Іс десе белін буған, тегіне тартып туған Алматы облысының әкімі А.Ғ.Баталов

Жетісу аймағы ежелден-ақ көрген көзді тамсандырған шұрайлы өңір. Тасқа қашалған өлке тарихы мен табиғаттың ең тамаша көріністері осы күнге дейін жетті. Осынау қазыналы өңір тек табиғи байлығымен ғана ерекшеленбейді, сонымен қатар, қазақ халқының ұлт болып қалыптасып, ел болып ұйысуына зор үлес қосқан айтулы ақындарымыз бен батырларымыз тұтас елдің абыройын асқақтатты.
Алматы облысының әкімі А.Ғ.Баталов

Тотыдайын таранған Талдықорған

Жетісу өңірі саналатын Алматы облысы — ел экономикасының қарқынды дамуына сүбелі үлес қосушы ірі орталықтың бірі. Аймақтағы белді-белді өндіріс ошақтары халықтың әл-ауқатын арттырып, тұрмысын түзеуге лайықты атсалысып келеді.
Қолдағы бар статистикалық мәліметтерге жүгінсек, облыс аумағын 2 миллиондай халық мекендеп, 100-ден аса ұлт өкілдері тұрады. Олардың жүздері басқа болғанымен — жүрегі бір, түрлері басқа болғанымен — тілегі бір, ынтымақта, ауызбіршілікте өмір сүріп жатқандықтарына қалайша сүйсінбеске. Бір үйдің баласындай бірліктері жарасып, еліміздің гүлденуі, көркеюі жолында берекелі еңбек етіп, Елбасымыздың «Қазақстан — 2050» стратегиясын ойдағыдай жүзеге асыруға талпыныстары да ерекше.
Облыс басшысы А.Баталовтың негізгі мамандығы — құрылысшы. Содан ба екен, кім білсін, ол өз қызметінде әрдайым құрылыс мәселесіне бей-жай қарамайды. Әсіресе, 170 мыңнан астам халқы бар Талдықорған қаласының өсіп-өркендеуіне жіті көңіл бөледі. Қаланың сәулетіне сәулет қосу мақсатында дизайнерлермен, жобалаушылармен, құрылысшылармен әлденеше рет бас қосып, ақылдаса отырып, қала келбетін түрлендіре түсетін тұрғын үй кешендерін салуды қолға алды. Әрине, тұрғын үй салынатын жерде халыққа қызмет көрсету, мәдениет пен білім ошақтары бой түзейтіні өзінен-өзі түсінікті. Нәтижесінде қаланы көріктендіре түскен келісті де келбетті ықшам аудан бой көтеріп келеді.
Бүгінгі құлпырған, жаңарған Талдықорған қаласы, оның жаңа мөлтек аудандары, мәдени көпшілік орындары, салынып жатқан жаңа театр осы сөзіміздің дәлелі. Жергілікті құрылыс материалдарын кеңінен пайдалану үлгісін көрсетіп, мысалы, Арқарлының тастарымен көше, тротуарларды безендіру де қолға алынған.
Оның үстіне осы өлке үшін дәстүрлі ауыл шаруашылығы дақылдарын егуде халықтың қолдауына ие болып отыр. Соның бірі — қант қызылшасы. Бұрындары аталмыш өңірде қант қызылшасы көп өндіріліп, кейінгі кездері тым кенжелеп қалған болатын. Міне, енді бұл өзекті мәселеге де үлкен бетбұрыс жасалмақшы. Сөйтіп, бүгінгі таңда облыс халқының қантқа деген сұранысы орындалып, енді республика халқын тәтті дәммен қамтамасыз ету бүгінгі нысанаға айналды.

«БІЗ ЕЖЕЛДЕН ҚАРТЫН ҚҰРМЕТТЕГЕН ХАЛЫҚПЫЗ»

