықтық мұрагерінің құқықтарының қорғалуы, ашықтық, білім алушылардың құқықтары мен еркіндіктеріне құрмет; теңдік.
Ал енді мақсаты — қазақстандық білім беру деңгейін әлемдік стандартқа сай дамыта отырып, оның тартымдылығы мен бәсекелестігін арттыру. Демек, бүгінде студенттер мен ұстаздар арасында өріс алған бір-бірінен көшіру мен плагиат жасаудың, яғни біреудің еңбегінің ішінен қандай да бір көлемде көшіріп немесе толықтай меншіктеп алу, тағы басқа да көзбояушылықтардың жолы кесіліп, жоғары білікті мамандарды тәрбиелеп шығаруға мүмкіндік тумақ.
— Тағы басқа қандай көзбояу-шылықтар болуы мүмкін?
— Көзбояушылықтарға: Қайта тапсыру немесе студенттің өзіндік жұмысын орындау барысында алғашқы келген тақырыпты қайта қолдану, өзгелермен жасырын келісімге келу, түрлі құжаттардың жалған нұсқаларын жасау, бағалау нәтижелері мен біреудің қолын өзгерту, сынақ тестерінің жауаптарын алдын ала беріп қою немесе сату, емтиханға өзінің орнына басқа біреуді кіргізу т.б. жатады.
— Осы аталған көзбояушы-лықтардың бірімен ұсталып қалған студентке немесе профессорлар құрамына қандай шара немесе жаза қолданылмақ?
— Бұл жалпыға ортақ еңбек ережесінен аса ауытқи қоймаған шаралар. Айтсақ, ескерту, сөгіс, қатаң сөгіс, университеттен оқудан шығару немесе қызметінен босату.
— «Адалдық Кодексінің» нәтижелі болуына тілектеспіз. Сұхбатыңызға рақмет!

Жанбақыт Мерекеұлы

(3)