Бір қуантарлығы — облыстағы атқарылып жатқан ілкімді істермен қатар, әкімшілік тарапынан аға толқын ардагерлерге, кемтар жандарға, жастарға деген ерекше қамқорлықтың нышанын байқадым. Әрине, қандай да бір жақсылықтың һәм қайырымдылықтың үлкен-кішісі болмайды және ол топқа бөлінбейді. Себебі жақсылықтың аты — жақсылық. Тек жақсылық, қамқорлық жасауға пейілің бұрылып тұрса болғаны.
Мен бұл орайда облыс әкімі А.Баталовтың облыс шаруашылығын өрге сүйреп, ардагерлер беделін арттырып, мұқтаждарын өтеуге деген шынайы ұмтылысын айтар едім. Мәселен, жасы ұлғайып, бойынан қайраты тая бастаған ардагерлердің ауылдық жерлерде тұрмыс-тіршілігі тым қиынға соғатыны айтпаса да түсінікті. Осы орайда облыс әкімінің атына 30-ға жуық арыз-шағым түскен екен. Өтініштерді сарапқа салған облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы Ұлы Отан соғысы ардагерлерін Ұлы жеңістің 70 жылдығы қарсаңында Алматы маңы мен Талдықорған қалаларынан жайлы пәтермен қамтамасыз етуге бел байлады. Оның қариялар кіретін баспананың ішін тұрмысқа қажетті техника, жиһаздармен жабдықтауға талпынысы жұртшылықты сүйсіндірді. Осы игі ісі арқылы ол қазақы тәрбиеден сусындаған азамат екендігін дәлелдеп қана қоймай, ардагерлердің ақ батасын да алып отыр.
Жасыратыны жоқ, кейбір пысықай-лардың «жасы жетіп, қартайған жанға пәтердің қажеті қанша, оларды мәжбүрлеп отырған балалары шығар, ертең дүниеден озғаннан соң иеленіп қалмақшы ғой» деген қаңқу сөздерін де естіп қаламыз. Осындай теріс пиғылда жүргендерге қарата айтқан Амандық Ғаббасұлының мына сөзі көкейге қонымды-ақ: «Біз ежелден қариясын сыйлап, қадірлеп, құрмет тұтып өткен халықтың ұрпағымыз. Қолдағы бар жақсылықты қарияға жасау керек. Ал қай адамның бауыр еті баласына бүйрегі бұрмайды. Әкесінен, я болмаса атасынан үрім-бұтағына пәтер қалып жатса, балалары үшін де үлкен қуаныш емес пе түсінген адамға», — деп тіл қатуы талай өрекпігендердің санасына сәуле ұялатқандай болды.
Қазір облыста 200 мыңнан астам ардагер бар. Олар 900 бастауыш, 16 аудандық және 3 қалалық ардагерлер ұйымдарына біріктірілген. Еліміздегі типтік жобамен салынған «Ардагерлер үйі» жұмыс істеп тұр. «Ата-баба дәстүрі — ұрпаққа аманат», «Әжелер — отбасының берекесі», «Атадан ұлағат», «Келін — отбасының келешегі», «Ақ жаулығы ананың — ақ көрпесі баланың» т.б. шаралар халықтың көңілінен шығып, ғибраты мол жиын деп баға берілді. Елімізге белгілі азамат Ермек Әбілмәжінұлы Келемсейіт облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы ретінде ардагерлер арасында биік беделге ие болып, алуан түрлі шаралардың ұйытқысы болып жүр.
Облыс әкімі барған жерлерінде әкімдер, мәслихат басшыларымен қатар ардагерлер ұйымдары басшыларымен, ақсақалдармен кездесіп, кеңестерде олардың ой-пікірлерін тыңдап, оларды қоғамдық істерге араластыруы үлкендерге көрсетілген құрмет деп санайды.
Таяуда байтақ еліміздің барлық облыстарынан, Алматы, Астана қалаларынан ардагерлер ұйымын басқарып отырған ел ақсақалдары — ардагерлер Кеңесі төрағалары, олардың орынбасарлары Алматы облысы Талдықорған қаласында болып қайтты. Ұшақтың трапынан ел ағаларын қарсы алған облыс әкімі Амандық бауырымыз екі күн олармен бірге жүріп, ардагерлердің республикалық жиналысына қатысып, өлкемен таныстырып, баяндама жасап, ағаларға деген ерекше ықыласын көрсетті. Қонақтар қайтар сәтте ол волейболдан облыс командасын бастап «Жетісу кубогы» халықаралық турниріне қатысып, өзі бас ойыншының бірі болды. Кетерінде ардагерлердің қолдарын қысып қоштасып, қайта кездесер күні жақын болғай деп қонақтарды жолға салды. Бұл да кісі сыйлаудың, қонақ күтудің бір үлгісіндей шырайлы кездесу болды. Осы сапарда Талдықорған қаласының көрікті орындары мен ғимараттарын аралатып, Қаратал өзенінің жағалауында, «Жастар» саябағында, Журналистер үйінде, Оқушылар сарайында, Жастарға қызмет көрсету орталығында болып, Көрме павильонын көрсетті. Жаңадан салынған салтанат десе, нағыз Салтанат сарайының тұңғыш қонақтары бүкіл Қазақстанның ардагерлері болды.

ОБЛЫСТЫҢ ҚАРЫШТЫ ҚАДАМДАРЫ

Осы сапарда біздің және бір байқағанымыз қай ұжымға барсақ та облыс әкімі азаматтардың, басшылардың атын айтып, шұрқырасып амандасып, жағдайларын сұрап жатты. Концерт қойған артистердің бәрінің атын айтып, қағылездігін байқатты. Олардың қайсыбіріне музыкалық аспаптар алып берген, кейбіреулеріне пәтер т.б. жағдайларына көмектескен. Бір сөзбен айтқанда, халқына жақын әкім екендігіне көзіміз жетті.
Ол — атақты құрылысшы. Алматы қаласындағы белгілі ғимараттарды салған, не салуға қатысқан. Оқушылар сарайын тағы басқа да ірі құрылыстарға қолтаңбасы қалған құрылысшы осы А.Баталов мырза еді. Осы дәстүрді Алматы облысында 4 әкімнің орынбасары болып, ұзақ уақыт жұмыс істеген жылдары да паш етті. Талдықорған қаласында мұсылман қауым ғибадат ететін орын — Алланың үйі — мешіт ашып, жамағаттың ықыласына бөленгені және бар. Сондай-ақ, облыстағы экологиялық ахуалды жақсарту жолында да игі қадамдар жасалып жатыр екен. Айталық, Балқаш көліне құятын өзендердің арнасын кеңейтуге күш салып, күтімсіздік салдарынан сағасын балшық басқан өзендерді тазарту мәселесін қолға алуы оның іскерлігін айқындап, табиғатқа, адамзатқа жасалған қамқорлық екенін көрсетуде.
Жалпы, А.Баталов туралы айтқанда, өңір жұртшылығының оны үнемі іс үстінде көретіні, үнемі қауырт шаруалардан қолы босамай, үнемі тың бастамаларға мұрындық болатыны туралы әңгімелерінің жаны бар екен-ау деп те қаласың. Облысқа инвестиция тарту, өңірдің білім саласының жұмысын жолға қою, білім мекемелеріне арнап жүргізіліп жатқан құрылыстың қарқынын арттыру, білім саласына бөлінген қаржының тиімді жұмсалуын қадағалау, осымен бір мезгілде бұл саланың өркендеуіне қаржыны аямау немесе жетім-жесірлерге, қамқорлықсыз қалған балаларға жағдай жасау тәрізді және басқа әлеуметтік мәселелер әкім назарынан тыс қалмағаны байқалады. Бір оқу жылында өңірдің 167 оқушысы халықаралық білім олимпиадаларының жеңімпаздары жүлдегері атануы, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға 100 пәтердің сатып алынып берілуі, «Мектеп алаңы» деген жоба аясында 80-нен астам спорт алаңының салынуы, бұдан бөлек «Мектеп ауласы» деген жобаның қолға алынуы осындай қамқорлықтың нәтижесі болса керек. Биылғы жылдың өзінде өңірде 35 мектеп, жүзге жуық балабақша пайдалануға тапсырылады деп күтілуде. Еліміздегі инвестицияның жаңа бағыты мемлекеттік-жекеменшіктік әріптестік осы объектілерді салуда да кең өріс алады.
Амандық Ғаббасұлы бұл өңірге басшы боп келмес бұрын үлкен өмір жолынан өтіп, жұмыста шыңдалып, ысылған азамат. Басқа жауапты қызметтерін былай қойғанда, тек осы өңірдің өзінде облыс әкімінің орынбасары, бірінші орынбасары болып 13 жыл еңбек етіпті. Демек, облыстың ішкі-сыртқы мәселелерінен терең хабардар. Сондықтан Елбасы сенім білдірген облыстың бірінші басшысы қызметіне келген күннен бастап жұмысқа бел шеше кірісіп кетті.
Алматы облысының көршілес алпауыт ел Қытаймен шекаралас жатқанын жұрттың бәрі біледі. Осында «Қорғас — Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істейді. Бұл экономикалық аймақ, аты айтып тұрғандай, Қытаймен барыс-келіс, алыс-беріс мәселесінде маңызды рөл атқарады. Осыған байланысты ондағы нысандардың дер кезінде іске қосылып, кідіріссіз жұмыс істеуі өмірдің өзінен туындайтын қажеттілік. Мұны жете түсінген әкім экономикалық аймаққа ат басын бірнеше рет бұрып, құрылыс барысын қадағалады. Түрлі сала басшыларымен кездесулер өткізіп, келіссөздер жүргізді. Сөйтіп, жалпы құны 74 млрд. болатын «Құрғақ порт» құрылысы жобасының мерзімінде тапсырылуына мұрындық болды.
Бұдан бөлек, Амандық Ғаббасұлы-ның Алматы қаласының маңынан азық-түлік белдеуін құруда жауапты міндеттер жүктеліп отырған Қарасай ауданында үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында «TerraNova» зауытының ашылуына әжептәуір еңбек сіңіргенін айтқанымыз жөн. Бұл идея әу баста Елбасының Жетісу жеріне жасаған жұмыс сапарында айтқан келелі әңгімесінен туындаған еді. Президент өңірге инвестиция тартудың мүмкіндігі мол екендігіне баса назар аударған болатын. Көп ұзамай «Алматы облысының инвестициялық мүмкіндіктері» тақырыбында келелі кеңес өткізген облыс басшысы инвесторларға қолайлы жағдайлар жасалатынын хабарлады. Мына кәсіпорын соның жемісі. Кәсіпорынды ашу салтанатында зауыттың лентасын қиған облыс басшысы былай деген еді: «Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев индустриялды-инновациялық даму бағдарламасына ерекше екпін беріп, өнеркәсіпті өркендету туралы тапсырма жүктеген болатын. Соларды орындау шеңберінде жүзеге асырылып отырған жоба облыс экономикасының дамуына үлес қосады деп ойлаймын. Алкогольсіз өнімдер мен ауызсу шығаратын зауыттың құрылтайшысы — «Қазақстан коммерция» АҚ кәсіпорынға 3,5 млрд. теңге инвестиция салды. Ал біз кәсіпкерлерге инфрақұрылымды қамтамасыз ету тұрғысында қолдау көрсететін боламыз».
Облыс тұрғындарын көгілдір отын — газбен қамтамасыз ету мәселесі де біртіндеп шешімін тауып келеді. Атап айтқанда, «Алматы — Байсерке — Талғар» газ құбыры іске қосылды. Бұл жұмыс Елбасы Жолдауында көрсетілген тапсырманы іске асыру аясында жүргізіліп отыр. Көгілдір отын 380 мыңға жуық халқы бар 60-тан астам елді мекенді қамтиды және одан әрі дами береді.
Азық-түлікпен өзін-өзі қамтамасыз ету жөнінен де өңір басқа жерлерге үлгі-өнеге бола алатынына көзіміз жетеді. Өйткені облыс аграрлы өңір болғандықтан, негізгі тұтыныстағы азық-түлік түрлері өздерінде өсіріледі. Жыл сайын күзде азық-түлік жәрмеңкесін өткізу дәстүрге айналған. Үлкен мегаполис саналатын Алматы маңында азық-түлік белдеуін дамыту қолға алынып отыр.

«Таудың да төбесінде аспан бар…»

Амандық Баталовтың облыс басқаруды қолға алған алғашқы жылдардың өзінде Президент алға қойған тапсырмаларды тап-тұйнақтай етіп орындап, жоғарыда айтылғандай, халықтың көңілінен шығатын талай игілікті істердің басын қайырып, елдің алғысына бөленуінің сыры неде екен деген ой келеді. Қарап отырсам, мұның бірнеше себептері бар екен. Біріншіден, А.Баталов — тәжірибелі басшы. Ел басқару, халықпен жұмыс істей білу ісіне тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан араласа бастады.
Тәжірибе демекші, жастау шағында, яғни өткен ғасырдың 90-жылдарының бас кезінде Алматы қаласының бір ауданына басшы болып тағайындалғаннан кейін, ол кезде көзі тірі әкесі Ғаббас ақсақалға: «Әке, мен бастық болдым!» — депті мақтаныш сезіммен. Сонда жетімдіктің тақсыретін тартып өскен, ашаршылық, соғыс жылдарын да бастан кешіп, кәдімгі қара жұмыстың талайын атқарып, ақырында қарақалпақ елінің ауыл шаруашылығы саласын сол ел деңгейінде басқарып зейнетке шыққан, өмірден көргені де, түйгені де көп Ғабекең ұлына қарата былай деген екен: «Таудың да төбесінде аспан барын ұмытпа, балам. Елді ойла, халыққа қалтқысыз қызмет ет. Сен енді адамдардың тағдыры үшін жауап бересің. Ашулы кезіңде шешім шығарма. Алдымен сабырға кел, содан кейін барып шешім жаса. Жұрттың наласына қалудан сақ бол. Егер басшы болдым екен деп дандайсып, халықтың көңілінен шыға алмай, көпшілік сыртыңнан күңкіл таратса, онда арғы аталарың Шәңкі бидің, Меңдеке батырдың рухтарына көлеңке түсіргенің».
Иә, Ғабекеңнің өзі де, тегі де осал жандардан емес. Арғы атасы Меңдеке батыр болған. 17 жасында қазақ жеріне шапқан қалмақтарға қарсы соғыста ерен ерлік көрсетіп көзге түскен. Одан туған Шәңкі қара қылды қақ жарған әділдігімен, данышпан ақылдылығымен, сұрапыл шешендігімен өз дәуірінде шоқтығы биік болып, Шәңкі би атанған. Шәңкі би мынадай кесім жасап, соған жұрттың бәрі тоқтапты дейтін әңгімелер ел аузында көп сақталған. Ол жөнінде қазіргі әдебиеттерде де бірсыпыра айтылады. Ғаббас ақсақалдың өзі «Өзімді өзім тани білсем» деген кітабында: «Тәтемнің (Шәңкі биді халық қатты құрметтеп, осылай атап кеткен. — Ө. О.) әділдікпен бітірген дауда айтқан сөздері өте көп. Торғай, Атбасар, Нұра, Ақмола, Ереймен, Ертіс, Баян ауыл, Көкшетау, Омбы, Қызылжар, Бағылан, Қостанай төңірегіндегі елдердің ірі жиынында талай рет суырыла сөйлеп, кесімді, әділ шешімдер шығарған… Шоқанның әкесі Шыңғыс тәтемді қатты сыйлаған. Өзі шеше алмаған дау-дамайды тәтеме аударып отырған… Сәбеңнің (Сәбит Мұқанов) «Аққан жұлдыз» романынан Шыңғыстың басын керей елінің Есеней бастаған қарсы тобынан аман сақтап қалуда Шәңкінің әсері болғанын әбден байқауға болады».
Бұл арада Шәңкі би айтты деген тұжырымды ойлардың бәрін тізбелеуді мақсат етіп отырған жоқпыз. Ол кісінің көрегендігін, сенімді, нық сөйлейтініне дәлел ретінде ғана мысал келтірейік. Замандасы Тоқсан бимен әңгіме үстінде Доғалақ деген ағайынмен араз, халыққа зорлықшыл, ұрлықпен де шұғылданатын баласына көңілі толмай: «Әй, Шәңкі-ай, мені менен сенен өзімізге тартып бала тумады ғой», — дегенде Шәңкі: «Тоқсан би, сенің балаң сен болмайды, менің балам мен болмайды, біздер бұл дүниеден өткен соң, олар да өз қатарынан кем болмайды», — депті. Айтса айтқандай, өзінен туған баласы Төкіш болыс болып, ел басқарған.
Екіншіден, осындай текті аталардан тамыр тартқан А.Баталовтың бойында да әулеттен тарайтын ізгілікті қасиеттер аз емес. Амандықтың алмағайып кезде атойлап алға ұмтылатын батырлығы мен батылдығына Қызылағашты су басқан қайбір жылдары халық куә болды. Сол бір қайғылы күндері етігімен белуардан су кешіп, ауыл тұрғындарының арасында жүрген Амандықтың бір өзі бес-алты адамға араша түсіп, ағындының арасынан алып шыққан еді. Кейін бір үлкен жиында осы оқиғаны тілге тиек етіп, көзіне жас алған адам бұл ерлігі үшін Амандыққа отбасының атынан алғыс білдіріп, оған ат мінгізетінін жариялады. Ол А.Баталов көпшілікке ел алдындағы азаматтық борышын көппен бірге өтегенін, оны ерлік деп есептемейтінін түсіндіруге тырысты. Міне, бұл оның ұлық болса да кішік бола білетін қарапайымдылығының және бір көрінісі.
Қысқасы, өзіне үміт артқан Елбасының, облыс халқының сенімін ақтауда аянбай еңбек етіп келе жатқан Амандық Ғаббасұлының тынымсыз тіршілігінен қомақты нәтижелер көргендей болып, ел игілігі және өзі басқарып отырған өңірді көркейту жолындағы қызметіне сүйсінумен бірге қолға алған ісінің мұнан былай да сәтті бола беруін тіледік.

Өмірзақ Озғанбаев,
Қазақстан Ардагерлері қауымдастығы төрағасының
орынбасары, профессор

(3)